​Балаға сабақ оқытуда ОСЫ ережелерді ұстаныңыз

0
8 100

Әйтпесе, баланың орнына өзіңіз оқып кеткеніңізді байқамай қаласыз.


​Балаға сабақ оқытуда ОСЫ ережелерді ұстаныңыз

Баланың сабағын оқуына көмектесуге көбіне аналар құлшынып тұрады. Әсіресе, бірінші сынып не бастауышта оқитын ұл-қызына қолғабыс етуді парыз санайтындай. Оқудың онлайн форматқа өтуі бұл құлшынысты кәдімгідей қажеттілікке айналдырды.

Өкініштісі сол, қазір көп ата-ана баланың орнына сабақты өздері оқуға көшкенін байқаймыз. Бұл – сабақ оқуға, үй тапсырмасын орындауына көмектесу кезінде кейбір ережелердің сақталмағандығынан.

Баланың зейінін сабаққа аудара алмай, апайынан да сөз естігіңіз келмей, ақыр соңында өзіңіз оқып кетуден сақтану үшін мына ережелерді қатаң сақтауды ұсынамыз.


  • Көмекті өзі сұрамаса, сіз де ұсынбаңыз

Аналардың басты қателіктерінің бірі – осы, өзі көмек сұрамай жатып балаға жәрдем ұсыну. Бірден жанына жайғасып алады да, осы арқылы барлық ауыртпалықты бірге көтеретінін, тапсырмаларды бірге орындайтынын алдын-ала ұқтырып қояды. Бұл бір жағынан, балаға деген сенімнің жоқ екенін де білдіреді. Нәтижесінде, бала үй тапсырмасын орындауды бастамай жатып-ақ қызығушылығын жойып алады. Өйткені, ол барлық жағдайды анасы шешетінін, нені қалай жазу керегін айтып отыратынын біледі.

Сондықтан, баланы сабақ үстеліне отырғызыңыз да, өзіңіз жанынан кетіп қалыңыз. Шаруаларыңызды жасаңыз. Бес минут сайын келіп тексеріп тұрудың да қажеті шамалы. Бала көмек сұраған кезде ғана келіп-кетіп тұрыңыз.


  • Балаға шешім қабылдау еркіндігін беріңіз

Қай сабақтан бастап дайындалу керегін, қалай жазу, тіпті қандай интонациямен оқу керегіне дейін өзі айтып отыратын ата-аналар бар. Олардың басты қатесі сол – бала үшін барлық шешімді өзі қабылдайды. Маңыздысын да, еш маңызы жоқ ұсақ-түйек үшін де. Асылында, үлкен қателікке ұрындырмайтын, болмашы нәрселердің шешімін, таңдау еркіндігін баланың өзіне берген дұрысырақ болар еді.


  • Сабақ оқуды жаза түріне айналдырмаңыз

Әдетте біз бала шулап, айтқан тілді алмаған уақытта «Бар, сабағыңды оқы!» деп ұрсып жатамыз. Немесе сабаққа дайындалу арасында ойынға айналып кетсе тағы да «»Оқы сабағыңды!» деген айқаймен қайтарып алып жатамыз. Осындағы айқаймен айтылған сөз баланың сабақ оқуды жаза түрі ретінде қабылдауына ықпал етеді. Ал, жазаны өтеуді кім жақсы көрсін? Керісінше, «Кел, өзіңнің мықты екеніңді көрсетіп, мына тапсырманы орындап тасташы», «Сабақ оқимыз, сосын ойнаймыз», деген сияқты сөздермен сабақ оқуды, үй тапсырмасын орындауды ойын не басқа бір жағымды процесс ретінде ұсынып көріңізші. Сонда оқыту да оңайырақ болады.


  • Шекара орнатыңыз

Бала әр сұрақ туындаған сайын сізге келе бермеуге тиіс. Бастапқыда білмесе де, аздап ойланса не кітап бетін парақтаса, жауабы табылатын тапсырмаларды өзі ізденгені дұрыс. Сондықтан, қандай жағдайда сізден көмек сұрауға болады – соны нақтылап айтып қойыңыз. Ол баланың жасына не өтілген тақырыптарға байланысты анықталуға тиіс.


  • Намысына тимеңіз

«Осыны да білмейсің бе?», «Жаңа ғана айттым ғой, неге есіңде сақтамайсың?», «Мың рет түсіндірдім, неге ұқпайсың?» деген сияқты сөздермен баланың намысына тимеңіз. Иә, бұл сіздің ашуыңызға тиеді. Алайда, онымен салыстырғанда, сіз – ересек адамсыз ғой, көп нәрсені тереңірек түсінесіз. Мұндай сөздермен баланың сабақ оқуға ықыласын түбегейлі өшіретініңізді, өзін төмен бағалауы қалыптасатынын жақсы білесіз. Сондықтан, керісінше, баланы мақтауға болатын тұстарына мән беріп, назарын соған аудартыңыз. Ал, білмей, түсінбей тұрғанын қазір-ақ ұғып алатынына, содан соң әрі қарай тапсырманы оңай орындап тастайтынына сендіретін, қанаттандыратын сөздер айтыңыз.


  • Жауапты тауып бермеңіз, өзі табуына жол көрсетіңіз

Сіз үшін өте оңай, жауабы бір демде белгілі болатын сұрақ – бала үшін ұзақ ойлануды қажет ететін тапсырма. Сондықтан, жауабын біліп тұрсаңыз да, шыдамдылық танытыңыз. Баланың қажет жауапты өзі табуына көмектесіңіз. Тек дұрыс жолын көрсетіңіз.

Баламен бірге сабақ қарау – жүйкені жұқартатын, шыдамдылықты талап ететін шаруа. Жақсы нәтижеге жеткіңіз келсе, өзіңізді қолға алып, ережеге сай қадам жасауға тура келеді.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Ішіңізде КЕДЕЙ біреу отыр ма? АНЫҚТАҢЫЗ ДА, АРЫЛЫҢЫЗ!