Футзалдан Қазақстан құрамасы 8 қыркүйекте Аргентинамен жолдастық кездесу өткізеді

0
390

Кездесу елорда уақытымен сағат 19:00-де басталады.


Футзалдан Қазақстан құрамасы 8 қыркүйекте Аргентинамен жолдастық кездесу өткізеді

ERNUR.KZ. Ертең, 8 қыркүйек күні Алматы қаласында футзалдан Қазақстан мен Аргентина құрамалары арасында жолдастық матч өтеді, деп жазады inform.kz.

Кездесу елорда уақытымен сағат 19:00-де басталады.

Футзалдан Аргентина құрамасы әлемде тәжірибелі команданың бірі саналады. Олар дүбірлі додаға 10 мәрте қатысты. 2016 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алса, 2021 жылы қола жүлдеге қол созды. Оңтүстік Америка құрлығында үш мәрте жеңіс тұғырына көтерілген.

Айта кетсек, биыл 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатында ел құрамасы Испания, Ливия және Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады.

Ал Аргентина құрамасы С тобында Украина, Ауғанстан және Анголамен шеберлік байқасады.

Аталған сында ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасының тізімі белгілі болды. Атап айтқанда, қақпада Нарун Серіков, Леонардо Игита болса, ойында Арнольд Кнауб, Ринат Төреғазин, Ақжол Дәрібай, Әбдірасул Әбдіманапұлы, Азат Валиуллин, Лео, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашит, Дуглас Жуниор бар.

Бұл - ел құрамасының әлем чемпионаты алдындағы соңғы жолдастық ойыны.

Қазақстандық футзалшылар бұдан бұрын Тәжікстан құрамасымен екі мәрте жолдастық кездесуде 4:3, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Одан кейін Иран құрамасын алдымен 3:0 есебімен тізе бүктіріп, одан кейін 1:1 есебімен тең түсті.