Париж-2024: Қазақстандық жүзгіш Ксения Игнатова Олимпиаданы аяқтады

0
414

Ол 100 метрге шалқалай жүзуден сынға түскен болатын.


Париж-2024: Қазақстандық жүзгіш Ксения Игнатова Олимпиаданы аяқтады

ERNUR.KZ. Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін жүзу спортынан Қазақстан құрамасының өкілі Ксения Игнатова Париж Олимпиадасында бақ сынап, жарысты жүлдесіз аяқтады, деп жазады inform.kz.

Ол 100 метрге шалқалай жүзуден сынға түскен болатын. Отандасымыз аталған қашықтықты 1 минут 2,51 секунд бағындырып, мәреге екінші жеткенімен, бұл нәтиже жартылай финалға шығуға жеткіліксіз болды.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 1/2 финалға үздік нәтиже көрсеткен 16 спортшы өтті. Ал Игнатова 26-орынға табан тіреді. Енді Париж Олимпиадасында тағы бір қазақстандық жүзгіш Әділбек Мусин бақ сынайды. Ол 100 метрге еркін және баттерфляй әдісімен жүзуден сынға түседі.

Естеріңізге сала кетейік, Париж қаласында алауы тұтанған XXXIII жазғы Олимп ойындарында жалпы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан спортшылары төрт жылдық додада спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алған болатын.

Қазірше Қазақстан қоржынында 1 алтын, 2 қола медаль бар. Олимпиада ойындары 11 тамызда мәреге жетеді.