"Бабым келмей қалғаннан, бағым жанбай қалғаны артық": Үш рет оқуға түсе алмай қалған жас сазгермен сұқбат

0
7 633


Француз жазушысы Оноре де Бальзактың «Жігер таланттан да маңызды болуы керек. Егер талант – табиғаттан берілсе, оны дамыту мен жетілдіруге, жолдағы қиындықтарды батылдықпен жеңу үшін жігер маңызды» деген сөзі бар-ды.

Ол да өз жігерін қайрау арқылы, жаңа белестерді бағындыруға бел буған жас. Әр адам жаны музыканы, оның ішінде өз жанынан жақын музыканы тыңдайды емес пе? Ал ол үнің үні кез келген жанның нүктелерін дөп баса алады.

Менің бүгінгі кейіпкерім – жас әнші, әуесқой сазгер Өмірбек Нышанбеков.


Қарашаш Есенбай: Өмірбек, есімің ерекше екен! Сенің әндерің туралы біліп, өзің туралы білмейді екенбіз. Әңгімені танысудан бастасақ.


Өмірбек Нышанбеков: Есімді кім қойғанын білмейді екенмін (күліп). Бірақ мағынасына үңілер болсақ, Өмірбек - хан, бай, беклер-бек деген сияқты түрлі лауазымдардан алынған, сонда «Өмірдің бегі болсын» дегенді ниет еткен шығар.

Өзім Түркістанның маңындағы ауылда дүниеге келгенмін. Қазір осы қаладағы университетте білім алып жатырмын, болашақ филологпын.


Қарашаш Есенбай: Түркістандағы мерекелік кештерде ән айтып жүргеніңді көріп жүрміз ғой. Көпшілік дауысыңа, таланттыңа жоғары бағасын беріп жатады. Талант та тектен ғой, өзіңнің жақындарың өнерден алыс емес болар?


Өмірбек Нышанбеков: Иә, менің әкем де, анам да ән айтады. Әкем екеуміз үйде жалғыз қалсақ үнемі ән айтамыз. Туыстарым да ән айтып, домбыра тартады, жалпы екі жұртым да өнерден алыс емес.

Ауылда үйіміздің жанында шаштараз болатын, сонда келген үлкен ағалар мені ұстап алып, ән айтқызып қоятын. Ол кезде 5-6 жасар баламын ғой, жылайтын едім (күліп). Сол кездерден бастап өнер адамы болуға ұмтылдым, ешқашан әдебиетші боламын деп ойлаған емеспін. Бірақ әдебиет пен тарихты жақсы көремін.


Қарашаш Есенбай: Өмірбек дегенде көзімізге гитарасы бар, қара жігіт елестейді ғой. Бұл аспапты қалай үйрендің?


Өмірбек Нышанбеков: 6 сынып оқып жүрген кезімде домбыра үйірмесіне қатыстым. Кейін 10-11 сыныптарда гитараға қатты қызықтым, сол кезде сыныптастарым туған күніме гитара сыйлаған. Оны ғаламтордан қарап, гитарада ойнайтын ағаларға барып жүріп үйрендім. Негізі қазір ғаламтордың мүмкіндігі көп, өзіме керектің көбін содан үйрендім деуге болады.



Қарашаш Есенбай: Жаңа «Өнер адамы болуды қатты армандадым» дедің ғой. Бірақ неліктен филологтардың ортасындасың, өнерге деген құштарлық қайда қалды?


Өмірбек Нышанбеков: Иә, ол бір қызық. Мен 6 сыныптан соң Ахмет Жұбанов атындағы өнер мектебіне түскім келіп, бірінші рет Алматыға барған едім. Бірақ олар мені қабылдамады, өйткені 1 сыныптан бастап оқу керек екен. Сосын 9 сыныпты бітіріп, Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжіне түсуге кеңес берді. Менің арманым актерлік мамандыққа түсу болатын, өйткені онда вокал, сахна мәнері сияқты дүниелердің барлығын жан-жақты меңгеріп шығасың. Сондықтан бар мақсатым колледжге актерлік мамандыққа түсу болды. Сол кезде мектептегі мұғалімдер «Үлгерімің жақсы, саған қызыл аттестат береміз. Бірақ 11 сыныпқа дейін оқуың керек» деді. Бірақ мен «Қызыл аттестатты бермей-ақ қойыңдар» деп, құжаттарымды алып Алматыға кеттім.

Алматыға барып емтихан тапсырдым, бірақ белгілі бір себептермен оқуға түспедім. Ол себептерді қазір ашып айтқым келмейді. Қайта ауылға келіп, 11 сыныпты бітіріп бұл жолы Алматы емес, Астанаға барып көргім келді. Ол жерде де сондай себептермен оқуға түспедім. Бірақ мектепті жақсы оқығанымның арқасында, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, осында оқуға түстім. Әжемнің «Қанша жерді айналып, осында келдік. Сені ата-баба рухы жібермеген шығар, осында гүлденсін ғой» деген сөзінен қуат алып, қазір барынша даму мен өсуге көңіл бөліп жатырмын.


Қарашаш Есенбай: Шоу-бизнес өкілдерінен сұқбат алып жүріп оқуға түсу мен өнер жолында жүруге таныс пен ақша керек дегенді жиі естімін. Сенің де бала арманыңнан алыстауға сондай әділетсіздіктер себеп болды ма?


Өмірбек Нышанбеков: Сол сияқты дүниелер ғой енді... Бәлкім, мен де дұрыс дайындалып, өз дәрежемді көрсете алмаған шығармын?!


Қарашаш Есенбай: Әнді керемет орындайтыныңнан бөлек, өзіңнің де тамаша әндерің бар. Саз тудыру оңай емес қой, ең алғашқы әнің есіңде ме?


Өмірбек Нышанбеков: Гитарамен алғаш ән айтып жүрген кезімде, қарындасым «Маған ән айтып бермейсің?» деп ренжитін. Содан туған күнінде «Қарындасым-ай» деген кішігірім дүние жаздым. Кейін Арқалық деген ақын досымның «Кеше де сен ойымда, бүгінде сен» деген өлеңіне ән шығардым. Сол кезде оның «Ұмытшақ көктем» деген кітабы шыққан еді, соны оқып отырып «Оралмашы, өтінем, қайта оралу, Оралмай кеткеннен де азап шығар?!» деген жолдары қатты әсер етіп, құлағыма өздігінен әуендер келе бастады. Солай алғашқы туындыларым шыққан. Кейіннен Бауыржан Қарағызұлы, Ерлан Аманқожа сынды ақындардың өлеңіне де әуен шығардым.


Қарашаш Есенбай: Меніңше шығармашылық адамдары қазір екіге бөлінеді. Кейбір ақын, сазгерлер туындыны өзі үшін жазса, екіншілері оны қызмет көреді. Өзің осы екі тараптың қайсысына қызмет еткің келеді?


Өмірбек Нышанбеков: Жоқ, әуен жазуды мансап етемін деп ойлаған емеспін. Әрі кез келген кезде жаза бермеймін, кейде өмірде ойланып, күрсінетін сәттер болады ғой, сондайда ғана әуен түзіледі.


Қарашаш Есенбай: Өмірде күрсінетін сәтің көп пе?


Өмірбек Нышанбеков: Жоқ! Кейде кітап оқып отырып та, көңіл түсетін кездер болады. Арасында «әттеген-ай» деп қалатын сәттер, адалдық көре алмай мұңаятын күндер болады ғой.


Қарашаш Есенбай: Сөз соңында алға қойған мақсаттарыңмен бөліссең...


Нышанбек Өмірбеков: Алға мақсат қоймай өмір сүре алмайсың, бірақ ертең не боларын тағы білмейсің. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» дейді ғой қазақ, Құдай бәріне бақ берсе деймін. Алға, ұзақ мерзімге жоспар түзе бермеймін. Оның үстіне көп нәрсеге биіктен қарап үйренгім келеді. Сондықтан әзірге сахнаға шығу үшін өзімді жетілдіріп, ізденіп жатырмын. Бағым жанып кетіп бабым жете алмай қалғаннан, бабым келіп тұрып бағым жанбай қалған жақсы.


Қарашаш Есенбай: Бағың мен бабың қатар болсын деген тілек білдіремін!