КОЛЛЕДЖЕН кейінгі еңбек нарығы: түлектерді кім ЖҰМЫСҚА алады?

0
311

Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі күрделі әрі өзекті


КОЛЛЕДЖЕН кейінгі еңбек нарығы: түлектерді кім ЖҰМЫСҚА алады?

көрнекілік: el.kz сайтынан

Бүгінде колледж түлектерінің еңбек нарығында өз орнын табуы – өзекті мәселелердің бірі. Себебі еңбек нарығындағы жоғары бәсекелестік, жұмыс берушілердің жоғары талаптары және кейбір мамандықтарға сұраныстың төмендігі түлектердің жұмысқа орналасуын қиындатуда.

Мысалы, өткен 2024 оқу жылында елімізде 711 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істеген. Сол жылы 141 мың студент колледжді аяқтап, олардың 50,8% жұмысқа орналасты, ал 15,8% оқуын ЖОО жалғастырған. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұсынған бұл деректерге сәйкес, түлектердің шамамен 33,4%-ы (шамамен 53 мың адам) жұмысқа орналаса алмаған. Бұл көрсеткіш колледж түлектерінің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігінің жеткіліксіздігін көрсетеді.

Көптеген жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды іздейді, ал колледж түлектері өндірістік тәжірибеден өтпегендіктен, бірден жұмысқа кірісуге дайын болмайды. Ал кейбір колледждерде білім беру бағдарламалары ескірген немесе еңбек нарығындағы өзгерістерге сай жаңартылмаған. Бұл колледж түлектерінің жұмыс берушілердің талаптарына сай келмеуіне әкеледі.

Дегенмен, «жұмыс істеймін» деген адам үшін, екі қолға бір күрек әркез табылады. Сонымен, колледж түлектері үшін қай салада жұмысқа орналасу оңай?


1. Мемлекеттік мекемелер

Мемлекеттік ұйымдар колледж түлектерін көбіне техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдайды.

  • Білім беру саласы – мектептер мен балабақшаларда тәрбиеші, лаборант, техникалық қызметкер ретінде.
  • Денсаулық сақтау – медбике, фельдшер, лаборант мамандықтары сұранысқа ие.
  • Ұлттық компаниялар – "ҚазМұнайГаз", "ҚТЖ" сияқты ірі компаниялар техникалық мамандық иелерін жұмысқа шақырады.


2. Жеке кәсіпорындар мен шағын бизнес иелері

Жеке секторда колледж түлектеріне үлкен сұраныс бар. Әсіресе:

  • Құрылыс және жөндеу саласы – сантехник, дәнекерлеуші, электрик мамандықтары жоғары бағаланады.
  • Қызмет көрсету саласы – шаштараз, аспаз, кондитер, тігінші сынды кәсіптер қашанда керек.
  • IT саласы – бағдарламашылар, жүйелік әкімшілер, графикалық дизайнерлер шағын және орта бизнесте жұмыс таба алады.


3. Өндірістік кәсіпорындар

Зауыттар мен фабрикалар жұмысшы кадрларға мұқтаж. Мұнда көбіне:

  • Технологтар, операторлар, механиктер;
  • Өндірістік жабдықтарды басқару және техникалық қызмет көрсету мамандары қажет.


4. Шетелдік компаниялар мен стартаптар

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар да білікті мамандарды жұмысқа қабылдайды. Әсіресе техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Сонымен қатар, стартаптарда жұмыс істеу мүмкіндігі де бар. Жас мамандар жаңа жобаларға икемделіп, тәжірибе жинақтай алады.


Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі күрделі әрі өзекті. Еңбек нарығында өз орнын табу үшін түлектерге теориялық білімнен бөлек, практикалық дағдыларды дамыту, өзін-өзі жетілдіру, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру маңызды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілетін дуальді оқыту жүйесін пайдалану, кәсіптік бағдар беру және түлектердің біліктілігін арттыруға бағытталған бағдарламалар түлектердің жұмысқа орналасуына көмектесе алады.