Қазақстан парламенті жасанды интеллект туралы заң қабылдады

0
84

Бір апта бұрын Сенат ЖИ туралы заңды қайта қарау үшін Мәжіліске қайтарған еді.


Қазақстан парламенті жасанды интеллект туралы заң қабылдады

фото: Midjourney

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары Сенаттың жасанды интеллект (ЖИ) туралы заңға енгізген түзетулеріне келісті, деп жазады tengrinews.kz.

Бір апта бұрын Сенат ЖИ туралы заңды қайта қарау үшін Мәжіліске қайтарған еді. Сенаторлар ЖИ жүйелерін қолдану арқылы келтірілген зиян үшін міндетті сақтандыруды енгізуді ұсынды. Бұған дейін тек ерікті сақтандыру туралы айтылған болатын.

Сонымен қатар, бұрын заңда тәуекел анықталған кезде залалды азайту шараларын қабылдау жеткілікті болса, енді түзетулерге сәйкес, ЖИ иелері ықтимал қауіптің алдын алып, зиян келмеуін қамтамасыз етуге міндетті.

Мәжіліс түзетулерді мақұлдады

Бүгінгі Мәжіліс отырысында Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитеті сенаторлар ұсынған өзгерістермен келісуге болатынын айтты. Депутаттар түзетулерді қолдап дауыс берді. Осылайша, заң түпкілікті қабылданды және Президенттің қол қоюына жолданады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Парламентінде заң алдымен Мәжілісте қабылданып, кейін Сенатқа жіберіледі. Сенат оны мақұлдап Президентке жолдай алады немесе кей нормаларға қарсылық білдіріп, құжатты қайта Мәжіліске жібереді. ЖИ туралы заң да осындай тәртіппен қайта қаралған болатын.