Елімізде «Келінжан» –ең көп қаралым жинаған, танымал отбасылық сериал. Қазіргі таңда телехикая толықметражды фильм ретінде үлкен экранға шықты. Картинада кейіпкерлер өзгермегенімен, оқиға желісі басқаша өрбиді. Яғни, фильмде ағайын арасындағы түсініспеушілік пен абысындардың ақшаға таласы арқылы көрсетіледі. Шыққанына екі аптаға жуықтаса да, сеанста адам қарасы қалың. Алдын ала ғана алынған билетпен кіруге ғана мүмкіндік бар. «Келінжанның» продюсері Гүлнұр Мамасарипова ernur.kz сайтына фильм туралы сұхбат берген болатын.
- «Келінжан» фильмі үлкен экранға шыққанына екі аптаға жуықтап қалды. Туындының көпшіліктің ықыласына ие болғанын билет алуға кезекке тұрған көрермендерден байқауға болады. Жалпы шамамен касса қанша жинайды деп күтіп отырсыз?
- Бұл жолы фильм желісінде өзгешелік бар. Бірақ ұстанымы, позициясы бір болғандықтан, сериалдың жалғасы біріктіріліп ұсынылды деп айтуымызға болады. Енді кассаға келер болсақ, шамамен 500 млн жиналады деп отырмын.
- Толықметражды фильм қашан, қалай түсірілген еді? Қанша бюджет жұмсалды?
- Сенесіздер ме, біз сериал түсіріп жатқан кезде осы толықметражды фильмді бірге түсірдік. Маған осы сериалды фильм ретінде түсіру идеясы келген кезде бірден режиссер Ернар Нұрғалиевқа айттым. Ол бірден қолдады. Осылайша, түскен қаражатты 50/50 етіп бөлетіндей келістік. Ақшаны қайдан аламыз деп ойлана келе, Ернар бүкіл техниканы өзі табатын болды. Мен қалғанына жауапты болдым. Сөйтіп, түсірілім тобын жинап, идеямызды іске асыруда қолдау беруін сұрадым. Олар келісіп, сол бойда актерлардың кейбірінің жартылай гонорары беріліп, келістік. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» демекші, рекорд жасап, толықметражды киноны 12 күнде түсіріп бітірдік.
- Фильмнің телехикаядан өзгешелігін айтып өтсеңіз? Қандай мақсатта түсірілді?
- «Келінжан» фильмі ағайындар арасындағы түсініспеушілік пен абысындар арасындағы ақша үшін талас арқылы өріледі. Біз телехикаяда абысындар арасында дауды көрсетсек, бұл жолы ағайындылардың бірлігіне ақша сызат түсіреді. Аталары Темірбектен қалған жер телімін кәсіпкер сатып алмақ болып қомақты қаражат ұсынады. Осы ақшаға бауырлар таласады. Қара шаңырақтың иесі Күлімхан апа ұлдары мен келіндерінің қырғи-қабақ болғанын көріп, даулы мәселеге ақылды шешім шығарады.
Негізі көпшілігі барлық сезондағы оқиғаның жиынтығы ма деп сұрайды. Бұл ешқандай да жиынтық емес, өз алдында бөлек бір дүние. Оның үстіне бұл жерде youtube желісінде танымал болған «Жездуха» сериалының да жігіттерін түсірілімге шақырдық. Жалпы, өте қызықты болды деп айта аламын.
- Ал телехикая «Келінжанды» осы төртінші маусыммен аяқтаймын деген екенсіз. Неліктен жалғасы түсірілмейді?
- Иә, телехикаяның жалғасы болмайды. «Келінжан» – менің продюсерлік жобам, жеке туындым. Әр образды ойлап, олардың оқиғасын құрастырып, бір-біріне сай үйлесімділігін таңдадым. Аллаға шүкір деп айтайын, бұл туындымды халық жылы қабылдап, ерекше ықыласқа бөледі. Тіпті, халықтың сүйікті киносына айналды дер едім. Дегенмен, кез келген дүниенің басы мен аяғы болады. Сондықтан, соңғы төртінші маусымды қызықты етіп түсірдік деп ойлаймын.
- Жалпы, өзіңізге «Келінжанның» қай маусымы ыстық?
- Алғашқы маусымы ыстық деп айтар едім. Себебі бәрі сол кезде басталды. Ол сәттің бәрі көз алдымда. Әр образға таңдалған актерлер жақсы алып шықса деп қатты уайымдадым. Нәтижесіне халықпен бірге қуанып отырмыз.
- Иә, шынымен «Келінжанды» халықтың жақсы көргені соншалық, кейіпкерлердің сөздері де хит болып таралып кетті. Жалы, «Келінжан» өзінің қойған мақсатына жете алды ма?
- Иа, әлеуметтік желілерде тез таралып кетті. Оның себебі, кейіпкерлерде күнделікті қолданатын сөздерді қолдандым. Біздегі туындылардың кемшілігі де сол, әдеби тілде, орыс тілінен аударылған болғаны үшін де халық жақын қабылдамайтын болар. Өйткені, ауылдағы сатушыға «ғафу етіңіз» деп диалог жаздырсақ, ол өмірінде ондай сөз айтпайды ғой. Сол үшін де телехикаядағы әрбір сөзді өзім айтып көріп, қалай қабылдайтынына дейін ойланып отырып жаздым. Негізі «Келінжан» жобасының мақсаты - келін тәрбиесі, татулығы, ененің қайсарлығы, даналығын көрсету. Бағасын халық бере жатар, өзім ештеңе айтқым келмейді.
- Соңғы сұрақ, «Келінжанның» көрермен ықыласына бөленудегі сыры неде?
- Маған осы сұрақ жиі қойылады. Өзімнің ойымша, «Келінжанда» шынайы өмір көрсетілді. Біз қиял-ғажайып ештеңе қоспадық. Өзім ата-әженің қызымын. Анамды санағанда бес келіннің тіршілігін көріп өстім. Ауылымызда әр үйде бір ене болды. Кішкентай кезімнен адамдарды зерттейтінмін. Осы «Келінжанды» түсіргенде сол қасиетім жақсы пайдасын берді. Себебі, әр кейіпкерім жиынтық образ болып шықты. Әлеуметтік желіде келген хаттарды оқып отырсам, «Айсара тура жеңгем сияқты, Балқия мамама ұқсайды» деген хаттар көп келеді. Оның себебі, әр әйелдің бойында, Айсара да, Балқия да, Асылым да өмір сүреді деп айтар едім. Содан болар, «Келінжан» шынайылығымен, кейіпкерлерінің табиғатымен ерекше ықыласқа бөленді.
- Әңгімеңізге рақмет!