Ұсталғандардың 40-ы есірткі таратты деген күдікке ілінген.
Фото: BAQ.KZ
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі ата-аналарды жасөспірімдердің мінез-құлқы мен араласатын ортасына мұқият назар аударуға шақырды. Оқу жылы басталғалы есірткі қылмысына қатысы бар 69 кәмелетке толмаған бала ұсталған, деп жазады baq.kz.
Ведомствоның мәліметінше, полиция еліміздің мектептері мен басқа да білім беру ұйымдарында 16 мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізген. Оның 5 мыңнан астамы педагогтер, психологтар және дәрігер-наркологтардың қатысуымен ұйымдастырылған.
Ұсталған жасөспірімдердің 40-ы есірткі өткізді деген күдікке ілінсе, 27-сі есірткіні аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікке алынған. Тағы екі жасөспірім есірткіні жарнамалау және насихаттау бойынша ұсталған. ІІМ олардың 52-сі ұл, 17-сі қыз екенін хабарлады.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов ата-аналарға балаларынан ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуына, телефон мен хат-хабарларын жасыруына, күмәнді скриншоттарға назар аударуға кеңес берді.
Оның айтуынша, есірткі айналымына қатысы болуы мүмкін белгілердің қатарында түрлі түйіншектер, пакеттер, изолента және электронды таразылардың кездесуі бар.
ІІМ Қазақстанда есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын еске салды.


