Алмас МҰХТАРҰЛЫ, композитор: "Қазір Шәмшінің сарынында ән жазсаң, халыққа өтпейді!"

0
3 089

Танымал әншілерден бөлек, қалың қазақ оның әнін әр бас қосқанда бірге шырқайды. Оның жазған дүниелері қаншалықты танымал болса, оның болмасы соншалық қарапайым. Жүрек тербейтін туындыларды жазған қарапайым композитор Алмас Мұхтарұлымен туған жері Түркістанда кездесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Әңгеміз оның балалық шағы мен алғашқы туындыларының тарихымен басталды.


Алмас МҰХТАРҰЛЫ, композитор:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынған.

@Karashash_Esenbaу: Танымал әншілерден бөлек, қалың қазақ оның әнін әр бас қосқанда бірге шырқайды. Оның жазған дүниелері қаншалықты танымал болса, оның болмасы соншалық қарапайым. Жүрек тербейтін туындыларды жазған қарапайым компазитор Алмас Мұхтарұлымен туған жері Түркістанда кездесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Әңгімеміз оның балалық шағы мен алғашқы туындыларының тарихымен басталды.

Алмас Мұхтарұлы: Негізгі мамандығым журналист, Түркістан қаласында білім алдым. Қара шаңырақ ҚазҰУ-ге түсу арманым болатын. Мақала жазу жағына аса қызыққан жоқпын, бірақ техникалық жағы ұнайтын. Монтаж жасауды жақсы меңгергенмін. Мектепте жүргенде әнші болғым келді. Бірақ бала күнімде дауысым өте жіңішке болып, өтпелі кезең уағында өзгеріске ұшырады. Сол кезде ән айтуды тоқтаттым, өйткені дауыс жуандап жатқандықтан, өзіме біртүрлі естілетін. Содан екі-үш жыл өткенде 11 сыныпта КВН сахнасына қайта ән айтып шықтым. Сонда қайта ән айтуға болатытын түсіндім. Мектепте Ақбота деген сыныптасым үнемі «Мен саған сникерс әкеліп беремін, ән айтып берші, даусың күшті» деп өтінетін. «Жігер» тобының «Сен менің бақытымсың...» деген әнінің хит болып жатқан кезі еді. Сол шақтарда ғашық болып, алғашқы махаббатқа арнап ән жаздық, сөзін де өзім жазатынмын (күліп). Бірақ ән жазғанымды ешкімге көрсетпейтінмін. «Ғашық болдым» деген көше әнінің стиліндегі ән болды, бірақ сөзі жұтаңдау еді. Сондықтан көпшілікке таралған жоқ. Ұйқастарға ғана мән беретінмін, негізі өзімді ақынмын деп есептемеймін. Сөзге мән беруге достарым көмектесті, Орынбек Фазылов, Еркебұлан Кенехан, Дәурен Болатбаев сынды жігіттердің арқасында сөздің құдіретін ұғына бастадым. Олардың өлеңдері тұнып тұрған поэзия, әрбір өлеңінің бір қатарының өзінен ой алуға болады. Ақын емеспін, бірақ әнге қандай сөз керек екенін шамалай аламын. Ал ғашық кезде ақын болдық қой (күліп).

@Karashash_Esenbay: Ақындар өздерінің жырларын жазып, жазушылар ойларын жазып қабілеттерін біле бастайды ғой. Ал маған қызығы, осы сазгерлер өздерінің сазгер екенін қалай біледі?

Алмас Мұхтарұлы: Әндерім танымал болғанға дейін мен өзімді компазитормын деп есептеген емеспін. Соңғы екі жылда ғана «сазгермін» деп айтып жүрмін, оған дейін тек ән жазамын деп айтатынмын. Өйткені «Мен не жаздым?» деп көп ойланамын, бір-екі ән жазып сазгер болғандар көп қой. Өзім әлі де үлкендердің алдында «сазгермін» деп айтуға ыңғайсызданамын. Себебі жарытып, тұшымды ештеңе жазбаған сияқтымыз. Тек махаббат қана емес, патриоттық, имандылық, тәрбие сияқты халыққа керек дүниелерге де ән арнағым келеді. Яғни, музыка деген адамды тәрбиелеуі керек. Қазір неше түрлі сарында әндер шығып кетті ғой.

Қалай білдіңіз дегенге келсек, алғашқы шығарған 2-3 әніңді түрлі орталарда орындайсың ғой, «Сонда кімнің әні?» деп сұрайды. Сонда «Менің әнім» дегенде «Сен ән жазасың ба?» деп сұрап жатады. Сол кезде «Қойшы, мен ән жазамын ба?» деп өзің ойланып қаласың. Ән жазуыма түрті болған алғашқы махаббатым деп білемін. Сазгерлікпен айналысқаныма 10 жылдай уақыт болса, соның 5 жылында өзімді мойындаған жоқпын, кейбір кісілер де мойындаған жоқ, «жазбай ақ қойсаңшы» дегендей ойларын айтатын. Бірақ ән жазуды тоқтатқан емеспін. Олардың солай айтқаны да дұрыс болды, сол арқылы мені қамшылады. Егер олар қамшыламаса, ән жазбайтын ба едім деп ойлаймын.

@Karashash_Esenbay: Он жылдан бері ән жазсаңыз, біршама дүние бар шығар? Оларды қалай есіңізде сақтайсыз, әлде нотаға түсіресіз бе?

Алмас Мұхтарұлы: Нота білмеймін. Бірде бір ағамыздан осылай нота білмесеңіз қалай жазасыз деп сұрағанымыз бар еді. Ол кісі «»Құрманғазы консерватория оқып па еді? Ол дала консерваториясын оқыған» деп еді. Сол сияқты мен «дала ксерватриясын» оқымасам да, табиғи берілген дүние шығар деп ойлаймын.

@Karashash_Esenbay: Өзіңізді «сазгермін» деп айтпайсыз, компазиторлық бағытта нота үйренбейсіз, Түркістанда тұрасыз... не деген қарапайымдылық. Нарық заманында өнер ордаларына барып неге қызмет етпеске?

Алмас Мұхтарұлы: Ол жаққа бару оңай шаруа емес қой, бәсекелестік көп. Бірақ мен бәсекелестіктен қорықпаймын, қазір сананы тұрмыс билеген заман ғой. Сондай жағдайлармен ауылдамыз, бірақ белгілі бір уақытта міндетті түрде өнер ордаларына барамын. Өнерімді дамытамын, ол міндетті түрде. Бір ақын кісінің «Ауыл адамды қалдырмайды, бірақ талантты өлтіреді» деген сөзі бар еді. Ауылда адам аштан өлмейді, бірақ талант өлуі мүмкін. Осы туралы көп ойланамын, сондықтан биыл өнер ордасына барып өнерімді дамыту жоспарымда бар.

@Karashash_Esenbay: Соңғы кезде жаңа әндеріңізді естімей жүрміз, жазбай жүрсіз бе, әлде бізге солай ма?

Алмас Мұхтарұлы: Өнердегі, өмірдегі достарым да осы сұрақты қазір жиі қояды. «Неге ән жазбай кеттің?», «Қайратқа, Төреғалиға ән бермей қойдың, естімей жүрміз» деп жатыр. Оның себебі қазір өзім үшін жұмыс істеп жатырмын.

@Karashash_Esenbay: Демек, болашақта қазақ сахнасында Алмас Мұхтарұлы деген әншіні көреміз ғой?

Алмас Мұхтарұлы: Иә, бұйыртса! Сол үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз. Біршама әндер жазылды, оның басым көпшілігінің мәтіні Еркебұлан Кенехан деген бауырымдыкі. Ол екеуміз тек шығармашылық емес, достық қарым-қатынастамыз. Қазір жазылып жатқан соның туындылары, сосын Арайлым Мұраталиева, Тағайбек Тұрысбеков деген ақындардың туындылары жарыққа шығады. Қазір соңғы жұмыстары қалды.

@Karashash_Esenbay: Қазір ән жазып жүргендердің көбі сіздің құрдастарыңыз, достарыңыз. Осы орайда композиторлардың шығармалары туралы сұрайықшы, сіз үшін өнері ерек қандай әріптес бар?

Алмас Мұхтарұлы: Ерекше стилі бар деп досым Ғазизханды айтуға болады, оның бағыты сәл өзгеше. Ол ән мен сөзді жақсы ұштастырады. Өзі бәріне белгілі Арман Дүйсеновтың шәкірті, студияны көрген жігіт. Негізі студиядағы композиторлар мен сыртта жазатын композиторлардың айырмашылығы болады. Сосын қазақи бағыттағы Құралдың әндерін атауға болады.

@Karashash_Esenbay: Қазір сахнада бағыт көп, жаңадан келіп жатқан Q-pop секілді бағыттарға шығармашылық адамы ретінде көзқарасыңыз қандай?

Алмас Мұхтарұлы: Әр заманның өзінің ақыны, компазиторы болады. Шыны керек, Шәмші атамыздың әндері ғұмырлы әндер, өзім де сүйіп тыңдаймын. Бірақ қазір ол бағытта ән жазсаңыз, халыққа өтпейді. Өйткені халықтың әнге деген көзқарасы өзгеріп келеді. Сен айтқан бағыттарда ән шығаруға болады, тек сөзіне жіті мән берсе деймін. Әрине бұл менің жеке ойым, өйткені музыкада шекара жоқ. Кезінде Шәмшінің заманында «Битлз» секілді топтар болды. Оларға да еліктегендер бар. Бірақ өз заманында қалды. Сондықтан менің жалғыз айтарым, сөзін дұрыстап жазса екен. Құдайға шүкір, қазақтың тілі бай ғой.

@Karashash_Esenbay: Еліктеу дегеннен шығады, орыс компазиторының «Жақсы компазитор еліктемейді» деген сөзі бар екен. Дегенмен енді ән жазып жүргенде ұстаз тұтқан адамдар болған шығар?

Алмас Мұхтарұлы: Менде шыны керек бағыт-бағдар беретін ұстаз болған жоқ, соңғы екі жылда ғана шетелдің әндерін тыңдап жүрмін. Оған дейін мүлде тыңдамаған да екенмін. Бірақ мен қазақтың біртуар азаматы Ержан Серікбаевтың батасын алғанмын. Ол кісінің бойындағы қарапайымдылыққа тәнтімін, кішкентай баламын ғой бір тойда көріп «мен де сіз сияқты компазитор болғым келеді» дегенімде, «Айналайын, боласың!» деп батасын берген. Сол кісінің әндеріне еліктейтінмін, стилі ұнайтын. Оның бір әні бір әншінің бағын ашатын еді.

@Karashash_ Esenbay: Жоғарыда өзіңіздің журналист екеніңізді айтып қалдыңыз. Бірақ білуімше, тұрақты жұмысыңыз істемейсіз. Көбіне қызығы, шығармашылық адамдары тұрақты жұмыс істемейді және әндерін сатпаймыз деп жиі айтады. Сонда олардың табыс көзі қайдан болады?

Алмас Мұхтарұлы: Тұрақты жұмыс жоқ менде. Өткен жылы қалалық газетке жұмысқа кірген едім, 22 күн істеп, 23 күні өз еркіммен шығып кеттім. Өйткені шығармашылық адамы болғасын шеңберге бағынғысы келмейді ғой. Бір орында тұрғанды қаламаймын.

Құдай өзі жеткізеді (күліп). Енді сату деген біртүрлі естіледі екен, еңбегімізге гонорар аламыз. Бір түсінгенім, сазгерлікпен айналыса бастағанымда әнді тегін беретінмін. Бірақ тегін дүниенің қадірі болмайды, бағаланбайды екен. Сосын жеке ән жазғалы қазір тойға шығып жүрмін.

@Karashash_Esenbay: Байқағаным, енді шығып келе жатқан жас таланттарға көбірек ән беретін сияқтысыз. Кересінше көбі тезірек танылу үшін танымал жандарға ұсынып жатады. Сіз неге оңтүстік әншілеріне жиі ән жазасыз?

Алмас Мұхтарұлы: Қазір жұмыс істеп жүрген біршама әншілер бар. Жас әншілер хабарласып, осындай әніңіз бар екен деп сұрап жатады, ол өзі қалап тұрғасын береміз. Бірақ міндетті түрде дауысын тыңдаймын. Егер құлаққа жағымды болып тұрса, ойланбай беремін. Өйткені әнді жақсы көріп тұрған адам жақсылап орындап шығады. Кейде мықты әндерді, белгілі әншілер де аша алмай жатады. Сондықтан қалап тұрған әншіге берген дұрыс. Тағы бір айта кететіні, бізде әншілер әлі де аз, саусақпен санарлықтай. Көрші Өзбекстанның өзінде қанша әнші бар. Аса танымал емес, той деңгейіндегі әншілер «Маған Қайраттыкіндей, болмаса Төреғалидікіндей ән жазып беріңізші» деп келеді.Оларға еліктегеннен гөрі, тың нәрсе алып келіңдерші деп айтамын. Әйтпесе, той стиліндегі әнді жазып беруге болады.

@Karashash_Esenbay: Қазір сөздің мағынасынан бөлек плагиат әндердің көбейгені жиі талқыланып жүр. Неге қазақ сазгерлері көшірмеге көп жүгініп жүр?

Алмас Мұхтарұлы: Оны былай түсіндіруге болады, кез келген дүниенің көшірмесі шығады. Бірақ оның ғұмыры қысқа. Әлемдік деңгейде 5 нотаға дейін кездессе, ол көшірме болып есептелмейді. Өзі бар жоғы 7 нота бар емес пе? Сондықтан 3-4 нотасы ұқсаса плагиат дей беруге болмайды. Одан бөлек стилін алуы мүмкін.

@Karashash_Esenbay: Жаңа өзіңіз шығармашылық адамы болғасын, рамкамен жүру қиын дедіңіз ғой. Ал тапсырысқа ән жазған қиын емес пе?

Алмас Мұхтарұлы: Мен шыны керек, тапсырысқа ән жазған емеспін! Тапсырыс беретіндер көп қой, олардың сұрағаны менде болса беремін. Олар жазып берді деп ойлауы мүмкін. Бірақ ол бұрыннан бар ән болады. Ал мына стильде, мына бағытта деген әндерге «Жарайды» деп қоя саламын. «Жазбаймын» десең, өзіңше болғандай боласың? «жаза алмадым» деп ақталамын, өйткені жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді. Менің жүрегімнен шықпаған дүниені жаза алмаймын. Ән жазғанда барлығын алғашқы болып өзім тыңдаймын, жүрегім бір шым етсе ғана жарыққа шығарамын.

@Karashash_Esenbay: Әндеріңіздің көбі мұңды, мен сіздің әлеуметтік желіңізден бір сазгердің пікірін оқып едім. «Мен сияқты әндерінің тағдырымен өмір кешіп кетпе» деп жазыпты. Сондай кездер бола ма, әннің аурасынан шыға алмай қалатын?

Алмас Мұхтарұлы: Жақында бір дүние жаздым, өзіме қатты ыстық «Ұнайды» деген ән. Махаббат дертімен қатты ауырамын, шығармашылық адамы болғаннан кейін ғашық боласың. Өз басым сырттай ғашық болғанды жақсы көремін, сезімімді білдіре бермеймін. Өйткені оның ойын біліп қалсаң, бәрі бекер сияқты болады. Сондықтан ол да тыныш, мен де тыныш деп сырттай ғашық болғанды жөн көрем. Есесіне одан ән туады. Бірақ соңғы кезде ештеңе жазбай жүрмін, ол кез келген шығармашылық адамында болатын кезең деп ойлаймын. Ондайды көп адамға айта бермейміз. Өмірде мені көбі ашық-жарқын деп ойлағанмен, болмысым мұңға толы. Оған себеп көп, бірақ белгілі бір нәрсені айту күлкілі ғой. Кейде неге менің әндерім мұңды деп өзім де ойланамын.

@Karashash_Esenbay: Сырттай ғашық болғанды құп көремін деп айттыңыз ғой, әлі бойдақ жүруіңізге осы себеп пе?

Алмас Мұхтарұлы: (Күрсініп) Жараның бетін тырнадың ғой. Жақында «Неге үйленбей жүрмін?» деп өзім де ойландым. Университетте қыздар көп болатын, санаулы ғана жігіт оқыдық. Білмеймін сол кезде қыздарға «Мынау менің болашақ жарым болады-ау», немесе «маған үйлену керек» деп ойламаппын. Себебі менің ойымның бәрі шығармашылық болды. Кейін бір көзімді ашып қарасам, отызға келіп қалыппын. Қазір іздеп жүрмін. Негізі шығармашылық адамына жар болу қиынның қиыны ғой. Өйткені түннің ортасында тұрып ән жазуың, таңғы тоғызда ұйықтауың мүмкін. Соған төзетін адам болуы керек.

@Karashash_Esenbay: Әндеріңіздің кейіпкері кім сонда?

Алмас Мұхтарұлы: Әнімнің кейіпкері көп (күліп). Бірақ түбіне келгенде бір адам ғой. Өйткені мен бір ғашық болсам, қатты ғашық боламын. Шынайы жақсы көру, сүю бір бөлек. Муза болуы керек, ол болмаса ештеңе жаза алмайсың. Менің музам тұрмысқа шығып кеткен...

Ғашықтықты болжай алмайсың ғой, қазір қуанатын жағдай – жаңа муза табылды (күліп). Үйде анам «сені ақымақ кезіңде үйлендірмеппін» деп айтады, сол сөзді естімеу үшін үйге кеш барамыз ғой. Меніңше бастысы сенің шығармашылығыңды түсінетін адам болу керек. Болмаса мүлде түсінбейтін адам керек! Ал жаңағы муза, солай муза болып қалғаны дұрыс деп ойлаймын. Ғашықтық, махаббат сонысымен махаббат сияқты. «Шын ғашықтар қосылмайды» дегендей, меніңше, солай қосылмай қалғаны дұрыс. Ал отбасылық өмір ол басқа. Бірақ кім біледі, әйеліңнің де муза болып қалуы мүмкін ғой... (күліп)

-Әңгімеңізге рақмет!

Фото: @almasmukhtaruly

Автор: @Karashash_Esenbay

ERNUR.KZ