Оннан астам адам өзара сөзге келіп, жаға жыртысқан.
Фото: скриншот
ERNUR.KZ. Талдықорған қаласының 8-шағынауданында түнде ер адамдар арасында болған бұзақылық видеоға түсіп қалған. Желіде тараған таспаға қатысты Жетісу облыстық Полиция департаменті ресми пікір білдірді. Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрлардан кемінде 12 адамның өзара сөзге келіп, жаға жыртысып жүргенін көруге болады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары аталған заңбұзушылықты тіркеп, жауапты тұлғаларды анықтау жұмыстарын бастап кетті.
«Аталған дерек бойынша полиция тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын және қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралар кешені жүргізілуде», – деп хабарлады Жетісу облыстық ПД баспасөз қызметі.
Өңірлік полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, тергеу аяқталған соң оқиғаға қатысушылардың әрекетіне сәйкес процестік шешім қабылданатын болады.


