Адам өзін ҚАЛАЙ ЖАҚСЫ КӨРЕ АЛАДЫ?

0
4 270

Адам өзін қалай жақсы көруі керек?


Адам өзін ҚАЛАЙ ЖАҚСЫ КӨРЕ АЛАДЫ?

фото: latterdaysaintmag.com

Жан тыныштығы үшін адам өмірде ең алдымен өзін танып, өзін жақсы көруі тиіс. Бұл пікірмен барлық адам келіседі. Бірақ адам өз өзін қалай жақсы көруге болады?

«Отбасылық өмірде бақытты болам десең – өзіңді жақсы көр», «Жұмыста жетістікке жетем десең – өзіңді қатты жақсы көр», «Өзгелер сені жақсы көруі үшін алдымен өзіңді жақсы көріп үйрен» деген сөздерді оқып та, естіп жүрген боларсыз. Өзіңді жақсы көру арқылы аурудан да, артық салмақтан да құтылуға болады дейді психологтар. Бұл әбден зерттелген, дәлелденген тәсіл. Расында да, өзін жақсы көретін адамның өмірінде жамандық аз болады. Бұны саналы түрде оқырманның көбісі біледі. Бірақ өзін қалай жақсы көру екенін білмейтіндер де бар.

Адам өзін қалай жақсы көруі керек? Адам өзін жақсы көретінін қалай біле алады? Өзімізді жақсы көрмесек, өмірімізде не болады? Өзімізді жақсы көреміз деп жүріп, эгоист болып кетпейміз бе? Баланың өзіне деген махаббатын қалай қалыптастырамыз?

Осы сұрақтардың жауабын білу үшін психолог мамандарының пікірі біз үшін маңызды. Сондықтан, әр адам өзін қалай жақсы көру керектігін үйренсе дейміз.

Өзімізді жақсы көру деген – өзіміз үшін жауапкершілік алу, өзімізді сыйлау, өзімізді «толтыру». Өзгерістен, эксперимент жасаудан қорықпаңыз, өзіңізге уақыт бөліңіз, көңіл бөліңіз, демалыңыз, өзіңізді мақтаңыз, қуантыңыз, қателеріңіз үшін өзіңізді айыптамаңыз, өзіңізді өзгемен салыстырмаңыз. Өзіңізді, бар болмысыңызбы қабылдаңыз. Сонда өзіңізді жақсы көре бастайсыз.

Жалпы, өзін жақсы көретін адам қателесуден қорықпайды. Қателесу де – қалыпты жағдай, қате адамды алға жылжытады, әр қате – бізге сабақ. Сондай-ақ өзімізді өзгемен салыстырмағанымыз жөн. Өзімізді кешегі күнімізбен ғана салыстыра аламыз. Өзгемен салыстыру өзімізді танымаудан шығады. Қарасаңыз, адамның саусағының ізі ешқашан қайталанбайды. Әр адам – сондай ерекше жаратылыс, салыстыруға келмейді. Өзімізді танып, қабылдап, жақсы көрген кезде мықты жағымызды, әлсіз жағымызды білеміз. Өзіміздің мықты және әлсіз тұсымызды қабылдағанда, комплекс деген болмайды.

Көлік моторы тоқтамай кешке дейін істесе, қызып, жарылуы мүмкін. Дәл сол сияқты адам өзінің шаршағанын білмесе, «жанып» кетуі мүмкін. Мұндай жағдай үйде, бала қарап отырған әйелдерде көп болады. Енесінің, күйеуінің көңілінен шығам деп, мүлде өзін ұмытып кетуі мүмкін. Әйел өзін ұмытса, баланың психикасына әсер етеді не ажырасуға дейін апарады.

Өзін жақсы көрмеген адам айналасына, өзіне әрдайым сынай қарайды. "Неге бұлай емес, неге сөйтпейді?" деп айналасына ашуланып жүреді, өзіне де сондай қарым-қатынас жасайды.

Үлкен адамдар, әсіресе біздің қоғам, демалуды білмейміз. Өзіміздің шаршағанымызды сезбейміз. Сондықтан бізде зорығу, жалығу тез болады. Алған жұмысымызды аяқтай алмай жатамыз. Өзімізді жақсы көру үшін өзімізді сезіну маңызды, қазір шаршап тұрмын, қуанып тұрмын, ашуланып тұрмын деп ішімізге үңілгенде, өзімізді сезе аламыз. «Мен кіммін, өмірдегі орным қай жерде, қайда бара жатырмын?» деген сұрақты өзімізге жиі қоюымыз керек.

фото: golden-island.net

Өмір – адамның айнасы. Біз ішкі дүниемізде не болса, басқа адамдарды солай қабылдаймыз. Өзіміздің ішімізде не болса, сыртқа соны шығарамыз. Сондықтан өзін жақсы көретін, қабылдайтын адам басқаларды да қабылдайды, басқа адамдардың жақсы қасиеттерін көре алады. Ішімізде бақыт сезімі, жылулық, мейірім болмаса, біз мұны басқа адамдарға бере алмаймыз.


Бала өзін жақсы көріп өсуі үшін не істейміз?

Адамға деген махаббат анасының құрсағында жатқаннан басталады. Бала өмірге махаббатпен, ата-анасының қатты қалауымен келуі керек. Баланы қабылдамай, бала өмірге келген соң қалай бағамыз, қалай асырамыз десек, балада сенімсіздік іргетасы қаланады. Бала ата-анасына керек екенін сезініп, махаббатпен өсуі керек. Кейін есейе келе ақырындап шектеулер қойып, жауапкершілікті үйретеміз. Балаға да мықты және әлсіз жағын түсіндіріп отырсақ, ол біреу сынаған кезде қатты ашуланбай қабылдайды, өзін өзгемен салыстырмайды. Баланың жақсы жағына ден қойып, соны көп айтуымыз керек. Ал минусын көп айтсақ, ол өзін қабылдамай өседі.


Өзімізді жақсы көреміз деп жүріп, «ЭГОИСТ» болып кетпейміз бе?

«Эго» деген – «мен», адамның ішіндегі «мені». Эгоизм деген – менмендік қой. Эго барлық адамда бар. Сол эгоны баланста ұстау керек. Эго біреуде төмен, біреуде жоғары болады. Эгоны баланста ұстау үшін адам өзін жақсы таныығаны маңызды. Мысалы, өзіңе тілегенді өзгеге де тілей алсаң, бұл – дұрыс эгоизм. Ал менде ғана болсын, басқада болмасын деу, команданың жеңісін менің жеңісім деп қабылдау – бұл дұрыс емес эгоизм.


Түріміз бен бет-бейнемізді қалай қабылдаймыз?

Біз ата-анамызды өзгерте алмаймыз, түр-әлпетімізді өзгерту де біздің қолымызда емес. Сондықтан бар болмысымыз бен түрімізді қабылдап, өзіміз өзгерте алатын жайттарға мән бергеніміз жөн. Мысалы, жеке дамуымызды, ішкі дүниемізді жақсарту, толықтығымыз я арықтымызды өзгерту. Яғни қолымыздан келетін іске мән береміз. Өзімізді қабылдау өмірімізді жеңілдетіп, дәрежемізді көтереді.

Өзін жақсы көрудің жолы көп. Бірақ сіз осы үш ережені сақтаңыз. Ары қарай өзіңізді, өмір сүруді, бәрі-бәрін қалай жақсы көріп кеткеніңізді байқамай да қаласыз. Осы тұста айта кетейік, адам өзін жақсы көру арқылы кармасын да өзгерте алады. Олай болса, өзіңізді жақсы көруді дәл қазір бастаңыз. Қиын емес!

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


КҮЙЕУІН АЯЙТЫН ӘЙЕЛ оны мықты етпейді, ӘЛСІРЕТЕДІ


«ЕСЕЙМЕГЕН» ата-ана деген кім?