Астана Халықаралық студенттері ЖИ саласында жаңа жобалар ұсынып, әлемдік қызығушылық тудырды.
суретте: Астана Халықаралық университетінің байқауға қатысқан студенттері
Еліміз жасанды интеллект технологияларының дамуына ерекше мән беріп, халықаралық деңгейде ғылым мен инновация саласында белсенді қадамдар жасауда. Университеттерде жас ғалымдар мен студенттердің зерттеулері тың жаңалықтарымен ерекшеленіп, түрлі халықаралық жобалар мен байқауларда жоғары нәтижелерге жетуде. Бүгінгі таңда ЖИ технологиялары денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өндіріс және басқа да салаларға терең еніп, тиімділікті арттыруда маңызды рөл атқаруда.
Осындай жетістіктердің айқын мысалы – Астана халықаралық университетінің студенттері. Олар жасанды интеллект және қолданбалы математика саласындағы халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, топтық және жеке жобаларын сәтті қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жас ғалымдар ұсынған тың шешімдер әлемдік деңгейде назар аудартып қана қоймай, Қазақстанның ғылым саласындағы әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.
Конференцияда Астана Халықарылқ университетінің студенттерінен құралған топ «COVID-19 таралуын болжау үшін машиналық оқыту модельдерін енгізу» тақырыбында зерттеу жұмысын ұсынды. Бұл жоба денсаулық сақтау саласында маңызды шешімдер қабылдауға көмектесуге бағытталған. Яғни, түрлі деректерді пайдаланып, пандемияның таралу мүмкіндігін болжауға болады. Қалай тарайды, қанша уақытта және қандай аумақтарды қамтитыны туралы нақты статистикалық ақпаратты көрсете алады. Жасанды интеллект технологияларының көмегімен бұл жүйе індеттің таралу жылдамдығын, қауіпті аймақтарды және науқастар санының болжамын да анықтауда жоғары дәлдікке қол жеткізеді.
Жобаның басты ерекшелігі – оның қолжетімділігі мен тиімділігі. Алгоритмді деректер базасына қосу арқылы денсаулық сақтау мекемелері алдын алу шараларын дер кезінде қабылдай алады. Сондай-ақ, модельдің икемділігі оны басқа ауру түрлерін болжауға бейімдеуге мүмкіндік береді. Мысалы: жұқпалы инфекциялық індеттер, туберкулез сияқты аурулар. Осы жұмыстың арқасында команда екінші орынға ие болды және халықаралық сарапшылардың оң бағасын алды.
Командалық жұмыстан бөлек, Шалбай Тахмина жеке жобасын ұсынды. Оның зерттеуі ауыл шаруашылығы саласына арналған «Егістік алқаптарының шекараларын анықтау алгоритмдері» тақырыбында. Бұл жоба жерді тиімді басқару, өнімділік пен шығынды азайту мәселелерін шешуді көздеді. Яғни, осы жоба арқылы қолымыздағы смартфон арқылы жасанды интеллектпен-ақ егінді алқаптардың шекараларын дәл анықтап, егістік жерлерді тиімді пайдалана аламыз.
Бұл зерттеу ауыл шаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие, себебі егістік алқаптарын басқару – Қазақстандағы аграрлық сектор үшін өте маңызды мәселе. Жоба жерді нақты карталау, егінді бақылау және өнімділікті арттыру үшін маңызды құралға айналуы мүмкін. Алгоритмнің басты артықшылығы – оның әртүрлі климаттық және жер бедеріндегі аймақтарда жұмыс істеу мүмкіндігі.
Шалбай Тахмина бұл байқауда жеке есепте 1 орынды иеленді. Оның ауыл шаруашылығы саласына арналған зерттеуі әлемдік деңгейде қызығушылық тудырды. Тахмина бұл байқауда өзінің терең білімін, зерттеу дағдыларын және инновациялық көзқарасын көрсете білді. Және осы жобаның бас демеушісі болған «Huaweі ICT Corparation» компаниясы Тахминаның ғылыми және практикалық жетістіктерін бағалап, оны оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа шақырды. Қазір ол халықаралық деңгейдегі IT-компанияда жұмысқа дайындалуда. Оның бұл жетістігі жас қазақстандықтарға шабыт беріп қана қоймай, әлемдік деңгейдегі компанияларда жұмыс істеудің мүмкін екенін дәлелдейді.
Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жетістіктері еліміздегі ғылым мен білімнің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Шалбай Тахмина және оның әріптестері ұсынған жобалар тек отандық салаларға ғана емес, жаһандық инновацияларға да үлес қосуда. Бұл жетістіктер болашақта жасанды интеллект пен инновациялық технологиялардың жаңа мүмкіндіктерін аша түсетіні сөзсіз. Қазақстанның білім беру жүйесі мен ғылыми орта жас таланттарға қолдау көрсетіп, олардың жетістікке жетуіне жағдай жасаған сайын, елімізде тың ғылыми жаңалықтар мен технологиялық серпілістер көбейе береді.