​Еңлік Әбдіқадыр, продюсер: "Ұлт пен ұрпақтың болашағын ойлайтын қыздар тоқалдыққа қарсы болмауы керек!"

0
7 135

Еңлік Әбдіқадыр – «Ана тілі аруы» байқауының жеңімпазы, журналист, продюсер, «АЕН» продюсерлік орталығы мен «Армандар орындалады» журналының директоры.


​Еңлік Әбдіқадыр, продюсер:

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Оны біздің факультетке келген кезінен бастап танимын. Содан бері оның біреумен бос уақыт өткізіп отырғанын, болмаса салы суға кетіп жүргенін көрмеппін. Үнемі өзін жоғары және салқын ұстайды. Бірақ жаны нәзік екенін жанарлары айтып тұрады. Жиырмадан енді асса да, мол табысқа жетіп отырған көпшілікке кеңінен таныс Еңлік Әбдіқадырмен осы жексенбілік таңғы асты бірге ішіп, біраз сыр тарқаттық.

Қарашаш Есенбай: Еңлік, сұқбатты мынадан бастағым келеді, кезінде «Ана тілі аруы» болғаныңды жақсы білемін. Сол кезде «Сатып алды» деген шу шыққанда, «Тәжді сатып алғанша, үйге көмір сатып алмаймын ба?!» деген едің. Біз университеттегі, өнердегі Еңліктің келбетін білгенмен, отбасы туралы білмейді екенбіз...

Еңлік Әбдіқадыр: «Ана тілі аруы 2014» осыдан төрт жыл бұрын болдым. Ол кезде шынымен үйде газ жоқ, ауылдағыдай от жағатынбыз. Адамдар сынап, мінеуге дайын тұрады ғой. Жетістікке кім қандай күшпен жеткенін ойланбайды, керісінше олар туралы әртүрлі ойларды құрастырып алады. Мен әлі түсінбеймін, ондай кішкентай жобада тәжіңді сатып алу ақымақтық қой. Маған «Сатылады» десе алмаушы едім. Өйткені, біріншіден-әділетсіздік, екіншіден-түкке тұрғысыз! Ата-анамды ондай түкке тұрғысыз заттар үшін қинамаймын. Алсам еңбегіммен аламын, алмасам қажет емес! Әрине сол уақытта инстаграм шулап, телефоныма хабарламалар келіп жатқан кезде қатты ашуландым. Сосын мысқылдап «Соны алғанша, екі тонна көмір алмаймын ба?» деп жазғаным бар.

Мен бақуатты отбасынан шыққан жоқпын! Бірақ мен өзімді солай көрсеткім келеді және солай ұстаймын. Өйткені өзімнің қабілетімді және болашағымның қаншалықты жарқын екенін, ертеңгі күнімнің жетістікке, жеңіске толы боларын сеземін. Өйткені Еңліктің образын бала күнімнен қалыптастырып қойғанмын. Қалай жүргім келеді, қандай тамақ ішіп, кімдермен сөйлесіп, қандай киім киетінімді, не нәрсені ойлап жататыныма дейін ойластырып қойғанмын. Әрине бәрі Алланың қолында, одан аспаймыз ғой. Бірақ өмірлік мақсатымды құрып қойған адаммын. Әртүрлі өзгеріс болып кетпесе, мен мақсатыма жетемін.

Отбасым өте қарапайым. Анам - медбике, әкем - бір холдингте жүргізуші болып қызмет етеді. Біздің бала күнімізден бастап ата-анамыз қарапайым жұмыспен айналысқан, қазір де айналысып жүр. Менің дәл қазіргі үлкен мақсатым екеуін де жұмыстан шығарып алып шағын кәсіп ашып берсем деймін. Әкем сол жұмыспен айналысса, анам үйде отырса деген арманым бар. Өйткені үйге кіріп келген кезде тамақтың иісі аңқып тұрса, сені анаң күлімдеп күтіп тұрса, үйде керемет бір атмосфера болады емес пе?! Мен соны қатты аңсаймын, сол үшін барлық жағдайды жасауға дайынмын.

Қарашаш Есенбай: Байқау дегеннен шығады, қазақи көзқарас сондай сұлулық байқауларын қолдай қоймайды. Сенің көзқарасың қандай?

Еңлік Әбдіқадыр: Сұлулық байқауларына көзқарасым өте жақсы. Бірақ сол біздің менталитетке сәйкес өткізілсе. Тіпті мынау «Қазақ аруы» деп ұйымдастыратын байқау да біздің менталитетке келеді дей алмаймын. Заманауи тұрғыдан дұрыс та шығар, бірақ мен өзім қазақи ойлайтын, қазақи отбасынан шыққан қыз ретінде көңілім толмайды. Оған қатысушыларды «қазақ аруы» деп мақтап таныстырып жатқан кезде салт-дәстүрді білмей, қарапайым сұрақтардан мүлт кетіп жатады. Ол - қыздың абыройын төгеді. Ондай қыздар қалай «қазақтың аруы» атанады? Олай масқара болғанша, сол шарттарын алып тастай салмай ма деп ойлаймын. Өйткені олардың қателіктерін көрген басқалар «Қазақтар өздерінің дәстүрін білмейді» деп айтады ғой. Бізде көбінде түрі мен бойына қарап таңдай береді. Адамның сұлулығын жарыстырып жату дегенді де түсінбеймін. Жалпы сұлулық байқауларына елуде-елу көзқараспен қараймын.


Қарашаш Есенбай: Қазір сол қыздар қазақ аруларының образын жасап жүр ғой. Оған риза емес екеніңді сөзіңнен байқадым. Сенің ойыңша, қазақ қызының образы қандай болу керек?

Еңлік Әбдіқадыр: Қазақ қызының образы кешегі Баян Сұлу, Қыз Жібек, Еңліктерді қайталау керек деп айтпаймын. Біз заманауи қазақтың қыздары болуға ұмтылу керекпіз және сол заманауилықты бұрынғы салт-дәстүрмен байланыстыра отырып насихаттауға болады. Ұзын киіп, бөрікпен жүр демейміз. Бірақ киімнің де элегантты нұсқасы бар ғой. Мысалы жеңі иықтан түсуі, белдемше мен көйлектің ұзындығы тізеден төмен түсуі міндетті. Қазір ашық киіну, қатты бояну сәнді емес! Қазір жігіттердің өзі табиғи қыздарды іздейді. Табиғи сұлулықты аңсап, шөлдеп жүр ғой біздің жігіттер (күліп).

Ал біз өкінішке орай өзімізді жасандылыққа итермелеу арқылы табиғи болмысымыздан алыстап кеттік. Ал мен табиғи болмысымызбен білімді де, ақылды да, дана да болуды қалаймын. Мен нағыз қазақ қызы салт-дәстүрді білетін, өзінің табиғи сұлулығымен қоса ізеттілікті, мәдениеттілікті сақтауы керек деп есептеймін.

Керісінше қазіргі қыздар деген боқтап, қалай болса солай сөйлеп өзінің мәдениеттілігі мен тәрбиесінің төмендігін байқатып қояды. Ал қазақ қыздары негізінде ондайға жол бермеуі керек

Қарашаш Есенбай: Сен сұлулық байқауына «Ана тілінен» кейін қатыспадың қателеспесем. «Ана тілі аруы» Алматы қаласының аясында ғана өтетін байқау, ал республикалық байқауларға ұсыныстар болған шығар?

Еңлік Әбдіқадыр: «Ана тілі аруынан» кейін, Баян Мақсатқызы ұйымдастыратын «Қазақ аруының» іріктеуіне бардым. Сондағы қыздарға қойылып жатқан салт-дәстүр турлы сұрақтардың бәрінің жауабын білетініме сенімдімін. Тіпті өзім ішек-қарын жуу, етті жіліктеумен кімге бұйыратынын да жақсы білемін. Бірақ ол жаққа барған кезде менің бойым жетпеді (күліп), сондықтан өте алмай қалдым. «Қазақ аруына» қатысатын болсам жеңетініме 100% сенімдімін!

Бірақ ол жерден көңілім қалып қайтқанмын. Шашым ұзын, бояуым жоқ табиғи кейпіммен барып тұрсам, бойы ұзын, түрі әдемі бірақ орысша сөйлейтін қыздар өтіп жатты. Мен бала көңілмен бойыма қарамайды, қазақи болмыстағы қызды таңдайды деп сеніп тұрдым (күліп)... «Бойыңыз келмейді» дегенде оның «Қазақ аруы» емес, тек шоу екенін түсіндім. Дегенмен байқаулар болмаса да, кештер жүргізуге, киноға ұсыныстар түсіп тұрады.

Қарашаш Есенбай: Еңлік, қазіргі сұрағым бәлкім аздап ерсілеу де шығар? Бірақ бұл біздің түсінігімізде бар дүние ғой. «Сұлулық байқауына қатысқан қыздарға үлкен «ағалардың» көзі түспей қоймайды деп жатады. Өзіңіз әдемісің, сұлусың. Сондай «ым» білдіргендер болды ма?

Еңлік Әбдіқадір: Ондай адамдар жоқ емес, айналаңда өріп жүреді. Өзінің үйінде әйел, бала-шағасы бола тұра саған жылы сөздер айтып, көңіліңді аулағысы келіп тұратын ер адамдар бар. Олардан себебін сұрасаң шығармашылықпен байланыстырып жатады. «Аға» деп сыйлап тұрсаң, басқаша қарап тұратыны қынжылтады. Ыңғай білдіріп жататындар бар, бірақ мен суықпын ғой. Байқасаң сыртым да, мінезім де қатал көрінеді. Сондақтан маған батылы жетіп сөз айтатындар сирек. Мектеп кезінің өзінде маған жігіттер көңіл білдіруге батпай жүретін.

Мінезімнен шығар мен жігіттерге мүмкіндік бере қоймаймын, сондықтан ондай ойлылар да аулақ жүреді. Ал енді батылы жетіп сезімін айтып келген жігіттерге риза боламын (күліп). Өйткені ол өзін, уайымын жеңіп келіп тұр ғой. Бірақ біздің қазіргі жігіттерде батылдыққа, тәуекелге баратын қасиет жоқ! Ренжімесін, бәрі болмаса да әлсіздері көп...

Қарашаш Есенбай: Жақсы, ол жігіттер туралы артынан айтатын боламыз. Осы жерде мына сұраққа жауап бере кетейікші. Бізде сен әдемі, танымал, табысты болсаң біреудің «тоқалы» деген түсінік қалыптасып кеткен. Сенің әлі отбасы құрмағаныңды білемін, бірақ осы екі әйел алу мәселесіне көзқарасың қандай?

Еңлік Әбдіқадыр: Екі әйел алу... Негізі мен осы туралы бір бағдарламаға шығуым керек болатын. Білмеймін, Құдай сақтады ма екен әйтеуір сол түсірілім болмай қалды. Негізі мен ол жерде тоқалдықты қолдап шықпақ болғанмын. Бірақ қазір де қолдаймын! Өйткені менің түсінігімде, онда түрған ештеңе жоқ! Екіншіден, салт –дәстүрге қанып өскен қыз ретінде мен оны жаман жағынан қабылдамаймын. Бірақ насихаттауға да қорқамын. Жалпы бұл тақырыпта сөйлесуге қорқамын. Өйткені ертең «Өзі біреудің тоқалы шығар» деген әңгіме шығуы да мүмкін. Ондай ештеңе жоқ!

Бірақ қараңызшы, бұрынғы ата-бабаларымыз қазіргі жігіттерден ақымақ болған емес қой. Керісінше қазіргі жігіттер олардың деңгейіне жете алмауы мүмкін. Өйткені құр нәпсімен өлшеп жатады. Ал бұрын аталарымыз белгілі бір мақсатпен шешім қабылдаған. Мысалы қанша данагөй тоқалдан туды. Ол кезде ұрпақтың саны көп болды. Ал қазір бізде халықтың саны аз, тұрмысқа шықпаған қыздың саны көп. Әйел өзінің еркегіне жабысып алып, өзгемен бөлісе алмаса біздің ұрпағымыз көбеймейді. Әрине, қыз баласы ретінде менде де қызғаныш болатын шығар. Бірақ оған келу үшін үлкен даналық керек екенін түсінемін. Қазағын, дәстүрін, болашағын ойлайтын әйел оған даналықпен келетініне сенемін. Бұл туралы көп оқып, зерттеп тастадым деп айта аламын. Қазір оқыған оқырман менімен келіспес, бірақ жылдар өте келе оның белең алғаны білінеді деп ойлаймын. «Ер адам елдің адамы» дейді, ол әйелдікі немесе тағы біреудің меншігі емес. Әйел адам еркектің меншігі шығар, бірақ ер адам елі үшін. Әр ер адамнан 10-15 баладан туылуы керек. Сонда біз көбейеміз. Ертең қызымның жігіт жоқ деп басқа ұлтқа күйеуге шыққанын, ұлымның басқа ұлттан келін алып келгенін қаламаймын! Ол үшін не істеуіміз керек? Біз қазір ұрпақтың санын көбейтуіміз керек. Ұлт пен ұрпақтың болашағын ойлайтын салиқалы қыздар бұған ақылмен келеді. Мен қандай қиын болса да шыдауға тырысар едім, өзіме Құдайдан сондай даналық сұраймын. Бұл мен тоқал болайын деп жатырмын немесе бәйбіше болып тоқал алып беремін дегенім емес. Ол жағдайға байланысты ғой. Бірақ менің ойым оң!


Қарашаш Есенбай: Бұл жерде сенің пікіріңмен келісемін! Бірақ осыдан кейінгі ауыр тиетін сұрақты қойғым келмейді. Әңгімені кәсібіңе қарай бұрсақ. Сенің екінші курста бар болғаны 20 мың теңгемен кәсіп ашып кеткеніңді білеміз. Сол сәттерді қасқаша еске алып кетейікші.

Еңлік Әбдіқадыр: Кім қалай айтса да, ол кездегі ісімді өзім ерлікке балаймын! Әрине мақтаныш емес, қуаныш қана. Өйткені тәуекелге барып, қадам жасадым. Бар болғаны 20 мың теңге шәкіртақыны алып жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалға кеңсе алдым. Ол кездер өмірімдегі ерекше сәттер болып қала береді. Продюсерлік орталық ашып, асабаларды жинап, той ұйымдастырдым.

Сосын өзім журналистика факультетінде оқып жүріп, тәжірибеге де тез түстім. Студент күнімде белгілі арналарда қызмет істеп, «Балжан» секілді журналдарда бас редактор болдым. Мен бір қасиетім өзім алған ақпаратты өзгелерге де бере аламын. Сондықтан журналистика курсын ашып шәкірт тәрбиелей бастадым. Алғашында екі адамға бес мың теңгеден өтіп жүрген сабағымның құнын, сапасын білген адамдар өздері-ақ келе бастады. Ол кезде «Өзі студент, не үйретеді дейсің» дегендей жел сөздердің де көп болғанын жасырмаймын. Осы тұсын жазасың ба, білмеймін... Екеуміз бір жерде оқыдық қой. Сол журналистика факультетіндегі кейбір мұғалімдерінен мықты сабақ бере аламын деп айта аламын! Бірде журналда бас редактор болып жүрген кезде неге өзім журнал ашып көрмеске деп «Армандар орындалады» журналын шығара бастадым.

Қарашаш Есенбай: Қазір журнал сатып алып оқитындар аз ғой. «Армандар орындаладының» қарқыны қалай болып жатыр?

Еңлік Әбдіқадыр: Мен журнал оқылады, сатып алады деп айта алмаймын. Бірақ пайдалы іспен айналысып жүргеніме қуанамын. Қазір екі айда бір рет шығатын еліміздегі тұңғыш мотивациялық журналдың өз оқырмандары бар. Біздің оқырмандар журналға тапсырыс береді, сол арқылы біз жеткізіп отырамыз. Басылымда өз армандарына жеткен қаншама жанның құнды ойлары, кеңестері жазылады және ол мәңгі сақталып қалады ғой. Мәңгі сол журналды жүргізіп отырамын деп айтпаймын, бірақ ол маған көп мүмкіндіктер сыйлап, біршама адамдармен танысуыма септігін тигізді. Журнал ашу туралы ойдың пайда болуы да қызық. Мен Сәкен ағадан сұқбат алуды қатты армандайтынмын. Ал сұқбат алу үшін өзім бір жерге жұмысқа тұруым керек. Бірақ мен біреудің қол астында бағынышты болып жұмыс істегенді ұнатпаймын. Сондықтан өзім журнал ашып, Сәкен ағадан сұқбат алдым. Ал қазіргі арманым Генадий Головкинмен сұқбаттасу. Ол үшін де бір нәрсе ойлап табатыныма сенімдімін (күліп).

Қарашаш Есенбай: Кеше өзің Генадий Головкин қатысқан форумда болыпсың. Өзің де сондай тренингтерді кәсіпкер Аманжол Рысмендиевпен ұйымдастырып жүрсің ғой. Сондай бизнес форумдарға деген қазақ қоғамының көзқарасына тоқталып өтсең?

Еңлік Әбдіқадыр: «Тренинг – өтірік» дейтін әңгімені айтатындар оны білмейді, немесе естісе де техникаларын қолданып көрмегендер. Өйткені тренингте айтылатын кеңестерді қолданып, еңбек еткен адамның ештеңеге жетпеуі мүмкін емес. Ойлап қарасақ А.Рысмендиев пен біздің мақсат-мүдделеріміз бір. Бізді сол мақсатымыз біріктіреді. Мен ол кісінің шәкіртімін десе де болады. Менің де болашақта Аманжол Рысмендиев сияқты тренерлік салаға келгім келеді. Қазақ қыздарына тәрбиені, кәсіпті насихаттайтын адам болсам деймін.

Қарашаш Есенбай: Бірде Шымкентте жүрген кезімде сондағы кәсіпкерлердің бірінен Аманжол Рысмендиев саған көлік беріпті дегенді естіген едім. Ол қаншалықты рас ақпарат?

Еңлік Әбдіқадыр: (Күліп) Әрине ол ақпарат өтірік! Мен көлікті біреудің арқасында алмаймын, сыйласа да алмас едім. Мен өзімнің шынайы еңбегіммен жеткім келеді. Өйткені біреудің алдында қарыз болып қалғым келмейді. Қазір көлік алатындай табысым бар, бірақ мен ата-анамды бірінші орынға қоятын адаммын. Сондықтан әкеме жақсы көлік сатып алып бермей, өзім көлік мінгім келмейді, оған мені арым жібермейді. Оларға септігімді тигізіп жүруді қалаймын, сонда менің жұмысым алға басады.

Қарашаш Есенбай: Айтпақшы, бірде «Жігіттер» тобындағы Бағланның сен туралы жазбасын оқыған едім. Сенің бір сұқбатыңнан кейін шабыт алып, өзін қамшылап кәсіп ашыпты. Сенің журналыңнан бұрын, желідегі жазбаларың да мотивациялық қой. Содан өміріне өзгеріс енгізіп жатқандар көп жаза ма?

Еңлік Әбдіқадыр: Әрине біреуге біреу себепші болады ғой. Мысалы менің журнал ашуыма Сәкен аға себепші. Сол сұқбаттан кейін ол кісімен жақсы қарым-қатынастамыз. Мотивациям өшіп қалған кезде ағама хабарлассам, жігерлі сөздерімен үрлеп жібереді. Ал маған қыздар көп жазады, тіпті аналары жазып қыздарының мен сияқты болғанын қалап жатады. Осы себептен де қазір ютуб арнама пайдалы дүниелер түсіріп жүрмін. Мысалы «Менің мырзам» деген бағдарламаға елд ағаларының жарлары келіп өмірлік құндылықтарымен бөліседі. Онда Ұлту Қабаева, Қарагөз Сүлейменова, Бағдат Әшімова сияқты аналарымыз қонақта болды. Мұндағы мақсатым қазақ қыздары тұрмысқа шықпай тұрып ер азаматтың бабын, көңілін таба алса екен деген жақсы ниет.


Қарашаш Есенбай: Енді жаңа соңында айтамыз деген тақырыпқа келейікші. "Қазіргі жігіттер әлсіз" деп нықтап айттың. Олай айтуыңа не түрткі болды?

Еңлік Әбдіқадыр: Әлсіз деп айтқан себебім, мен жақында «Табысты әйел бақытсыз болады» деген жазба жазамын. Оны үлкен дайындықпен жазып жатырмын, ертең ер-азаматтардың намысына тиіп кетпейін деп екі жақтың пікірін елуде-елу етіп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» жазсам деп ойлап жүрмін.

Өкінішке орай жігіттер қауымы кейбір тірлікке әлсіздік танытып жатқаннан кейін әйелдер алдыға шығады. Жігіттерге қазіргі көзқарасым кішкене тәуекел жасай алса деймін. Өздерінде «еркекше» деген ұғым бар ғой, сол «еркекше» тірлік етсе. Кейбірі болмай қалған қыздардың тірлігімен айналысып жатады. Әрине мықты жігіттеріміз де бар. Бірақ ол мықтыларымыздан әлсіздер көп болған соң, қыздар «Жақсы жігіт жоқ» дейді. Жігіттер қауымы жетістікке жеткен қыздармен сөйлесіп кетуге қорқады. Өзінен ақылды қыздан қорқады. Негізі ер адам билігін жүргізе алса, әйел оған бағынады ғой. Бірақ біздің әйелдер де ерлердің физикалық күш қуатын дұрыс пайдаланбайды. Өздері шегені қаға салады,өздері отын жара салады. Оны көрген еркек менсіз де өмір сүре алады деп ойлайды. Менің ер адамдарға айтарым: «Өтінем, кішкене батыл болыңыздаршы! Тәуекелге барыңыздаршы!». Табысты еркекке барлық әйел үйір, өйткені оның еркектің намысы, міндеті алға қойған мақсаты бар. Он жылдан кейін кім болатынын білмейтін жігітке тұрмысқа шығу дұрыс емес!

Қарашаш Есенбай: Өзің он жылдан кейінгі Еңлікті қалай елестетесің?

Еңлік Әбдіқадыр: Мен 30 жастағы Еңлікті жазып қойғанмын. Ол кезде Қазақстан ғана емес, ТМД қыздардың этолонына айналады! Менің бірінші мақсатым 5 жастағы қыздан бастап 50 жастағы әжелерге дейін мені тілге тиек етіп, үлгі етіп айтып отыратындай болуым керек. Қазақстандағы қыздарға арналған сұлулық пен табыс академиясының негізін қалаушы боламын деп елестетемін. Бес кітаптың авторы болғым келеді. Одан кейін Еңлікті үш баланың анасы, үнемі ер азаматының разылығына бөленіп жүрген дана әйел ретінде елесеттемін.

Қарашаш Есенбай: Жаңа «Табысты әйел бақытсыз болады» деген постың туралы айттың. Өзіңді солай сезінген сәттер болған ба еді?

Еңлік Әбдіқадыр: Кейде қасыңда бір арқа сүйер адамым болса ғой деп армандаймын. Бірақ қазір тұрмысқа шығуға дайынмын деп айта алмаймын. Ол өмірдегі үлкен қадам ғой, оған да бір дайындықпен келу керек. Мені біреулер «Тұрмысқа шығуға қарсы қыз» деп сипаттайды екен. Жоқ! Мен керісінше тұрмысқа шығуды насихаттаймын! Ал бірақ мен бақытсыздықты сезінген жоқпын, Алла сақтасын. Ата-анам мен отбасымның қолдауы бар.

Қарашаш Есенбай: Сөзіңнен байқағаным, әлі Еңліктің ойындағы азамат кездескен жоқ.

Еңлік Әбдіқадыр: Ойымдағы адам кездескен жоқ және мен оны іздеп те жүрген жоқпын. Мүмкін өзім ниеттенбегендіктен жолықпаған шығар?!

Қарашаш Есенбай: Жаңа сөзіңнің басында анамды жұмыстан шығарып алу арманым деп айттың. Ертең сен де біреудің анасы боласың. Сенің де балаларың мен жарың үйде отыруыңды қаласа қалай қарайтын едің?

Еңлік Әбдіқадыр: Менің үйде отырғанымды қаласа, демек ол менің ер азаматым емес! Мен таңдаған адам олай айтуы мүмкін емес. Себебі дінімізде «Игі ерлер игі әйелдерге, игі әйелдер игі ерлерге жолығады» дейді ғой. Сосын ұқсас адамдар бір-бірін табады дегенге сенемін. Ал енді басында қарсы болмай, отбасын құрған соң талап етсе азаматымның айтқанынан аттап өте алмаймын. Балалардың бақытын көріп отыру да керемет шығар кім білсін?!

Қарашаш Есенбай: Еңліктің өмірі өзің армандағандай болуына тілектеспін! Уақыт бөлгенің үшін көп рақмет!


Фото: enlik_abdikadyr

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ