Бағлан Әбдірайымов: "Квартеттегі жігіттердің баяғы жалыны басылып қалды"

0
2 856

Әнші Бағлан соңғы уақытта әр қырынан көрінді. Өнерден бөлек, спортта біршама жетістікке жетті. Кітаптары шықты. Кітап жазуына құмар ойынның соңында кеткен күндері себепші болған. Ол «Келешекте іні-қарындастарымыз сырты жылтыраған нәрсенің іші қандай екенін, зардабын білсіндеген ниетпен «Ақ пен қара» деген кітабым жазылды», – дейді.


Бағлан Әбдірайымов:

- Сіз туралы мәлімет іздеген кезде сұқбатты осыдан бір жарым жыл бұрын бергеніңізді байқадым. Дегенмен жаңалық беттерінен жиі көріндіңіз. «Бағлан құмар ойнайды», «Бағлан алаяқтарға алданды» деген шулы тақырып баршылық. Соңғы жылдарда неге мұндай жағдай жиілеп кетті?


- Оның барлығын ескерту деп қабылдаймын. Бұлар болмаса, ештеңе көрмей, білмей жүретін шығармын. Кейде тақуалық жетіспейтін шығар деп ойлайсың. Бірақ сол тақуа жігіттерді, жалпы қай азаматты алып қарасаң да әркімнің өз деңгейінде бастарына сынақ келіп жатады. «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр қылды деулерді, Шығарамын сөзімнен. Өзім қылдым деулерді, Таса қылман көзімнен» деп Сұлтанмахмұт Торайғыровтың айтатыны бар. Жақында имам досым да: «Адамның басына келген қиыншылық екі қолы жасаған күнәларынан» дейді. Кейде шүкір деп, тірі жүріп, ақ пен қараны ажыра алғаның үшін тәубеңе келесің, Жаратушыңды көбірек танисың. Қаншалықты қателікпен өмір сүріп жатқаныңды түсінген сайын, Жаратушыны жақынырақ танитын секілдісің.


- Тіпті, желідегі контентіңіз де өзгеріп кетті. Әдебиет, дін өкілдерімен сұқбаттар жүргізе бастадыңыз.


- Иә, контентім де өзгерді. Жалпы түсінгенім, адам қай кезде адасып кетеді? Адам білім іздеуді тоқтатқан кезде адасады. Білім Алланікі десек, ізденісті тоқтатқан кезде Жаратушымен байланысың үзіліп, адасып кетесің деп ойлаймын. Өзімде болған қателіктің барлығы білімсіздіктен. Ізденбесең, білім алмасаң, өзіңді дамытпасаң, кез келген лас нәрсеге жақын болып, кез келген нәрсенің жетегінде кетіп қаласың. Өзіңнің айтар ойың, жеке көзқарасың болмайды. Жаратушының өзі: «Маған құл болмасаңдар, кез келгеннің құлы болып кетесің» дейді. Расында да, менің жағдайымда солай болды.


- Былтыр ақпан айында «Ломбард 24»-ке қатысты даудың ортасында болдыңыз. Сізден де басқа актерлер, әншілер, блоггерлер бар. Бұл құрыққа қалай түсіп қалдыңыз?



- Өзім көлікті жақсы көрем. Маған дейін де өнердегі әріптестерім, спорттағы бауырларым жарнамаға түсіп үлгерді. Содан кейін осы жарнамаларды алға тартып, көрсетті. «Өнер қырандарындағы» бір жігіт соның алдында ғана көлігін сатқан, сосын анық-қанығын білген соң, толық көз жеткізгеннен кейін келістім. Былай қарасаңыз, сатушыға да, сатып алушыға да ыңғайлы секілді. Сонымен келісім бердім. Келісім бергенде де, олар белгілі бір мөлшерде қаражат береміз деді. Бірақ оның біразын берген жоқ. Одан кейін менің де жанымдағы жігіттер қаражат салды. Олар да алданып қалды. Әттең, осының шикі екенін көп ұзамай-ақ, бір-екі күн өтпей-ақ сездім. Болар іс болды, қайта-қайта қозғай берудің қажеті жоқ.


- Мәлімдеме жасаған санаулының бірісіз.

Иә, мен бірден халықтан кешірім сұрауға бел будым, өйткені елдің ықыласына, батасымен жүргендіктен, елден артық ешқайда кетпейсің.


- Өте ауыр жағдай, десе де көпшілік жеңіл табысқа құмар болып кеткендей. Бұл жағдай сізге қандай ой салды?


- Жеңіл табыс деген әңгімені құмар ойыннан бастайық. Ол да – жеңіл табыстың бірі. Мұның барлығы менің білімсіздігімнен, сауатсыздығымнан. Қаржылай сауатым жоқ. Көптің бірі болып жүре берсең, дамымасаң, ізденбесең сол. Көзің ашық болса, кез келгеннің уысына түсіп, жем болмайсың.


- Пирамидаға алдану қай кезде де бар. Қазір де өршіп тұр. Неге мұндай нәрсе қайталана береді, не себепті өткеннен сабақ алмай жатырмыз?

- Бұл біздің сенгіштігімізден деп ойлаймын. Ақкөңілдігіміз. Одан да бөлек автосалоннан жаңа көлік алып беремін деп сенімге кіріп, өнердегі біраз бауырларымыз шығынға батып қалды ғой. Сенгішпіз. Одан кейін бәрі қаражат тапқысы келеді. Заман жақсы болып тұрған жоқ, еңбекақыдан да, саудадан да қомақты, мардымды қаражат таппағаннан кейін осындай қадамға барады. Жұрт жақсы өмір сүргісі келеді ғой.


- Қаржылық сауат демекші, сауатты баспагердің бірі Бақытжан Бұқарбаймен бірге “Қарызсыз қазақ” деген кітап жаздыңыз. Сіз бұл кітаптың қай бөліміне атсалыстыңыз?


- Кітап екіге бөлінген. Қарызға кірмеудің жолы, қарызға кірген адамның одан шығу жолы. Осы тақырыптар қамтылды. Одан кейін белгілі дін, қаржы мамандарынан сұқбаттар алынды. Кітап «Қарызсыз қазақ» деп толықтырылды. Әзірге оқып жатқан кісілер жаман пікір айтып жатқан жоқ. Ойды ой қозғайды. Кез келген адам мықты, басы жұмыс істейді, он екі мүшесі сау, ешкім ешкімнен кем емес. Тек ойлау қабілетінде ғана айырмашылық бар, сондықтан біз үнемі бірдеңе жасайтын болсақ ақылға жүгінеміз. Өйткені ол біздің табиғатымыз. Бәрін біліп тұрасың, бірақ сол мотивация жетіспей тұрған кезде біреумен ақылдассаң, кітап оқысаң, жауабын табасың. Сол сияқты адам баласының қолынан көп нәрсе келеді, тек сол мотивация ала білу керек. Кез келген адам өзінің қарызынан шыға алады, өйткені Алла Тағала адамның мойнына ол көтере алмайтын қарыз, сынақты бермейді. Тек жолын табу керек.


- “Халықтың дерті қандай болса, оқитын әдебиеті де сондай”. Кеңес беретін кәсіби әдебиеттер саны артқан. Расымен, қарыз, құмар ойын, өз жанын түсіну деген біздің елдің проблемасына айналды ма?


- Құмар ойын проблемасы әрбір үшінші отбасында бар, кімнің кәсіп ашқысы келмейді, бәрі психологиясын ретке келтірсем дейді. Әкесіне, анасына, жақынына айта алмаған небір сырын психолог мамандарға жүгініп, шешеді. Жеке басымды алайықшы. Құмар ойынға туралы бірде-бір адамнан ақпарат ала алмадым. Имамдармен, психологтармен сөйлесем, олар маған керек ақпаратты бере алмайды. Интернеттен іздеймін, кітапхананы қараймын. Құмар ойын деген қайдан шыққан, қалай қоюға болады, жолы қандай деген нәрселерге жауап іздеп таппадым. Егер де осыған дейін құмар ойын туралы, оның ішкі «асханасын» ашып беретін қазақша кітап болса, мен соны оқитын едім. Бізге дейінгілер де, біз де ойнадық, бізден кейінгілер де ойнайды. Келешекте іні-қарындастарымыз сырты жылтыраған нәрсенің іші қандай екенін, оның зардабын білсін деген ниетпен «Ақ пен қара» деген кітабым жазылды.



- Қарыз не құмар ойын болсын, мұндай проблема отбасыға да әсер етпей қоймайды. Сіздің отбасыңызға кері әсерін тигізді ме?


- Уақыт емші ғой, уақыт өткеннен кейін барлығы ұмытылып кетті... Ұмытылып кетті енді... Анамыз, жолдасым ренжіді...


- Қазір қалыпқа түсті дейсіз ғой?

- Жоқ, ол кезде де қатты бүлінген жоқ, бірақ қатты ренжіді енді. Анамның: «Енді ойнасаң, балам деп сені атамай-ақ қояйын», –деп айтқаны бар еді. «Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, жаман болса, асты жақсы» деген бар ғой...


- Сізді сегіз қырлы бір сырлы деуге болатын шығар. Соңғы кезде кітап жазуға ден қойдыңыз. Одан бұрын бокс алаңынан көретін едік, қазір көкпар тартып жүресіз. Рухани жаңғыру бойынша ашылған жобаны насихаттап жүрсіз бе әлде қызығушылық па?


- Бұл–қазақтың қанында бар нәрсе. Былтыр карантинде қолымыз бос болған кезде жылқы ұстап, бие саудық. Өзім жылқыға жақын болған соң көкпар қуып, атқа міне бастадық. Көкпар клубында көкпар тартып, жарыстарға қатыса бастадық. Кейін өнер көкпары жан-жақтан шыға бастады. Соңғы рет Нұр-Сұлтанда Елбасы кубогы болды, соған қатыстық. Оның денсаулыққа қаншалықты пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Екіншіден, ұлттық ойынымыз. Үшіншіден, шығыс қазақстандық бір ағамыз: «Сендерге рақмет! Инстаграмдарыңнан көріп, біздің мектеп оқушыларыда көкпар тартатын болды», – дейді. Ауылдағы 10-11 оқитын оқушылар кешкісін арзан ойын-сауыққа, ішімдікке жақын болғаннан гөрі, осылай атқа мініп көкпар тартқаны ерекше көзге түссе керек. Жалғыз Шығыс емес, басқа өңірлерде де мұндай жағдай болып жатыр деп ойлаймын. Өз басым бұл істі қолға алғаныма қуаныштымын. Бірақ мұны да ақырындап тежейтін уақыт келді. Жеке өмір, шығармашылық қалып бара жатыр. Көп уақыт ат баптауға, көкпарға кетеді. Кейде маңызды шаруаның бәрін тастап, көкпардың соңында жүресің. Қазір саралап отырсам, бұл да дер кезінде қолға алынған рухани азығым екен. Пайдалы нәрсемен айналыспасаң, әңгіме басында айтқандай бәрібір басқа жолға түсесің. Десе де, желідегі контенімді бұрынғыдай өзгертіп, мотивациялық жағын қолға алу керек болып жатыр. Күніне құмар ойынға қатысты көптеген хат келеді. Әрқайсымен сөйлесу керек, әйтпесе оның «мынадай дәрі ішесің, имамға барасың, психологке барасың» деген жауабы жоқ. Бірақ ем іздеген адам солай сандалады ғой. Ойлана келе, құмар ойын тақырыбын қозғап, керек адамға пайдалы ақпарат берсем деймін. Тіпті, бірге жұмыс істеуді де қолға алатын шығармын.


- Сіз де, квартеттегі жігіттер де өз бетінше ән жазып жүр. Топ болып жаңа ән жазбағандарыңызға біршама уақыт болды. Себеп карантин бе әлде уақытша шығармашылық тоқырау ма?

- Карантин себеп болған жоқ, жігіттердің бұрынғы жалыны басылып қалған сияқты. Жеке-жеке ән айтып, жақсы ән келсе өздері айтқысы келіп дегендей. Оның үстіне, сол жалын басылып қалғандай.


- Осыдан 10-15 жыл бұрын «Ерке қыз» деген әндеріңізді сол кездегі тыңдарман әлі ұмытқан жоқ. «Жігіттерде» сондай хит жоқ қазір.


- Сол кездері жалаң аяқ, аш жүрдік. Жалаң аяқ едік, бірақ мақсат бар еді. Сол мақсатқа жетіп алдық та, шамалы қарынымыз тойғаннан кейін жалқаулық басым болып кетті. Оның үстіне отбасылы болдық, бала-шағаның қамымен жүрдік. Әйтпесе, әндер жазылып жүр. Бірақ көңілден шықпай жатыр. «Неке жүзік» деген ән жазғанбыз. Соған бейнебаян түсірсек деп едік, ол жүзеге аса ма, аспай ма, уақыт көрсетеді.


- Соңғы кездері ән айтқыңыз келмей жүрген секілді. Әлде сізде ондай кез болмай ма?


- Ондай кез болды. Бұл заңдылық деп ойлаймын. Қайтадан қазір шабыт ашылып жүр, өйткені кәсіппен айналыс, үлкен бір тұлға бол, мейлі қай бағытты алсаң да, ел сені әнші деп танып, батасын берген соң, әншілікті алып жүру керек. Осыны енді түсініп жатырмын. Ертең кәсіпкер болып кетсең де, сені кәсіпкер Бағлан деп ешкім айтпайды. Бәрібір әнші Бағлан болып қаласың. Шама жетсе, кәсіп қыл, өнеріңді шыңда. Бірақ қалтаң тойға қарамау керек. Ел ағасы болар жасқа келгенде, қалтаң тойға қарап тұрса ыңғайсыз. Ол кезде құрметтеп шақырып жатса, жөні бөлек.


- Соңыңыздан қандай із қалдырғыңыз келеді?


- «Ақ пен қара», «Қарызсыз қазақ» кітаптары шыққан кезде тәубе дейтінмін. Бұл тұрғыда Жақсылық Үшкемпіров, Бейсен Құранбек, Әбдіғаппар Сманов, Ескендір ағаларымызды айтуға келетін шығар. Істеген ісі, айтқан сөзі алдыңнан әрдайым шығып тұрады. Әлі тірі сияқты. Елдің ықыласына бөленді. Ағаларымыздың осындай жолын берсе деймін. Мектеп, мешіт, жол соғуды Алла нәсіп етсе, оны да салармыз. Қолдан келгеннің бәрін істегің келеді. «Амалдан ниет жоғары», ниетіміз осындай.


- Тағы да кітап жазатын ойыңыз бар ма?


- Кейде күліп «Басқа сынаққа түсуге зауқым жоқ» деймін. Кітап жазамын деп ойламадым. Шәкәрім айтады: «Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?». Келген жағымыз белгілі, қайтсем пайдам тиеді? Жалпы не істеп жүрмін деп, ақ пен қара жағымды сызып көрдім. Минус, плюс деп, плюсіме жақсы жағымды жаздым. Минусыма жағымсыз тұстарымды жаздым. Оған бір дәптер де жетпей қалған шығар. Бұл көпшілігінде солай деп ойлаймын, бірақ сыртқа айта бермейміз. Минусты азайтып, ізденістің нәтижесінде кітап өмірге келді. Алда біршама жоспар бар. Көпшілікпен, жеке адамдармен жұмыс істесек деп отырмыз. Құмар ойынның құрығынан шығып жеңіске жеткені, жетпегені бар. Осының барлығын қорытып, тағы бір еңбекті дүниеге алып келетін шығармын.


- Жоспарыңызға сәттілік тілейміз! Сұқбат бергеніңізге рақмет.

Сұқбаттасқан Балғын Әділбаева