Тарихи жүлде жеңіп алған қазақ балуанды әуежайда дүркіретіп қарсы алды

0
824

Ризабек 92 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанып, боз кілемде қазақ елінің абыройын асырды.


Тарихи жүлде жеңіп алған қазақ балуанды әуежайда дүркіретіп қарсы алды

ERNUR.KZ. Еркін күрестен Сербия елінің астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында бақ сынаған қазақ балуандары елге оралды. Олардың қатарында ел тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан мен қола жүлдегер Азамат Дәулетбеков те бар. Жанкүйерлер мен күрес жанашырлары балуандарды зор қошеметпен қарсы алды, деп жазады vesti.kz.

Ризабек 92 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанып, боз кілемде қазақ елінің абыройын асырды. Ал Азамат 97 келіге дейінгі салмақта қола жүлдемен қоса Париж Олимпиадасы жолдамасын еншілеп келді.

Күрес жанашырлары қос балуанға қымыз, бауырсақ ұсынып, иықтарына шапан жапты. Ал қарсы алуға келген халықтың қарасы көп болды.

"Үлкен қошеметпен қарсы алып жатқан еліме алғыс айтамын. Өте күшті сезімде болып тұрмын. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл менің арманым еді. Отандастарыма осындай сәтті сыйлағаныма қуаныштымын. Қарсыластар осал болған жоқ. Шешуші белдесуде барымды салдым. Соңына қарай шаршағанын байқадым. Сол сәтті ұтымды пайдаландым деп ойлаймын", - дейді балуан.

97 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер атанып, Париж Олимпиадасы жолдамасын иеленген Азамат Дәулетбеков те жанкүйерлеріне алғысын айтып, Ризабектің жетістігін ерекше атап өтті.

"Ризабекке ризамын. 19 жасында әлем чемпионы атанып, алғаш болып әлем чемпионы атанды. Жасөспірімдерге үлгі, бізге мотивация сыйлады", - дейді Азамат.

Жанкүйерлер қос балуанмен естелік суреттерге түсіп, құрмет-қошемет көрсетіп қайтты.