​«Бағымды Жанар Айжанова жаққан»: Жұлдызды клининг қызметкерімен сыр-сұхбат

0
1 836

«Дауысым мен түрім маған табыс әкеледі»


​«Бағымды Жанар Айжанова жаққан»: Жұлдызды клининг қызметкерімен сыр-сұхбат

Қазақ эстрадасындағы көптеген жұлдыздарға қызмет көрсетіп, үй тазалығын сақтауға қолғабыс етіп жүрген кәсіпкер жігіт - Нұрхан Жеңісбекұлы. Енді ғана жиырмаға толған жігіт «Клин хаус» деп аталатын компания ашып, өнер адамдарының үйін тазалап берумен айналысады. Оған қоса әлеуметтік желіде қызықты вайн түсіріп танымал болған. Нұрханмен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.


- Нұрхан, сені қазір әншілер, әртістер өз парақшаларына жиі салып, мақтауыңды асырып жатады. Әңгімемізді өзіңнің туып-өскен ортаң, отбасыңнан бастайықшы.

- Алматы облысындағы Қаскелеңде дүниеге келгем. Бірақ балалық шағым Жамбыл облысында өтті. Жамбыл ауданының Өрнек деген ауылында тоғыз жыл білім алдым. Сосын Тараз қаласындағы политехникалық колледжге ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша оқуға түсіп, ойдағыдай бітіріп шықтым. Сосын Алматыға келіп, клининг саласын зерттей бастадым.

Отбасымызда бес баламыз, мен үйдің үлкенімін. Менен кейін үш қыз, бір ұл бар. Ата-анам қарапайым адамдар, өз тіршіліктерін жасап жатыр. Өзім жайлы айтарым – осы.


- Нұрхан, өмірде неше түрлі мамандық бар ғой. Жаңа өзің ақпараттық технологиялар саласында білім алып, бірден неге клининг қызметіне бет бұрдың, осыны тарқатып айтып берші.

- Кішкентайымнан тазалыққа қатты мән беретін адаммын. Ата-әженің тәрбиесінде болдым. Әжем үйдің шаруасына икемдеп өсірді. Үйде үй жинайтынмын, ол кезде шаңсорғыш деген нәрсе жоқ, қолыма сыпырғыны алып үйдің бәрін ерінбей, кілемдердің астын көтеріп тұрып сыпыратынмын. Мен үй жинағанда міндетті түрде терезе сүртетінмін. Қазіргідей сұйықтық та жоқ, газет, қағаздарды мыжып, жұмсартып алып шиқылдатып тұрып сүртуші едім.

Сол хоббиім менің мамандығыма айналды. Колледж бітіріп, Алматыға келген соң клининг саласының курсын бітірдім. Одан кейін Ресейге барып, үш ай оқып, білімімді жетілдіріп, диплом алып келдім. Сосын Алматы қаласындағы жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды өткізіп, қаржылай қайтарымсыз грант жеңіп алдым. Солай бизнес басталып кетті. Қазір менің қол астымда 150-200 адам жұмыс істейді. Күніне 50-60 адамның үйін тазалап береміз, тапсырыс үздіксіз түсіп отырады. Олардың арасында депутат, министрлердің әйелдері, әншілер мен блогерлер, үлкен-үлкен сауда орталықтарының қожайындары, кәсіпкерлер бар.


- Иә, сені «Инстаграмда» әншілер түсірген видеодан көп көреміз. Ең алғашқы клиентің қай әнші немесе актер болды? Сол бір сәт есіңде ме?

- Ең алғашқы клиентім – Жанар Айжанова. Ол кезде мені ешкім танымайтын, жап-жас баламын. Өзімше «Инстаграмда» вайн түсіріп, қолымнан келгенін істеп, салып қоям. Сөйтіп жүрген шағымда Жанар Айжанова апай үйін тазалап беретін адам іздеп, желіге кірген екен. Мені көріп, өзіне шақырды. Бар ықыласыммен үйін жинап бердім. Рахметін жаудырды. Сөйтіп суретке түсіп, оны өзінің парақшасына салып, мақтауымды асырған. Сол кісіден кейін әріптестері, дос-жарандары, туыстары көріп, қазір олар менің тұрақты клиентіме айналып кетті.

Қазір енді Қайрат Нұртас, Гүлзира Айдарбекова, Ерке Есмахан, Тамара Асар, Жанболат пен Жазира, Тоқтар мен Бейбіт сияқты кісілермен жұмыс істеймін. Олардың сеніміне әбден кіргенбіз. Кілттерін тастап, бізге бар мал-мүлкін сеніп, шаруаларымен кете береді. Ол кісілер келгенше үйін жинап, тап-тұйнақтай етіп қоямыз. Әзірге алғыс арқалап жүрміз. Лайым солай болғай.


- Нұрхан, артық сұрақ болса ренжіме, дегенмен желіде сені көрген жұрт «Мынау қыз ба, жігіт пе?» деген сұрақты көп қояды. Сондай пікір де өте көп. Бұған жауабың қандай?

- Иә, ондай пікір бар, әсіресе «Тик-токта» көп. Бірақ мен олардың бәрін күнделікті оқып, «неге олай деді» деп ойланбайды екенмін. Уақыт жоқ. «Сені солай деп жатыр» деп айналамдағы адамдар да айтады. Шынымды айтсам, мән бермеймін. Жазғандар жаза берсін, айтқандар одан әрі айта түссін. Одан маған пайда көп, парақшамның қаралымы артады, оқырманым көбейеді. Керісінше, ондай пікір жазып, маған уақыт бөліп, даусыма, түріме мән беріп отырған кісілерге рахмет айтамын. Менің күннен күнге табысым артып жатыр. Даусым мен түрімнің арқасында қазір түрлі жарнамаларға шақыру алып отырмын.


- Құпия болмаса айына қанша табыс табасың?

- Құпия ештеңесі жоқ. Сұрағандарға жасырмай айта беремін. Айына орта есеппен 10-15 миллиондай табыс табамын.


- Таяуда ғана Жанболат пен Жазираның үйін жинап беріп, Жанболат саған өзінің қымбат киімін тарту етті. Жалпы, әншілерден жиі сыйлық алып тұрасың ба?

- Осы салада жүргенімізге бірнеше жыл болды ғой. Талай әншіден сыйлық алдық, талайы ризашылығын білдіріп, дастарханынан дәм ұсынады. Бәріне ризамын.


- Рахмет, Нұрхан! Еңбегің берекелі болсын!


Сұхбаттасқан – С. Мақұлбек.

ERNUR.KZ