Ал орынсыз жерге күш-қуатыңызды сарп етіп жүргеніңізді анықтау үшін не істеу керек?
фото: gremih.ru
Үнемі әлденеге алаңдап, әлдебір жерге асығып, тыпыршып тұратын адамдарды жиі кездестіріп жүрген шығарсыздар?! Мүмкін мұндай адамдарды мақтауға да болатын шығар,бәлкім?!
Заманның көшінен қалып қоймау үшін жанталасып, барлығына үлгеруге тырысып жүр «жанкешті, пысық екен» дейміз.
Шындығында солай ма?
Адамның бойындағы күш-қуат, энергиясы пайдасыз істерге жұмсалып, босқа кетіп жатса өмір сүрудің рахатын сезіне алмай қалуы мүмкін. Ал өмірден рахат ала алмаған адам үнемі шаршаңқы, көңіл-күйі төмен болады емес пе?
Сонда адам қалай өзін шаршатпау керек? Энергияны орынды жұмсап, үнемі сергек жүру үшін не істеу керек?
Энергия - бұл қуат
Адамның ойы, істеген ісі, сезімі, жеген тамағы, осының барлығы да күш-қуаттың көзі.
Қазір адамдардың барлығы дерлік ұялы телефонсыз өмір сүрмейді. Ал телефонға көп телміру энергияны жұтады. Әлеуметтік желілердің пайдалы-пайдасызын елеп-екшеп жатқан ешкім жоқ, инстаграм, ватсап, біреудің жарқ-жұрқ еткен өміріне қызығып, көз майын тауысып отырғанда, өзгенің өмірі алға шығып кетіп, өз өміріне келгенде қуаты таусылып қалып жататытыны да сондықтан.
Мәлімет көп, әртүрлі ойлардың бір мезетте миды шарлап кететіні әлбетте ағзаға ауыр жүк. Адам күні бойы ештеңе істемесе де дел-сал болып шаршап тұрғанын сезеді, бірақ не істеп шаршағанын өзі де түсінбейді.
Екінші себеп – адам өз өміріне мән мен сән кіргізу үшін талпынбайды. Бірдеңені өзгерткісі де келмейді. Жан-дүниесінің қақпағын жылы жауып қойып, сыртқы бейнесімен жылтырап, бақытты адамның кейпін жамылып жүретіндер де көп. Мұның барлығы да энергия көзінің азайғандығының белгісі.
Егер өзіңізді шаршаңқы, құр сүлдеріңізді сүйретіп жүргендей сезінсеңіз, өзіңіздің қалай өмір сүріп жүргендігіңізге бір қарап қойыңыз, өз-өзіңізге есеп беріңіз. Энергияңызды қайда жұмсап жатырсыз? Күш-қуатыңызды бұлақ деп елестетсеңіз, бұлақтың да көзін ашып, тазалап тұру қажеттігін білуіңіз керек.
фото: econet.kzЖан-дүниесі таза, тұрмыстық мәселелермен, материалдық құндылықтармен өлшенбейтін, бос күйбелеңге бой алдырмайтын адамдардың энергиясы таза және қуатты болады. Біреуге мақтанбайтын, сын тақпайтын, іштарлық көрсетпейтін және біреуді кемсітіп, өзін өзгелерден биік қоймайтын адам шынайы бақыттырақ. Өйткені, ол күш-қуатын пайдасыз істерге сарп етіп жатқан жоқ.
Қазіргі кезде компьютерсіз, телефонсыз өмірімізді елестету мүмкін емес, солай болса да олардың орнын басатын альтернатив табуға болады.
Алдымен адам өзінің талабын, өзіне не қажет екендігін анықтап алуы тиіс. Ата-бабаларымыз әуелден-ақ табиғатпен, қоршаған ортамен үйлесімділікте өмір сүрді ғой. Мал бағып, таза ауада, табиғи өнімдерді тұтынды. Азық-түлігі де, киімі де табиғи экологиялық жағынан таза. Сол үрдістерді қайта жаңғыртпасақ та, соған қарай жақындау керек. Өйткені, энергия қоры табиғатта. Балалар тар бөлмеде телефонға телмірсе, даладағы ойынмен қызықтырыңыз, тауға шығуға да қазір керемет мүмкіндіктер бар. ал тауға серуендеуге отбасыңызбен шықсаңыз, онда барлығы бар. Атпен серуендеу, сырғанақ тебу, тауға жаяу өрмелеу осының барлығы да бойдағы энергияны молайтады және жаңартады. Алайда, балаларды қалт жібермей қадағалаңыз.
Мінез-құлықты өзгерту де энергияны толықтыра алады
Әрине, жақсы мінез-құлық жайлы айтпағымыз. Мысалы сізге біреу ұнамайды, ол айталық, бастығыңыз болуы мүмкін. Әлбетте адамдар әр түрлі, осыны түсіне білген дұрыс, біреу біреуге ұнау үшін өмір сүрмейтіні де белгілі.
Ендеше, сіз жағдайға қарай шешім қабылдауыңыз керек. Ұнамайтын бастығыңызға қырсық мінезіңізді көрсетіп, оған ашуланып тек өзіңізге ғана зиян тигізе аласыз. Өйткені, сіздің энергияңыз таусылады. Кәдімгі су секілді төгіледі. Бұдан ахуал өгермейді, ол бәрібір сіздің бастығыңыз болып қала береді.
Дәл сол сияқты ене немесе күйеуді мысал ретінде қарастырайық. Сізге сөйлегені, қимылы, іс-әрекеті ұнамайды делік. Бастығыңыздан жарайды, кетіп құтыларсыз, ал ене мен күйеуден оп-оңай құтыла салам деп ойламаңыз. Осы жерде «қабылдау» заңы жұмыс істеуі керек. Қабылдай алсаңыз, сізге жеңілірек, өз энергияңызды үнемдейсіз.
Өйткені, өсек айту, жамандау, негативті ойлар, жөнсіз қорқу, мазасыздану секілді әдеттерден құтыласыз оларды сол күйінде қабылдай алсаңыз. Ал бұл әдеттер энергияңызды сорып алады, ойыңыз шашыраңқы болып, жұмысыңыз да өнбейді. Сондықтан, өзіңізді қолға алуға тырысыңыз.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: