​«150 мыңды 70-ке көбейту керек»: Рамазан Амантай «Қазақша Бизнес» фильмінен қанша алатынын айтты

0
2 645

«Әкеге апарар жол» фильмі - алғашқы туындым»


​«150 мыңды 70-ке көбейту керек»: Рамазан Амантай «Қазақша Бизнес» фильмінен қанша алатынын айтты


Рамазан Амантай кинодағы ең алғашқы қадамын «Айналайын» телехикаясынан бастаса да, оны көпшілікке етене таныстырған туынды – «Қазақша Бизнестегі» Еркош рөлі. Ал екінші аты «Ай гоу ту скул» боп кеткен. Ақындығы бір төбе, актерлігі бір төбе болған талантпен сұхбаттасудың сәті туды.


- Рамазан, жағдайыңыз қалай? Әлеуметтік желілер арқылы «Әкеге апарар жол» атты жаңа авторлық фильміңіздің трейлерін көрдік. Құтты болсын! Әңгімемізді осыдан бастасақ...


- Қайырлы күн баршаңызға! Иә, «Әкеге апарар жол» алғашқы жобам болды. 7 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Алғашқы дебют болғасын уайым көп боп тұр. Жанры – драмедия, яғни драма мен комедия аралас. Осы күнге дейін қалың көрермен «неге тек комедия түсіре береді, драма неге жоқ» деп пікір білдіруші еді. Соны ескеріп, біз драмедияны түсіріп шықтық. Көрермендерге айтарым, келіп, көріп, өз бағаларыңызды беріңіздер. Ұнайды деген ойдамын. Біз үшін әрбіріңіздің пікіріңіз маңызды.

Жалпы, менің кино әлемінде жүргеніме 13 жылдан асып жатыр. Алдымен «Айналайын» деген телесериалы арқылы алғашқы қадамды бастадық. Содан бері азды-көпті фильмдерге түстік. Жаңа белес керек деп, осы жолға тәуекел еттім. Аз қаржы жұмсалған жоқ. Оны да бір кісіден қарызға алдық. Прокаттан түскен ақшадан қайтарып берем деген уәдем бар. Сондықтан халқыма сеніп отырмын.


- Кішкентайыңыздан киноға түсіп, танылып келесіз. Дегенмен, былтыр жеке шығармашылық кешіңізді өткізіп, көпшілікті ақындығыңызбен де таңғалдырдыңыз. Жалпы, осы екі саланы салыстырсақ, жаныңызға қайсысы жақынырақ?


- Иә, былтыр қазан айында Республика сарайында өзімнің шығармашылық кешімді бердім. Отыздан астам өнер жұлдыздары келіп, менің өлеңіме жазылған әндерді шырқады. Жалпы, соңғы екі жыл халыққа өзімді таныстыру жылы боп жарияланған сияқты. Бірінші кешім мен ойлағаннан да жақсы шықты. Алдағы уақытта мұны ары қарай жалғастырамыз, ойда бар.

Ал енді, екеуі де менің жаныма жақын. Екеуі салыстыруға келмейтін дүние ғой. Адамның екі көзі, екі қолы сияқты, ақындық пен актерлік мен үшін ең қымбат дүние. Баяғыда батырларымыз жорыққа шыққанда екі тұлпармен шығады екен, бірін демалдырып, екіншісімен шауып дегендей. Мен де талантымды дәл солай бағалаймын. Ақындық пен актерлік менің қос қанатым.


- Ең алғашқы гонорарыңыз 150 мың теңге болған екен. Қазір қанша аласыз?


- «Қазақша бизнес» фильмінің бірінші бөлімінде алған ақшам 150 мың теңге еді. Қазір енді шамамен одан 60-70 есеге өсті ғой, есептеп көрерсіздер.


- Отбасыңыз жөнінде айта кетсеңіз, әулетте сізден басқа өнер қуған жан бар ма? Жалпы, ақындық, әртістік сізге қайдан келді?


- Ата-анам мұғалім боп істейді. Анам өнер адамы, Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алып, күйші боп шыққан. Әкемнің мамандығы – экономист. Қазір ұстаздық қызметте, дегенмен домбыра тартып, ән айтып отырады. Үйдегілердің бәрі домбырада ойнайды, анам күйші болғасын бәрімізді баулыған. Бірақ өнерді шындап қуған өзім ғана.



- Гүлфару есімді сүйікті келіншегіңіз бар, қызыңызға Несібелі деп ат қойғаныңыз да әжептеуір әңгіме болды. Олардың жағдайы қалай?


- Несібелім мен жұбайым Гүлфару – менің екі ханшайымым. Жағдайлары, Аллаға шүкір, жақсы. Несібелімізді ата-әжесі меншіктеп алған, олар естімей тұрған кезде ғана «қызым» деп атаймыз. Ал келіншегім үйімнің түтінін түзу шығарып, менің жағдайымды жасап, тілеуімді тілеп отыр. Мен оған ризамын.


- Өнерден басқа табыс көзі бар ма?


- Жоқ, басқа салада өзімді елестете алмаймын.


- Әлеуметтік желіде оқырмандарыңызбен, көрермендеріңізбен байланыс қалай? Олардың сын-пікірлеріне құлақ түресіз бе?


- Байланыс жақсы. Көрермендерімнен ештеңемді жасырмаймын, қалай бар, солай айтып отыра берем. Арасында енді хейтерлер шығып қалады. Бірақ оларға қарсы имунитет қалыптасқан, үйреніп қалдық. Жақсы іске де, жаман іске де сыншы табылады ғой, орынды сын болса тыңдайсың, болар-болмасқа тиісе кететіндерге мән бермеуді үйрендік. Сөзді қусаң, кете береді.


- Соңғы сұрағымыз болсын, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану деген сәнге айналып жатыр. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай, жалпы?


- Енді артық салмақпен шамам келгенше күресіп жүрмін. Түбегейлі, толыққанды дұрыс тамақтануға көшіп, салмақ тастау ойымда жүр. Бірақ шаруалар мүмкіндік берер емес, премьераға дайындалып жатырмыз. Негізі, биылғы жұмысты осыдан бастау керек еді, бірақ пендеміз ғой, бәрін кейінге ысырып қоя беретініміз бар. Әйтпесе үйде спортқа қажетті дүниелердің бәрі тұр, жағдайды жасап қойғанбыз. Енді тек шұғылдану керек...


- Уақыт бөлгеніңізге рахмет! «Әкеге апарар жол» елдің есінде қалатын фильмге айналсын!


Сұхбаттасқан – Сапарайым Кенжалиева,

ERNUR.KZ.