Балаға ТӨБЕЛЕСПЕЙ-АҚ ӨЗІН ҚОРҒАУДЫ үйретіңіз

0
258

Қорғануды үйретудің ең дұрыс жолы – баланың өзіне деген сенімділігін қалыптастыру. Мына 7 нәрсе жақсы көмектеседі


Балаға ТӨБЕЛЕСПЕЙ-АҚ ӨЗІН ҚОРҒАУДЫ үйретіңіз

«Біреу тиіссе, аяма», «Ұрса, сен де ұр. Тепсе – теп», «Солардан қорқасың ба? Жігіт емессің бе?» Осылай айтқан ата-ана балаға өзін қорғауды үйретіп жатырмын деп санайды. Бірақ бұл қорғаныстың дұрыс үлгісі емес.


Қорғануды үйретудің ең дұрыс жолы – баланың өзіне деген сенімділігін қалыптастыру. Баланы өзін қорғауда көмектесетін 7 ЕРЕЖЕНІ үйретіңіз.


1-ереже: Оптимистік көзқарас

Балаға өмірде барлық нәрсені жеңіл қабылдауды үйретіңіз. Жеңіл қабылдау деген – ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүру емес. Басына түскен жайтқа болуға тиісті, қалыпты жайт деп қарау, байсалды, саналы қалпын бұзбаған күйде әрі қарайғы шешімін іздеу, әрекет ету және нәтижесін оң болсын, теріс болсын, сабырмен қарсы алу, кез келген нәрсенің жақсы жағын көре алу – нағыз оптимизмнің жемісі.


2-ереже: Сенім қалыптастыру

Балаңыз мектепте біреуден таяқ жеп қалды делік. Ол мұны өздігінен келіп айта ма? «Мені ұруына жол беріп қойдым» деп ашық мойындай ала ма? Әлде жасырып-жауып, білдірмеуге тырысып баға ма?

Әлсіздігін, қателігін мойындау және оны түзетуге тырысу – мықтылық. Бұл өзіне және ересектерге (ата-ана, мұғалім, т.б.) деген сенімнің көрінісі. «Мен осылай жасап қойдым. Кешірім сұраймын. Міндетті түрде түзетуге тырысамын. Және бұдай былай қайталамаймын» деп өзіне сенімді адам ғана айта алады.

Бала сізге келіп бір қатесін ашық мойындаған сәтте ұрыспай, керісінше қолдау көрсетіңіз. Осы арқылы сізге сенуге болатынын, оны әрқашан қолдайтыныңызды түсінеді. Әрі өз әрекеттеріне жауапкершілік алуға және әлсіз тұсы мен қателіктерін мойындауға дағдыланады.


3-ереже: Келекеге күлкімен жауап беру
Балабақша не мектеп жасында әр бала өз тарапына мазақтау, кемсіту сөздерін естиді. Біреуді мазақтаған адам оны жаман халге түсіргісі келгеннен осылай істейді. Оған жаман сөзбен жауап қайтару, жұдырық ала жүгіру, жылау сияқты агрессивті реакция берсе, мазақтаушының мақсатына жеткені. Сондықтан балаға әрбір әдепсізбен сөз таластырмау керегін, өзіңнің дұрыстығыңды дәлелдеуге тырысудың ешқандай мәні жоғын түсіндіріңіз. Біреу келемеждесе, оған күлімсіреп қарау немесе елемеу – ең жақсы тәсіл. Осы тәсілді қолдануды үйретіңіз. Бұл баланың келеке етушіден көрі ақылды екенін көрсетеді.


4-ереже: Ұстамды болу

Қақтығыс кезінде өзіңе ұстамды болу сенімді, мықты етіп көрсетеді. Өз әрекеттерін, сөзін, даусын, дененің дірілін бақылауында ұстаған адам аз қателік жібереді. Сәйкесінше, қақтығыс соңында оныкі дұрыс болып шығады.


5-ереже: Қарсы пікірін айта білу
Балаңызға өзіне ұнамайтын нәрселерге қарсылығын білдіруіне, «Жоқ» деп айтуына мүмкіндік бересіз бе? Егер олай болмаса, ол қатарластарының арасында да өз ойын ашық жеткізе алмайды.

«Жоқ» деп айта білу ересектерге ғана емес, балаларға да қажет. Бала өзінде әрқашан таңдау мүмкіндігі барын түсінуі керек. Өзіне ұнамайтын нәрсені күштеп жасауға, біреудің пікірі өзінікімен сәйкес келмесе де келісуге мәжбүр еместігін білуге тиіс.Сонда қақтығысқа шақырушының, айтақтаушының ықпалында кетпей, өз көзқарасы мен шешіміне сай әрекет жасайтын болады.


6-ереже: Көмек сұраудан ұялмау

Балаға «Мәселеңді өзің шеш. Маған шағым айтып келуші болма!» деп бетін қайтаруға болмайды. Мұндай сөздерден кейін ол басқалардың көмегінен күдерін үзеді. Нәтижесінде кей жағдайлар баланың уысынан шығып, ушығын кетуі мүмкін. Сондықтан мәселесін айтып келсе, тыңдаңыз. Шешім айтып, не істеу керегін үйрету міндетті емес. Дұрыс шешім табуына көмектесерсіз немесе өзінің ойлануына қалдырарсыз. Тек оның алдында міндетті түрде мұқият тыңдаңыз. Сонда ата-анасы немесе басқа да ересектерден көмек сұраудан қысылмайтын болады.


7-ереже: Спортқа деген махаббат

Балаға кішкентайынан спортқа деген махаббатты сіңіру маңызды. Спорт физикалық күшті ғана дамытпайды. Ол сабырлы әрі ұстамдылыққа үйретеді. Негативті эмоцияларын шығарып, агрессия деңгейін төмендетеді.

Дайындаған: А. БЕКТҰРҒАНОВА,

ERNUR.KZ