Музыка мен ғылымды қиыстырып ЖАҢАЛЫҚ ашқан ЖАС ҒАЛЫМ

0
436

Рахат-Би Әбдісағин музыка мен кванттық физиканың байланысын зерттеп, жаңашыл ғылыми тұжырымдар ұсынып жүрген жас ғалым.


Музыка мен ғылымды қиыстырып ЖАҢАЛЫҚ ашқан ЖАС ҒАЛЫМ

Рахат-Би Әбдісағин – әлемдік музыка кеңістігінде өзіндік орны бар қазақстандық музыкант, композитор және ғалым. Оның шығармашылығы тек музыка әлемімен шектелмей, ғылыммен терең ұштасып жатыр. Бүгінде олмузыка мен кванттық физиканың байланысын зерттеп, жаңашыл ғылыми тұжырымдар ұсынып жүрген жас ғалым.

Рахат-Би Әбдісағин 150-ден астам музыкалық туындының авторы. Оның шығармалары әлемнің үздік сахналарында орындалып, Франция, Германия, Италия, АҚШ, Жапония, Қытай сынды көптеген елдердің танымал оркестрлерінің репертуарынан орын алған. Ол үш опера жазды: «Күн нұрлы жол», «Бейтаныс» және «Брюс». Оның шығармашылық жолы тек композиторлықпен шектелмейді. Ол бірнеше ғылыми мақалалардың, музыка теориясына арналған зерттеулердің авторы.

Биыл ол магистрлік диссертациясын қорғап, музыка мен физиканың байланысына қатысты тың жаңалық ашты. Оның ғылыми жұмысы қазіргі заманғы музыкадағы акустикалық заңдылықтар мен кванттық механиканың әсерін зерттеуге бағытталған. Бұл ғылыми жаңалық музыка теориясы мен композиция әдістерін жаңа қырынан түсінуге жол ашып, музыка мен ғылымды синтездеуге мүмкіндік береді.


Рахат-Би өзінің зерттеулерінде музыка мен кванттық физиканың байланысын қарастырып, дыбыстық толқындардың күрделі құрылымын математикалық модельдеу арқылы жаңа композициялық әдістерді ұсынды. Ол өз еңбегінде музыкалық гармонияларды кванттық механика заңдарымен түсіндіруге тырысып, бұл бағытта жаңа көзқарас қалыптастырды. Бұл зерттеу әлемдік ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын тудырып, оның жаңалығын музыкалық теория мен физика саласында тың серпіліс ретінде бағалауға мүмкіндік берді.

Рахат-Би Әбдісағиннің еңбегі Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде жоғары бағаланып келеді. Ол көптеген халықаралық сыйлықтар мен марапаттарға ие болған:

  • "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
  • ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет белгісінің иегері
  • "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы
  • Лондонның Құрметті музыканттар қоғамының ең жас мүшесі


Рахат-Би Әбдісағин – өнер мен ғылымның тоғысында жүрген ерекше талант иесі. Ол музыкаға жаңа қырынан қарап, ғылыммен үйлестіре отырып, тың жаңалықтар енгізуде. Оның шығармалары мен ғылыми зерттеулері Қазақстанның ғана емес, әлемнің мәдениеті мен біліміне қосылған қомақты үлес болып табылады.