Жаз – бетті мұз кесектерімен сүртуге ең қолайлы уақыт. Суық және салқын ауа райында бұл шаруа біраз жайсыздық туғызады. Ал, ыстық күнде таңертең және кешкісін бетке ең керегі осы.
Түрлі табиғи өнімдерден жасалған мұз кесектерімен бетке массаж жасау арқылы терінің жағдайын біршама жақсартуға болады. Төмен температура тері қабатындағы ұсақ тамырларды тарылтып, қанайналымын жақсартады. Соның арқасында бірқатар жақсы өзгерістер орын алады.
Аталған процедураның артықшылықтары:
- Тері тонусын арттырады:
- Ылғалдандырады;
- Ісінуге бейімділікті азайтады;
- Коллагеннің көбірек бөлінуіне ықпал етеді;
- Жаңа жасушалардың туу процесін жандандырады;
- Әжім түсуінің алдын алады;
- Теріні микроэлементтермен, дәруменмен байытады;
- Секпіл мен пигментті дақтардан тазартады;
- Бөртпе, безеу сынды қабынулардан арылтады.
Әлбетте, мұның бәріне бір ғана рецептпен дайындалған мұз кесегінің күші жетпес. Алайда, әр мәселемен жеке күресетін арнайы рецептер бойынша жасасаңыз, әсері болмауы мүмкін емес.
Теріңіз қандай: құрғақ әлде майлы?
Әлбетте, барлық адамның терісі бірдей емес. Әйтсе де, мұз кесегі олардың барлығына пайдалы болады. Тек, аздап түрліше әсер беруі мүмкін.
Егер эпидермис құрғақ болса, бірінші кезекте жасушааралық бос кеңістіктер ылғалмен толығады. Нәтижесінде тері жібектей жұмсақ әрі серпімді болады. Ұсақ әжімдер де бұрынғыша көзге ұрып тұрмайды. Жеміс не көкөніс, шөп тұнбалары қосылған мұзды коктейльдер құнарлы заттектер мен микроэлементтермен байытады.
Ал, майлы терінің ең алдымен май бездерін тарылтып, тері майының бөлінуін азайтады.
Зиянды жағы да жоқ емес...
Әр нәрсенің өз шегі болуға тиіс. Мұз кесектерін де шамадан тыс көп пайдаланғанда кері әсер болмай қоймайды. Оларды есте сақтап, ескеруге тиіссіз.
- Қан ағынының қалыпты күйінің бұзылуы;
- Тамыр жұлдызшаларының түзілуі;
- Тері саңылауларының кеңеюі;
- Ісіну.
Аталған жағдайлар орын алса, бет терісінде жаңа мәселелердің пайда болатыны түсінікті. Сондықтан, мұз кесегін жиі пайдаланудан және өз теріңізге сай келмейтін рецепті қолданудан сақ болған жөн.
Пайдалану ережелері
«Мұз кесектерін шамадан тыс көп қолданса, зиянды» деген тұжырымнан кейін «Қанша уақытта және қандай мөлшерде?» деген сұрақтың тууы заңды. Ендеше, қолдану ережесімен таныс болыңыз.
- Таңертең және кешке сүртіңіз. Ыстықтап тұрған теріге мұз тигізу қауіпті.
- Таңертең бетті мұзбен сүрткен соң 1 сағатқа дейін тысқа шығуға болмайды.
- Процедура ұзақтығы – 1-5 минут.
- Мұзбен массаж жасаған соң 5-10 минутқа дейін теріні сүртуге, сыртқа шығуға болмайды. Әсіресе, күн көзі мен желдің өтіне.
- Мұз кесегінің құрамын 3-5 күн сайын өзгертіп тұрған дұрыс, бұл әсерлілікті арттырады.
- 7-10 күн бетті мұзбен сүрткеннен кейін 3-4 күнге тоқтатып, теріні тынықтырған дұрыс.
Қарсы көрсетілімдер де бар
Мынадай жағдайларда бетті мұз кесегімен сүртуге мүлдем болмайды:
- Купероз жағдайында;
- Тері зақымдануында (жара шыққан, сыдырылған, тырналған жағдайда);
- Терінің суыққа жоғары сезімталдығында;
- Түрлі тері аурулары болғанда;
- Суық және салқын ауа райында;
- Тіс ауырған кезде;
- Бет терісіндегі жүйке тамырларының қабынуында.
Дайындаған: Айгерім Мейірханқызы,