​«Біздің халық кешіруді білмейді»: Индира Расылхан жеке өмірі, өнері жайлы сыр шертті

0
859

«Сол бір сәтті тағатсыздана күтіп жүрмін»


​«Біздің халық кешіруді білмейді»: Индира Расылхан жеке өмірі, өнері жайлы сыр шертті

Қазақ эстрадасында өзіндік орны, ерекше дауысы бар әншілердің бірі - Индира Расылхан. Біраз уақыт өнерден алыстап барып көрерменімен сағына қауышқан өнер иесінің жеке өмірінде, шығармашылығында нендей жаңалықтар болып жатыр? Алда қандай жоспарлары бар? Осы және өзге де тақырыптар төңірегінде әншінің өзі ERNUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.


- Индира ханым, алдымен сізді сахнаға қайта оралуыңызбен құттықтаймыз! Тыңдармандарыңыз әбден сағынған болар, ал сіз ше? Осы жылдар ішінде әнді, өнерді сағындыңыз ба? Қайта шыққан кездегі сезім қандай болды?

- Барша оқырман қауымға сәлем беріп әңгімемді бастайын. Мен негізі осы уақытқа дейін ешкімге сұхбат бермеп едім. Бірінші рет сіздердің сұрақтарыңызға жауап берейін деп отырмын. Мені енді «өнерге қайта келді» деп айтуға келмес. Себебі әлі де болса белсеніп, өнерге еңбегімді сіңіріп жатырмын деп айта алмаймын. Көптен бері жаңа ән жазылмады, жаңа клип те шықпады. Бірақ оның үлкен себебі бар. Оны әзірге ешкімге айта алмаймын. Құпия болып қала салсын. Сахнадан не үшін алыстап кеткенімді, ән айтпай қалғанымды уақттың еншісіне қалдырайық, орайы келгенде айтылады.

Сахнаны сағындым, ән айтқан кездегі ерекше сезімді сағынамын. Әрине, кішкентайымнан халықтың қошеметіне бөленіп жүрген жан болдым, соны аңсайсың, армандайсың. Бәрі Алланың қалауымен болып қалар, жаңа ән де жазылар, клиптеріміз де шығып қалар. Сол сәтті мен де жіберіп алмайын деп тағатсыздана күтіп жүрмін.


- Біз енді сіздің желідегі парақшаңызды бақылап отырамыз ғой. Бір постыңызда денсаулығыңыз болмай, Түркияда ем алғаныңызды айтып едіңіз. Қазіргі жағдайыңыз қалай, тәуір болдыңыз ба?

- Иә, кезінде ауырып қалып, Түркияға барып емделдім. Бірақ ол медициналық ем болмады. Басқаша бір тәсілді іздеп барғанмын. Қазір енді шүкір, тәуірмін. Енді-енді өз-өзіме келіп жатырмын. Жаңағы сахнадан көрінбей кетуімнің бір себебі де осы болды, негізі. Қазір енді бәрі жақсы...


- Жақсы болыңыз, ауырмаңыз! Байқаймыз, соңғы кездері қайырымдылықпен айналыса бастаған сияқтысыз. Науқас кісілерге ақша жинап, көмектесіп жатқаныңызды көрдік.

- Мен енді сахнадан көрінбей кеткен кездерде рухани даму бағытында өзіммен көп жұмыс істедім. Сондай кездерде маған «Кезінде, әнші боп тұрған кезде де көмек сұрап келген кісілер болды ғой. Соған лайықты түрде жауап бере алдым ба, танымалдылығымды дұрыс пайдалана алдым ба, мен бәлкім осы нәрсенің хақысын бере алмаған шығармын» деген ой келді. Жалпы, қайырымдылықпен айналысу туралы идея маған бұрын келген. «Бүйтсем қалай болады, былай істесе ше» деп іштей пісіріп, ойлап қоюшы едім. Енді қазір әлеуметтік желі шығып, ондай іспен айналысу оңай болып кетті ғой. Сосын осы істі қолға алайын деп шештім. Бұл енді кәсіпке айналдыратындай нәрсе емес. Көңілім қалап тұрса, адамдардың шын мұқтаж екенін көріп, көзім жетсе, шамам келетін тірлік болса ғана кірісемін. Ал шамам келмейтін болса мен ол жұмысқа араласпаймын. Яғни «көп сомма жинап бере алмайтын мүмкіндігім жоқ» деп түсіндіремін.


- Былтыр еді-ау, шамамда, «Мен адасыппын, қателік жасадым» деп пост салдыңыз. Өзіңіз дәріс берген кісілерден кешірім сұрап, ақшасын қайтарып беруге дайын екеніңізді жазып едіңіз. Сол іс немен бітті, ақшасын сұрап келген кісілер болды ма?

- «Мен адасыппын» деп пост салғанда түпкі мақсатым батыс психологиясы мен Ислам діні психологиясының айырмашылығын айтқым келген. Мен батыс психолгиясымен жұмыс істедім. Адамдарға да сол батыстық психологияның ережелерін түсіндіріп, оқыттым. «Травмамен жұмыс істеу» деген сияқты нәрселер мен үшін қызық болып көрінген еді. Бірақ түбін тексеріп, анықтай келе ол біздің салт-дәстүрімізге, дінімізге қарама-қайшы дүние екенін білдім. Сөйтіп сол сәтте тоқтаттым да, қазір енді Ислам психологиясына ден қойдым.

Қазір енді тек қана Ислам психологиясы шеңберінде алдыма келген адамдарға кеңес беріп, қарап, бірге жұмыс істеп жатырмын. Ал енді сіз айтқандай ешкім келіп, менен ақысын талап еткен жоқ. Бәлкім сол сәтте менің үйреткенім, айтқаным ол кісілерге көмектескен де шығар. Бірақ сол кездерде жаңылысып, дұрыс емес бағытқа бет бұрып кеткенімді түсіндім. Біздің асыл дінімізден басқа ештеңенің қажеті жоқ екен.


- Жеке өміріңіз, отбасыңыз, ұл-қыздарыңыз жайлы айта отырсаңыз...

- Алланың бұйыртқан төрт перзентім бар. Айдина, Дарина деген егіз қыздарым 23-ке келді. Тұрмысқа шығатын жасқа жетіп, бойжетіп отыр. Одан кейінгі ұлым Аслан биыл мектеп бітірді. Стамбұл қаласына оқуға барам деп ниеттеніп отыр. Бұрыннан өзім «Осы балам қайда барса, соның артынан жүрем» деп айтушы едім. Енді білмей отырмын. Бір жағынан есейіп қалды, өзін еркін жіберген де дұрыс сияқты. Жауапкершілікті сезініп көрсін деп ойлап қоям. Ал енді одан кейінгі кенже қызым Раяна бесінші сыныпты аяқтап отыр.

Менің отбасымда балаларымнан бөлек анам бар. Ол кісімен бірге тұратынымды барлығы білетін шығар. Сол кісінің қасында, батасын алып, балаларым әже тәрбиесін көріп, жап-жақсы өмір сүріп жатырмыз, шүкір!


- Шығармашылығыңызда нендей жаңалықтар болып жатыр? Өнер туралы әңгімелесейікші...

- Қазір енді ән жазатындай, жаңа әнді жарқ еткізіп алып шығатындай шабытым жоқ, шынымды айтайын. Білмеймін, рухани бағытқа өткеннен кейін, маған сахнада ән айтқаннан гөрі әлгіндей қайырымдылықпен айналысып, адамдарға көбірек пайдамды тигізгенім жаныма тыныштық сыйлайтындай көрінеді. Сол себепті қазір рухани даму бағытында көп ізденіп, білім алып жүрмін.

Әншілік менің хоббиім болып қалатын шығар. Бұрынғыдай сахнаға жиі шығып, коцерттерден қалмаймын деп айтпай-ақ қояйын. Мен енді қазір Ислам психологиясы саласындағы сарапшы, коуч ретінде өзімді танытқым келеді.


- Өнерде кімдермен араласасыз, кімдерден көңіліңіз қалды? Жалпы, өнерде біраз жүрдіңіз ғой, көңілге не түйдіңіз, не үйрендіңіз, неден жирендіңіз?

- Өнердегі барлық әріптестеріммен жақын араласамын, жақсы доспын деп айта алмаймын. Дегенмен бәрімен сәлемім түзу. Ешкіммен ренжіскен емеспін, ешкімге өкпем де жоқ. Өнерде жүрген жандардың бәрінің көңілі ашық негізі. Бірақ кейде дұрыс емес ақпараттар таратылып, әншілер халыққа жеккөрінішті болып көрініп жатады. Ақпарат дәуірі ғой қазір, өнер адамдары жайлы күніне жүздеген ақпарат жазылады. Кейде соларды оқып отырам да, артымнан сондай сөз ертпей, халықтың сынына ұшырамай тұрғанда сахнадан алыстағаныма қуанамын.

Біздің халық кешіруді білмейді ғой. Біреу туралы теріс пікір жазылса «сондай екен» деп бірден жек көріп кете салады. Ол адам мәңгі бақи түзелмейтіндей, оңалмайтындай көреді. Яғни нейтрал ойлау деген жоқ. Адамдарды «тым жақсы» немесе «тым жаман» деп қарастырады, болды. Мейірімді болайықшы, біліп-білмей қателікке бой алдырса кешіріммен қарайық. Пенде болған соң жаңылысады, әншілер де ет пен сүйектен жаралған адам. Танымалдылығы шекесіне таяқ болып тиеді. Жығылған үстіне жұдырық жұмсамай, жұмсағырақ болайық дегім келеді.