Hey Monro: "Өмір" менің басымда қиындықтар болған кезде жазылған ән"

0
2 971

«Заманауи музыка жүлдесінің» иегері, «Өмірімен» өнерден өміршең жол тауып келе жатқан әнші, жастардың сүйіктісі, Hey Monro лақап атымен танылған Жұлдыз - менің бүгінгі кейіпкерім.


Hey Monro:

Сәлеметсіз бе, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Атыңызшы, ерке Ертістің қызы Алматыға бірден үйренісіп кетті ме? Сізді Алматыдағы шығармашылық орта қалай қабылдады?

Бастапқы уақытта маған Алматыға қоныс аудару, орнығу қиын болды. Десек те мен бұл қаладан жайлылықты сезіндім. Алматы - менің жан дүниеме жайлы қала. Менің көңілімде бұл қалаға үйренісіп кетемін, өз орнымды табамын деген үлкен сенім болды. Құлап кетуден, өзімді тұншықтырып алудан, көш соңында тұрудан қорықпадым. Керісінше, қиындық келсе қарсы тұра білдім, кез келген мәселені, түйінді шешуге талпындым. Мен өмірде өз деңгейіме сай қиындық пен сәтсіздіктерді басымнан өткерген адаммын. Бір уақыттарда университетті тастап кеткен кездерім, қатарластарымның соңында тұрып, дипломсыз, үйсіз, жұмыссыз, қалтамда ақшасыз жүрген сәттерім де болды. Қазір ойлап қарасам, сол сәтсіздіктердің барлығына сынбай, шыдағанымның жемісі- бүгінгі жетістігім екен. Қандай қиындықтар басымнан өтсе де мен жақсылыққа сендім, бәрін жеңіп шығатынымды сездім. Қазір ойлап қарасам, бала Жұлдыз бала арманына қол жеткізіпті. Мен өзім қалаған нәрсеге, өзім қалаған дүниеге қол жеткіздім. Енді халық үшін еңбек еткім келеді. Тіпті, музыка арқылы адамға пайдамды тигізгім келеді. Халықтың жанына ем болатындай ән жазғым келеді. Менің ендігі ынтам мен ниетім осындай.

Сіздің «Өміріңіз» өміршең болды десек, артық емес. Оның сыры неде? Әлеуметтік желілерде кеңінен таралғаннан ба, немесе ырғақ пен үннің үйлесім тапқанынан ба?

Маған Алладан құлағыма бір әуен келеді, алдымен мен әннің нотасын естимін сосын барып сөзін жазамын. «Өмірдің» өзіңіз айтқандай өміршең болуы, көпшіліктің көңілінен шығуы, тыңдармандар арасынан кеңінен таралуының бірден бір себебі, мен бұл әнге бар махаббатымды салдым. Себебі, «Өмір» менің басымда қиындықтар болған кезде өмірге келді. «Өмір» арқылы мен жан сырымды Жаратқанға айттым. Алла мені түсінді, қолдады, қабылдады. Содан болар «Өмір» көптің көңілінен шықты. Ән айту арқылы мен Алламен тілдесемін. Мен - Алланың адамға айтарын ән арқылы жеткізетін аспабымын.


«ӨзгеЭпикте» ұйымдастырған қайырымдылық кеште, жаныма кәсіби дыбыс режиссерлері мен мықты менеджерлерді жиып, жаңа серпінмен жұмыс істеу ойымда деген едіңіз. Сол жоспарыңыз жүзеге асып жатыр ма?

Мен әрдайым жақсы маман, өзіммен рухтас адам іздеп жүремін. Егер мен қандайда бір істі жоспарламай бастасам, кейде көңілімнен шықпай қалады. Ал Жаратқаннан сұрап, сонымен тілдесіп барып, жоспарымның бәрін тапсырып қойсам, алдымнан үлкен мүмкіндіктер ашылады, жолыма жақсы адамдар кездесіп бастайды. Сөзіме дәлел болсын, мен көптен бері кәсіби мамандармен жұмыс істеуді құдайдан сұрап жүрген едім. Жақында ғана маған үрмелі аспаптардың құлағында ойнайтын, кәсіби музыканттар хабарласты. Менімен бірлесіп каллаб жасағысы келеді екен. Командамен бірлесіп жұмыс істеу де маған үлкен тәжірибе алып келмек. Және жанды дауыста, үрмелі аспаптардың сүйемелдеуімен мен өз әндеріме өзгеше өмір беремін. Тек өзімнің әндерімді насихаттап қоймай, таланттардың да тасада қалмайтынын көрсетіп, халыққа танытамын. Сонымен қатар, Алла маған жақсы менеджер, білікті дыбыс режиссерлерді де өмір жолыма табыстырады деп күтемін

«Кавер шоуда» «Үрбибі» әнін орындадыңыз. Неге ол әнді таңдадыңыз? Шығаратын ой бар ма?

«Үрбибіге» келер болсақ, мен әннің шумағын бір жерден естіп қалдым. Маған ән бірден ұнады. Әннің тарихы мен толық нұсқасын, басқа да өзгертілген нұсқаларын іздестірдім, барлық нұсқаларын тыңдап көрдім, салыстырдым, сараладым. Көп ізденісте жүріп «Үрбибінің» эстрадалық нұсқасын тыңдап көрдім де, өзімше өң беруді жоспарладым. Менің нұсқамды тыңдап көрген көрермен жақсы пікірде. Әлеуметтік желілерде менен «Үрбибіні» орындашы деп, өтініш білдірушіілер көп. Бұл әннің менің нұсқамда көпке дейін жарық көрмей жүрінің себебі, мен ән авторының келісімін алатын сәтті созып жүрдім. Автор рұқсат берген соң, үрмелі аспаптардың сүйемелдеуімен жазып, тыңдарманға ұсындым. Ал шоуда орындаған нұсқамды өте асығыс жазған едім. Себебі, маған ұсыныс түскен кезде мен ауырып жүрдім, әнге көңіл бөлуге мүмкіндігім болмады. Маусым айында менің нұсқамда орындалған «Үрбибі» әнін жарыққа шығарамыз. Қазір әннің обложкасын әрлеу, халыққа өтімді нұсқада тарату әрі жарнамалау жұмыстары жүріп жатыр.

«Үрбибінің» продюсері кім?

Әннің продюсері - Олжас Най.

«Elim-ai education» жобасына тоқталып өтсеңіз?

«Elim-ai education» жобасын бастапқы уақытта маған Қуаныш мырза ұсынды, мен бірден бас тартқан едім. Себебі, жоба меніікі емес деп ойладым. Кейін мені кездесуге, отырып сөйлесіп, ақылдасуға шақырды. Мен кездесуге барып, жобаның балаларды тегін оқыту мен үйретуге арналғанын білдім. Және «Elim-ai education»-ның бұл сапарда Павлодарға баратынын естідім. Сол кезде менің «Көңіл» аттыы әнімнің демо нұсқасы дайын болған еді. Қуаныш мырзаға сол әнді тыңдаттым. Сосын бірден екі жақты келісім жасауға бел будық. Мен осы әнге бейнебаян түсіретін болдым, ал менің бейнебаяныма балалар анимациямен әр беретін болды. Бейнебаян түсірілімі барысында балалар 12 сағат бір орнында тапжылмай отырып, сурет салды. Мен олардың жанарынан өнерге, соның шінде бейнелеу өнеріне деген үлкен махаббат пен сүйіспеншілікті көріп, іштей тәнті болдым. Олардың өнерге деен албырт сезімін көрдім. Әрине, түсірілім тобы үшін балалармен жұмыс істеу оңайға соққан жоқ. Мен ол қиыншылықты толықтай бастан өткермесем де, сезіндім, және командаға көмек ретінде, балалармен ойнауға, көңілдерін аулауға тырысып бақтым. Шыны керек, мен балалармен бірден тіл табысып кеттім. Дегенмен, менің кәсіби мамандығым мұғалім. Олармен ортақ мәмілеге келу маған қиынға соқпады. Балалардың шығармашлығын,олардың қиялындағы еркіндік пен ұшқырлықты көрдім. Сонымен қатар, бұл жоба арқылы мен, адам өзінің сүйікті ісімен айналысып қана қоймай, жақсы ақша табуға болатынына көзім жетті.

Балалармен жұмыс істеген қалай екен? Қандай қиындықтар, қандай қызықты жайттар болды?

Менің негізі мамандығым мұғалім болғандықтан, балалардың психологисын, олармен қалай тіл табысу керектігін білемін. Бұл жерде менің тәжірибем көп рөл атқарып кетті. Бейнебаян түсірілім барысында, лицейдежатып оқитын оқушылар мен ата-анамен бірге тұратын оқушылар бірікті. Мен бұрыннан үйдің балалары мен лицейде оқитын балалар арасында айырмашылық бар екенін білетін едім. Түсірілім барысында екі ортаның балалары бір ортаға түйісіп, бірлесе жұмыс істеді. Маған осы көрініс жаныма жақын болды.


Сіздің түсінігіңіздегі бақыт ұғымы қандай?

Мен үшін бақыт деген – сәттіліктің жаныма серік болуы. Өзімнің әдемі әлемімнің болуы. Егер адамның әлемі, жаны мен жүрегі үндесіп жатса, сол -бақыт. Сен байсың ба, әлде кедейсің бе - бәрібір. Бақытты адамның көңілін ештеңе, ешқашан құлазыта алмайды. Өзіңді есту, өзіңнің жан қалауыңды орындаудан асқан бақыт жоқ. Содан кейін, айналаңдағы адамдардың жақсы болуы - бақыт. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу, олардың жақсы қырын көруді де бақыт деп есептеймін.

Егер сізде мүмкіндік болса, қай сәті өзгертер едіңіз?

Меніңше, өткенді өзгерту, оған өзгешелік енгізу мүмкін емес. Сондықтан, осы сәтпен өмір сүріп, алға жылжи білуі керек. Ол үшін адам ішкі дүниесінде болып жатқан нәрселер мен сыртқы фкторларды аңғара білуі керек. Мен шаша келгенше, адамдарды ренжітпеуге, олардың көңілін қалдырмауға, жүрегін жараламауға, сәтті жіберіп алмауға тырысамын. Өзімнің жан қалауымды ескеруге, өзгенікін де тыңдауға ұмтыламын. Егер адам уақыт пен кезеңді бос өткізбесе, өмірде өкініші болмайдыдеп ойлаймын.

Әдетте сырыңызды кімге ашасыз?

Өзіммен бөлісемін. Өзіммен сөйлесемін, өзіме сырымды ашу арқылы Жаратқанға жан дүниемді ашамын. Алла адамды адастырмайды, әрдайым тура жолға салушы, дұрыс бағытты сілтеуші.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан: Қарашаш Есенбай