"Шетелде, тіпті, даяшыларға дейін жақсы жағдай жасап қойған. Бізде ең төменгі айлық 50-60 мың теңге"
Нұрлан Қоянбаевты бәріміз алғаш КВН-шы ретінде таныдық. Кейіннен «Түнгі студияның» тізгініп ұстап, қазақ телешоуында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
Ол «Қазақстан» ұлттық арнасынан не себепті жеке фильм түсіруге кетті? Оның проюсерлігімен шыққан «Қазақша бизнес» фильмінің кассалық жинағы қанша болды? Шетелдерде кино түсіруге барғанда қандай өзгешеліктерді байқады? Осы және өзге де сауалдар қызықтырса, сұхбатқа назар салыңыз.
– Актер, кәсіпкер, продюсер, жоба үйлестірушісі, КВН-шы. Сізді қалай таныстырған дұрыс?
– КВН-шы.
– Әлі күнге өзіңізді КВН-шы сезінесіз бе?
– Иә, КВН – менің өмір салтым деп айтуға болады. Дәл қазір КВН ойнамасақ та, телеарнадағы әзіл бағдарламаларында жаңадан бірнәрсе ойлап табамыз. Тек өзгеше образда болғаны болмаса.
– Біздің ойымызша, сіз еліміздегі ең табысты КВН-шысыз.
– Білмедім.
– Жақсы. Фильмдеріңізден жалпы қанша сома жинадыңыз? Сізді миллиардер деп айтуға бола ма?
– Олай деп ойламаппын.
– 2016 жылы «Қазақша бизнестен» қанша таптыңыз?
– Шамамен 300 миллион теңгедей.
– «Қазақша бизнес Америкада» фильмінен?
– 560 млн.
– «Африка»?
– 700-800 млн.
– «My love is Aisulu»?
– 580-600 млн.
– «Каникулы в Тайланде»?
– 260-300 млн.
– Соңғы екі фильм «Қазақша бизнестен» де көп жинаған сияқты.
– Бұл фильмдер онсыз да жоғары табысқа жетер еді.
– Сонда шамамен 3 миллиард, 10 млн. доллардай болыпты ғой.
– Бәлкім.
– Біз, көрермендер кинофильмнің табысы жайлы біле бермейміз. Жиналған қаржының қанша пайызы кинотеатрға беріледі?
– 50 пайыз.
– Прокатына, яғни, кинотеатрдың дистрибьюторына ше?
– 7-10 пайыз.
– Өзіңіз продюсер болсаңыз да, сізге 43 пайызы ғана қалады екен ғой?
– 43 пайыз. Бірақ, кинода өзің инвестор болсаң, 50 пайызын бересің. Фильмнің өзіндік құнына төлейсің. Ең соңында өзіңе 17-23 пайыздайы қалады.
– Яғни, 200 миллиондайы өзіңізге қалады.
– Иә, солай десек те болады.
– Сіз – кәсіпкерсіз. Көпшіліктің сұранысына ие фильмдер түсіресіз. Адамдарға күлкі сыйлап қана қоймайсыз, шынайы көңіл көтеретін контент жасап жүрсіз. Тәуелсіз кинодан басқа жанрға өткіңіз келмей ме?
– Тәуелсіз киноны да түсіруге болады. Гольф және тенниспен де айналысуға болады. Бәрі әркімнің өз қалауына қарай. Мысалы, КВН ойнағанда нешінші орын алатыныңды сараптап отырасың. Қай жерде әзілдеу керек, бірінші орын алу үшін не істеу керек екенін шамалап білесің. Ақырындап сараптай жүріп Мәскеуге дейін жетесің. Телеарнада да солай. Қандай да бір бағдарлама ашсаң тізімдегі белгіленген қонақтар келуі тиіс. Нақты формулалары бар. Кинода да солай. Көрерменің кім, оларға ұнау үшін не істеу керек екенін зерттейсің. Көрерменнің көңілінен шықсаң бәрі жақсы болады. Бірінші «Қазақша бизнес» көрермендерге ұнаған соң ары қарай екінші бөлімін түсіру туралы ойландым. Біріншісінің қаржысы көп болғаннан кейін емес, Америкаға барып көрерменге тың жаңалық көрсеткім келді. Жоспарладық, бардық, түсірдік. «Содан кейінгі жалғасын қайда түсіру керек?» деген сұрақ туындады. «Паһ!» дегізетіндей не істесек деп бас қатырдық. Ойға келгені – Африка болды. Біз ол жақта бірде-бір рет болмағанбыз. Франшизаны жалғастырамыз деген арнайы жоспар болған жоқ. Егер де қандай да бір алдыңғы бөлімі сәтсіз болса, сол кезде франшиза боп саналады. Ал әзірге бәрі жоғарылап бара жатыр. Касса бойынша емес, билеттің өтімділі жағынан.
– Сіз сараптау туралы көп айтасыз. «My love is Aisulu»-ды мерзімінен бұрын шығардыңыз. Осы тұста сіздің көрегенділігіңіз бен тапқырлығыңызыға тоқталып кеткім келіп тұр. Көптеген дүниелерді алдын ала болжай алатын қасиетіңіз бар. Мәселен, футбол ойындары мен пандемияға байланысты айтқандарыңыз тура келді. «My love is Aisulu» фильмін шығару туралы шешімді қашан қабылдадыңыз?
– 2020 жылдың 25 қаңтарында шықты. Қарашаның аяғы, желтоқсанның басында шешім қабылдадым.
– Жылдың соңында ешкім фильмін прокатқа шығармайды. Көпшілігі Жаңа жылдық демалыс кезінде шығарып, Наурызға дейін кассасын жинайды.
– Желтоқсан айында пандемия басталады деген нашар жаңалық жетті. Қытайда пандемияның басталып кеткені туралы құлақтандық. Сосын өзімді сұмдық сараптама жасаймын деп ойламаймын, ішкі түйсігім 25 қаңтарда шығаруды бұйырды. Сауда орталықтарында адам көп шоғырланатындықтан, ондағы кинотеатрлардың жабылып қалу қаупі бар екені түсінікті. Неғұрлым ерте шығарсам, көрермені соншалық көп болады дедім. Содан 7 наурызға дейін айналды, 8 наурызда пандемия басталып, кинотеатрлар жабылды. «My love is Aisulu» – 2021 жылдың барлық сеанстары сәтті көрсетіліп, 100 % кассасын жинаған жалғыз фильмі.
– Отбасы, бауырларыңызға қарайласып тұрасыз ба?
–Әрине, мен үйде үлкен баламын. Ата-анамды Қызылордадан Алматыға көшіріп әкелдім. Біз – үлкен отбасымыз. Қанша тапсаң да үйге кіріп кетеді. Сосын тағы жаңа жобалармен айналысасың. Қомақты жинаған қорым жоқ. Бірақ, оған аса ойланбаймын. Қызықты тақырып, жақсы жобалар болса инвестор табылады.
– Кореямен келісімшартқа отырыпсыз. Ол қандай келісім?
– «Big Ocean ENM» деген үлкен компаниямен меморандум жасастық. Екі жыл алдын «Қазақша бизнес Кореяда» фильмімді қолдап, достасып кеткен болатынбыз. Менің ұсынған кей жобаларым олардың көңілінен шығып, қазір «My love is Aisulu»-ды корей тіліне аударып, өңдеу үстінде.
– Түрік тіліне де аударылып жатыр деп естідік.
– Иә, «Қазақша бизнестің» барлық бөлімдерін түрік тіліне аудардық. Яғни, 4 бөлімінен бір бөлім құрастырып, түрікше етіп шығардық. Оларға қатты ұнады. «My love is Aisulu» да солай болды. Тек пандемияға байланысты көрсетілімі сәл кешеуілдеуде. Жақында түрік нарығына шығамыз. Түркия нарығы – мықты нарық. Біз Стамбул және Сеул деген екі бағытты таңдадық.
– «Қазақша бизнес Түркияда» фильмінің сценарийін ұзақ жазыпсыз. Түркияға көшіп кеткен жоқсыз ба?
– Көбісі солай топшылапты. «Нұрлан, сен Түркияға көшіп кеттің бе?» деген хаттарға толас болмады. Пандемия басталған соң құр жатқанша сценарий жазайық деп әйел, бала-шағамды алыпТүркияға кеттік. Бір жыл сол жақта шағын үйді жалдап тұрдық. Бір жыл сценарий жаздық, түрік тілінде фильм түсірдік. Сосын интернет бағытында жұмыс істедік. Түрік тілінде әзіл бағдарламасын ашқымыз келді. Қазақ әзілдерін түрік актерлеріне айтқызып көру үшін жарты залға фокус-топ жинадық. Оны камераға түсірдік. Шоудың шоуы болды. Әзілді сатуға бола ма дегенді зерттедік. Мәселен, ТМД елдеріндегі вайнерлер үздіктердің қатарында. Солардың айтқан әзілдерінің ішінен қаймағын сүзіп алу керек. Қазір біз мықты емеспіз. Мемлекет бізге жақтырмай қарайды. Ал негізі бізге деген көзқарасы дұрыс болып, қолдау көрсетуі тиіс. Қазақ әзілдерін жақсылап сүзгілеп, содан шетелде жақсы ақша табуға болады.
– Сізге мемлекет көмек көрсетпей ме?
– Жалпы кино түсіру Қазақстанның ішінде де оңай істей салатын дүние емес, Ал менің мақсатым – қазақ актерлері, оқиғалары шетелмен коллаборация жасар, үндесіп, үйлесім тауып, әдемі дүние болып жарыққа шықса екен деймін. Мен мемлекет қаржысымен емес, жеке өзімнің және серіктестерімнің қолдауымен ғана кинодан киноға өмір сүріп келемін. Америка Құрамы Штаты, Тайланд, Араб әмірлігі, Корея, Африка, Түркияда түсірілген туындылардың артында сағаттап емес, күндерге созылған келісімшарттар мен қаржы іздеудің түрлі процестері жатады.
Жеке фильм түсіріп, өз жолыммен кеткен себебімді айтайын. Мысалы, мені бір бағдарламаға шақырып, жүргізуші болғанмын. Әр эфирге 20 мың теңге қаламақы беретін. Сол уақытта мен: «Маған 400 мың теңге беріңіздерші, ақтап шығамын, осы бағдарламаның жүргізушісімін ғой» дейтінмін. Әрине, ондай қаржыны ешкім төлеген жоқ. Ал студияның декорациясына ойланбай 250 мың доллар жұмсайды. Сонда жансыз декорацияға 250 мың, ал сол бағдарламаны жүргізіп, көңіл-күй сыйлайтын тірі жүргізушіге 20 мың теңге төлейді. Мен ұдайы соған қарсы болатынмын. Бізде адам және оның шығармашылығы, контент бағаланбайды. Бірақ, қазір ақырындап өзгере бастады.
– Иә, бізде «Сені түсіріп, шығарғанымызға рахмет айт!» деген стереотип қалыптасып кеткен. Ал сіз сол жүйені өзгертуге тырыспадыңыз ба?
– Ол менің жеке телеарнам емес. Мен бас продюсер болдым. Ұлттық арна туралы ешнәрсе айтқым келмейді. Бірақ, ол жерде істей алмадым. 9 айдан кейін өз еркіммен кеттім. Жан-жағыма қарап ойландым. Құр уақыт жоғалтып жатқанымды ұғындым. Сөйтіп, кеттім.
– Ол жақта да қалыптасып қалған жүйе ме?
– Ол жүйе барлық жерде. Егер де біреу «Күшті өмір сүрейік! Ешнәрсе жарылмасын! Сапалы жолдар салайық!» десе, қалғандары оны қоштай кетеді. Сөйтіп, ойын басталады. Дубайда, Сингапурда, Америкада мұның бәрі шоу. Біз әлімсақтан мықты халықпыз. Ешқандай ұялы байланыс, пейджерсіз-ақ ұлан-ғайыр атырабымызды сыртқы жаулардан қорғап келдік. Әлем бойынша жер көлемі жөнінен 9 орындамыз. Әрине, біз қайсар ұлтпыз. Тек бес қарумен емес, халқымыздың бай тілімен, шешендік өнерімен барлық дауды шешіп келдік. Бірақ, дәл қазір біз сондай мықты бола алмай жатқан сияқтымыз. Өкінішті, әрине.
– Ал мықты болуға бізге не кедергі?
– Бізге «Күшті өмір сүрейік!» дейтін жалын жетіспей тұр. Әділдік болмаса бізде ешқандай заң, креативті экономика қауқарсыз. Барлық салада әділет керек. Мысалы, неге Америкада немесе Швейцарияда даяшылар өз жұмысын мүлтіксіз атқарады? Олар алдыңа келіп мәзірді ұсынғанда аузың ашылып қалады. Кейіннен олардың жалақысы 4-5 мың еуро екенін білеміз. Шетелде, тіпті, даяшыларға дейін жақсы жағдай жасап қойған. Бізде ең төменгі айлық – 50-60 мың теңге...
ALIBEKOVKZ ютуб арнасынан аударған Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
«Қазақстанда ең қымбат әншілер – Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлі» - танымал асаба
Айдос "ВОДИЛА": Адамдардың жүргізушілерге деген пікірін өзгерткім келді