Айдос "ВОДИЛА": Адамдардың жүргізушілерге деген пікірін өзгерткім келді

0
4 595

«Кіл қазақтың жігіттері сөзге келіп, төбелесіп жататыны – ақшаның кесірі ғой»


Айдос

Қазір не көп, хайп қуған блогер көп. Бірақ, оның бәрі таңғы сағат 6.00-ден түнгі 23.00-ге дейін автобус айдап, тұрғындарды тасып, олардың арыз-шағымын естіп қара жұмыс істемейді.

Қарағандылық Айдос Арынов №43 маршруттың автобус жүргізушісі бола жүріп бүткіл Қазақстанға танымал болды. Ешқандай да хайп қуған жоқ. Бір айдай уақыт бұрын тик-ток әлеуметтік желісінде Айдостың автобустың үстіне шығып, билеген видеосын миллионнан аса адам көріп, пікір жазды. Желідегілердің бірі қолдаса, тағы бірі қолдамады. Осы әрекеті арқылы А.Арынов қазақстандықтардың назарын автобус жүргізушілеріне аударғысы келіпті. Себебі, Қарағандыда қоғамдық көлікті тізгіндеушілерге деген көзқарас өте нашар көрінеді. Оның мақсаты 100 пайызға орындалды десе де болады.


Оның түсірген вайндарының ішінде 2,5 миллион қаралым жинағандары да бар. Қара алтынның астанасында «Айдос водила» деген аты мәшһүр. Қысқасы, он жылдан бері қоғамдық көлікті тізгіндеп, үш жылдан бері жергілікті пабликтерден түспей, қазірде күллі елімізге белгілі болған arinov.aidos блогер-жүргізушімен сұхбаттастық. Айдосты іздеп табу қиынға соққан жоқ. Өйткені, ол ұдайы желіде отырады және өте белсенді.


– Айдос, сіздің инстаграм және тикток желісінде видео, вайн түсіріп, сала бастағаныңызға бір жарым жылдай уақыт болыпты. Өзіңіз он жылдан бері Қарағанды қаласындағы №43 маршрут автобусының жүргізушісіз. Автобус айдау деген оңай жұмыс емес. Таңғы 6.00-ден түнгі 23.00-ге дейін тік отырып қоғамдық көлікті тізгіндеп, сан алуан жолаушыларды тасымалдау, олардың шағымын есту деген... Соған қарамастан сіз өте белсенді және көтеріңкі көңіл-күйде өмір сүресіз. Қызықты видеолар түсіріп, желіге жүктейсіз. Қарапайым автобус жүргізушісі де танымал бола алатынын дәлелдедіңіз. Жалпы, видео түсіру идеясы қайдан келді?

– Қарағындыда автобус жүргізушілері ең алдымен сөзге ілігеді. Бізге ұдайы тек жаман пікірлер айтылатын болған соң адамдардың жүргізушілерге деген пікірін өзгерткім келді. Сөйтіп, тик-ток желісін аштым. Осы арқылы танымал болатын шығармын деп ойладым. Оқырмандарымның жүрегін жаулай алдым. Түсірген видеоларым көпшіліктің көңілінен шыға бастады.


– Танымал болайын деп түсірдіңіз бе, әлде бәрі кездейсоқ болды ма?

– Автобустың төбесіне шығып видео түсіргендегі мақсатым да сол танымалдылығымды арттыру болатын. Басында «шықсам ба, шықпасам ба?» деген ой болды. Бір күннен кейін бүткіл пабликтерге таралып кетті. Сол күні сторис те, ештеңе де салмай, жәй ғана бақыладым. Қаптаған пікірдің астында қалғанда «маған осы керек пе еді?» деп те ойладым.


– Автобустың үстіне шығып билеген видеоңыздан кейін жергілікті полиция қызметкерлері тексеріс жүргізеді деп еді. Соның соңы не болды?

– «Автобустың рулінде отырып видео түсіріп, жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп жүр» дегендей пікірден соң жергілікті полиция тексереді деген қауесет шығып еді. Бірақ, менің видеоларымның ешбірінде жол ережесін бұзған фактілер жоқ. Сондықтан да болар, ешкім келіп тексерген жоқ.


– Автопарк басшылығы тарапынан қандай да бір ескертулер болды ма?

– Басында дұрыс түсінбеді. Кейіннен қабылдады.

– Видеосценарийді өзіңіз жазасыз ба? Мысалы, коронавирустың аялдамаларға отырып алып, кетпей қойғанынан сенбі-жексенбі автобус жүрмей қойды деген әзіліңіз өте қызықты, өтімді.

– Мектепте оқығанда «Алтын күз», «Жігіт сұлтаны» іс-шараларына қатысып, әскерде де КВН-де ойнағанмын. Жалпы қоғамдық іс-шаралар өткізуден хабарым бар. Қазір вайндардың сценарийін өзім жазамын, идея табамын.


– «Хайп қуған Айдос водила» деген пікірге не айтқан болар едіңіз?

–Біреулер «Айдос хайп қуып жүр» деп айтады екен. Менде ондай ой мүлде болмаған. Егер хайп қуатын болсам, көп адамменжұмыс істеймін, мүмкіндік жетіп артылады. Бірақ, мен дұрыс бағытта, адамдарға пайда әкелетіндей видеолар түсіргім келеді.


– Бүгінде оқырмандарыңыздың саны қаншаға жетті?

– 25 мыңнан асты.


– Жоғарғы біліміңіз бар ма? Жүргізуші болмағанда кім болар едіңіз?

– Жоғарғы білімім жоқ. 11 сыныпты бітіріп ҰБТ тапсырдым, жақсы балл жинадым, КарГУ-ге түсуге бір жыл дайындалдым. Бірақ, түсе алмай, колледжде сырттай бір жыл оқып, шығып кеттім. Өйткені, менің қалауым басқа еді. Құбатөбел отбасынан шыққан қарадомалақпын. Ауылда қой бағып өстік. Үйдің үлкенімін. Үйдегілерге көмектесу керек болды. Қала сыртында жылқы шаруашылығы фермасында істедім. Үш жылдай ат жүгірттім. Одан әскерге барып келдім. 6 айдай кондуктор болдым да, бірден жүргізуші куәлігін алып, жұмысқа шығып кеттім. Таңғы 6.00-ден түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істеу оңай емес. Осы уақытқа дейін «кетем» деген де ойлар болды. Бірақ, мен үзіліссіз тек қана бір автопаркте істеп келемін. Еңбек етіп, ата-анам мен бауырларымды қалаға көшіріп әкелдім. Өмірде бәріне маңдайтермен қол жеткізгенге не жетсін?! Жұмысымның қиындығына қарамастан әлеуметтік желіде белсендімін. Жүргізуші де танымал бола алатынын дәлелдедім ғой.


– Иә, бүгінде тек Қарағанды емес, бүткіл Қазақстанға танымал адамға айналдыңыз. Ары қарай қандай жоспарларыңыз бар? Жүргізушілікті біржолата қойып, вайнер боп кетпейсіз бе?

– Алла қаласа, жоспарларым көп. Қазір Қарағандыдан тыс жалпы Қазақстан халқы таниды. Соны пайдаланып жақсы дүние жасағымыз келіп отыр. Қысқаметражды сериал шығарсақ па деген ой бар. Ол команда құрсақ дейміз. Қазір инстаграмды тек өзім жүргізбеймін. Продюсерім және менеджерім бар. Күллі қазақ еліне Қарағандының жақсы атын шығарғым келеді. Неге блогерлердің бәрі Алматы мен Нұр-Сұлтанда ғана тұрады. Бізде де жүргізуші бола жүріп блогерлікпен айналысуға мүмкіндік бар екенін дәлелдегім келеді. Байқасаңыздар, мұқтаж жандарға, науқас балаларға ақша да жинаймын.

Болашақта автопарктен кету жоспарымда бар. Негізі өзім былтыр жоспарлап қойғанмын. Нұр-Сұлтан қаласынан ипотекамен пәтер де алып қойдық. Бізде жұмыс процесі кішкене қиындау. Қыстыгүні мойканың кезегі, жыл он екі ай жоспар, жарыстардан шаршап кеттім. Кіл қазақтың жігіттері сөзге келіп, төбелесіп жататыны – ақшаның кесірі ғой. Бізде жұмыс талабы тек халықты тасу болса, онда ешқандай да жарыс болмайды. Негізі солай болуы керек қой. Әзірше шыдап жүрміз. «Оңай», «Смарткарт» жүйесі енгізіледі дегелі қашан?! Бәрі далбаса әңгіме боп қалды ғой. Мысалы, Балқаш қаласы «Оңайға» өтіпті. Ал Қарағандыны мегаполис болады дейді, бірақ Балқаш істеген нәрсені істей алмай отырмыз. Біздің қалаға кіргенде Қарағанды деген жазуы бар дені дұрыс арка да жоқ қой.


– Арасында жарнама жасап та үлгеріп жүрсіз. Бәріне қалай үлгересіз?

– Қазіргі таңда жарнамамен ақша тауып жатырмыз. Оның бәрін демалысқа жинап қоямын. Демалыс күндері ертерек тұрып, бүткіл жұмысымды тындыруға тырысамын. Өзімді қинамай жұмыстан да кетіп қалуға болады. Бірақ, тұрақты табыс болмай қалуы мүмкін. Сондықтан осы жерде жүріп, аяғыма нық тұрып, фундаментімді жақсылап құйғаннан кейін жұмыстан кететін шығармын. Осы Жаңа жылға дейін біраз жұмыс істесем бе деген ойым бар.

– Журналистикаға және биге ебіңіз бар екені байқалады. Телеарнадан ток-шоу жүргізуге ұсыныс түссе қайтер едіңіз?

– Соны кеше ғана ойлап қойып едім. Шыны керек, танымалдығым артып жатыр ғой. Жергілікті телеарнадағы «Қайырлы таң» бағдарламасына жүргізушілікке шақырса, қарсы болмас едім. Инстаграмда блогерлерді қарап отырамын. Көбі телебағдарламаларға кетіп жатыр. Олар істеген дүние менің де қолымнан келеді. Қазақша жақсы сөйлеймін. Камераның алдында өзімді жақсы ұстаймын. Адамның көңілін көтере білемін. Камераның ар жағындағы адамға юморымды, сезімдерімді жеткізе білемін.


– Автобус жүргізушілеріне күнделікті жоспар өткізу міндеттеліп жатады. Ол да оңай шаруа емес. Ал жолақы төлемей кететін жолаушылар да жоқ емес. Сондай жолаушылармен қалай жұмыс істейсіздер?

– Кондукторлар «Жолақы төлеңіздер!» деп қайта-қайта дауыстап, «түртіп» отырады. Басқа амал жоқ.


– Тик-токтарыңызда көбіне балаларға қуаныш сыйлауға тырысасыз. Мәселен, білім күнінде автобусқа мінген оқушыларға дәптер, қалам сыйлап қуанттыңыз. Мұндай акцияны кім қаржыландырады?

– Оны ешкім қаржыландырған жоқ. Көп ақша да кеткен жоқ. 3 мың теңгедей ғана жұмсалды. Өте жақсы, әсерлі видео шықты. Оған дейін автопаркте қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатынымды әріптестерім жақсы біледі. Оразаның кезінде жолаушыларды тегін тасыдық. Оның басы-қасында мен жүргенмін. «Бала Қажы» мешітімен бірігіп ұйымдастырғанбыз. Қайырымдылықты жиі жасаймыз. Жүргізушілерден ақша жинаймын.


– Жергілікті жолаушылар сізді әбден танып алған шығар?

– Қазіргі таңда 10 адамның 5-6-уы мені таниды. Көп адамдармен фотоға түсеміз. Адамдар жақсы қабылдап жатыр. Дұрыс ағыммен келе жатырмын, сол ағыстан шығып кетпеу керек. Хайп қуған блогерлерден «Хайп жасайық» деген ұсыныстар болған. Ондай ұсыныстарды қабылдамадым. Абыройымды төккім келмеді. Тик-токта қаралым көп, көптеген пікірлер жазылады. Жалпы жаман пікір көп жазылмайды.


– Комментарийлердің ішінде ұнамайтыны бола ма?

– «40-50-дегі еңгезердей жігіт» деген комментарий ұнамайды. Себебі, менің жасым небәрі 31-де.


– Арасында басқа әріптес жүргізушілерді де билетіп қоясыз. Олар сізді бір кісідей қолдайтын болар?

– Әріптестерім басында аздап күліп жүрді. Қазір қай ортада жүрсе де, мені айтатынға ұқсайды. «Айдос молодец» деген сияқты пікірлерден соң олардың да көзқарасы өзгерді. Жалпы барлық адамның көзқарасын өзгеріп келе жатырмыз. Одан да жақсы биіктерге жетуге болады. Автопарктен кеткен күнде де осындағы жігіттердің жағдайын жасап кетсем бе деген ойым бар. Артымнан «Айдос танымал болды да, құйрығын бір қағып кетіп қалды» деген сөз болмас үшін осындағы олқылықтардың орнын толтырып кетсем деймін.


– Айдос, қым-қуыт жұмыстың арасынан уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге Алғыс! Танымалдығыңыз арта берсін, қазақ халқына пайдалы дүниелерді ұсына бергейсіз!

Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Шаш үлгім, костюм, стиль, барлығының авторы – анам!» - Гүлмира Ізбасқанова, әнші


«Карантинде қиналдық, бірақ өлген жоқпыз» - Ұлан Мықтыбек, жайдарманшы