Әлемдегі ЕҢ КІШКЕНТАЙ ДИЗАЙНЕР неше жаста?

0
3 931


Әлемдегі ЕҢ КІШКЕНТАЙ ДИЗАЙНЕР неше жаста?

Әр баланың бойында бір талант бар, уақытында тиісінше аша білсе. Ата-ана қабілетін неғұрлым ерте байқап, шыңдайды, соғұрлым бала да жетістікке ертерек жетеді. Бұған әлемдегі ерекше қабілетімен, өнертапқыштығымен жастайынан танылған балалар және дүниежүзілік дәрежеде бекітілген «Өнертапқыш балалар күні» мерекесі дәлел. Айтпақшы, сіз ол мерекенің қай күні екенін білесіз бе? Жақындап қалды, 17 қаңтар.


Әдетте, қыз балалар киім дизайнерлігі мамандығына кішкентайынан құмар келеді. Анасының әр киіміне, бұйымына қызыға қарау, қуыршағын әдемі етіп киіндіру, қолына қағаз бен қалам түссе, түрлі киім-кешектің суретін салу, өсе келе өз киім киісіне баса мән беру, «өзім таңдап аламын» деп анасының талғамына келіспеу – бәрі сол мамандықтың алғышарты. Бетін қақпай, керісінше, қолдау көрсетсе, «Кейін» деп кері ысырмай, көрсеткен киім үлгілеріне зер салып, дұрыс жолға бағыттаса, бла күнінен-ақ атағы аспандаған дизайнер болуы ғажап емес. Сенбесеңіз, төмендегі кейіпкерлердің дизайнерлікті неше жасынан кәсіп еткенін оқыңызшы.


Сесилия Кассини

Оның қатар құрбылары қуыршақпен ойнап жүргенде Калифорния штатының тұрғыны Сесилия Кассини мансап, жеке кәсіп туралы армандайтын. Киім дизайнерлігі турасында. Армандап та қоймады, бес жасынан бастап әрекет етті. Алғашқы дизайнерлік еңбегі әпкесінің көйлегін пішуден басталған. Алты жасқа толған туған күнінде тігін машинкасын сыйға алып, пішу-тігу курсына қатысуды бастайды. Жеті жасында өзінің кумирі санайтын Коко Шанельге хат жазып, сегіз жасында өз брендінің логотипін ойластырып жүрген еді.

Дизайнерлік мансабы осындай қарқынмен дамыған Сесилия Кассинидің еңбектері он жасында сән көрсетілімдеріне қатысып, сатылып та үлгерген. Осылайша 2000 жылы дүниеге келген Сесилия он жасында-ақ өзін фэшн-дизайнер ретінде қалыптастырып, мойындатып, ең жас дизайнер атағын иеленген.


Аяна Мұратова

Осы жылы он үшке толатын Аяна Мұратова Aynastyles брендінің авторы, қалыптастырушысы. Көрсең көз тоймайтын әдемі әрі қазақша оюлармен ерекшеленетін киім үлгілеріне еліміздің озық та үздік дизайнерлері жоғары бағасын берді. Түрлі сән көрсетілімдеріне қатысып, бренд киімдері бүгінде еліміздің бірнеше қаласында сатылады.

Аянаның анасы кішкентай күнінен-ақ қызының сәнге қызығушылығы барын, талғамы жоғары екенін байқайды. Өзіне ұнамаған киімді ешқашан кимейтін, өзі таңдайтын мінезі болған. Бірде Аяна анасынан қазақша ою түскен джинсы көйлек тауып беруін сұрайды. Ойындағыны таппаған соң тігіп киюге шешім қабылдап, қиялындағы көйлектің суретін қағазқа түсіруді сұрайды. Аянаның сызбасы бойынша тігілген көйлекті құрбысының туған күніне киіп барғаны сол екен, оған қызығушылар көп болады.

10 түрлі образдан тұратын алғашқы коллекциясын жарыққа шығарғанда Аяна жеті жаста болыпты. Туған қаласында өткен сән көрсетілімінен соң коллекцияда ұсынылған барлық киімдері бірден сатылып кеткен.

Бұл процесс Аянаға қатты ұнап, оны жалғастыруға ынта пайда болады. Міне осы ынта-ықылас пен ата-анасының қолдауы қаршадай қызды Италиялық дизайнерлердің «Ең талантты жас дизайнер» атағымен марапаттауына жеткізді. Және бұл жұмысы мен жетістігінің соңы да, шырқау шегі де емес.

Әлбетте, әлемде кішкентай күнінен дизайнерлік қаблетімен танылған балалар бұл екі қызбен шектелмейді. Әйтсе де кейде олардың қабілет-қарымына, ықылас-ынтасына жете мән бермей, өзіміз булықтыратынымыз бар. Баптай білсең, тура жолға беттете алсаң, мансап жолын, өз кәсібін бастауына, жетістікке жетуіне қай жаста да ерте емес секілді.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ