Балаға ЖҮЗУДІ қалай үйрету керек: БАПКЕРДЕН бірнеше кеңес

0
149

«Өзі жүзіп шығады» деп суға итеріп жіберу – үлкен қате


Балаға ЖҮЗУДІ қалай үйрету керек: БАПКЕРДЕН бірнеше кеңес

Сурет: ЖИ

Балаға жүзуді үйрету – денсаулығы мен физикалық дамуына жасалған үлкен инвестиция. Алайда, көбіне біз, ата-аналар бассейнге апарып, арнайы үйретуге асықпаймыз. Кішкентай кезінде жылатып-шыңғыртып отырып шомылдырып, суға деген махаббатын өшіріп, қорқынышын өсіреміз. Суға түсуді тек тазалық үшін, кейін келе баланың өз қызығы үшін ғана деп қабылдайтынымыздан болар.

Соңғы уақыттары ғана баланың жүзуді үйренуі үшін арнайы тренерге жазылдырғандарды жиірек көзіміз шалып жүр. Алайда арнайы бассейн мен ақылы бапкерді бәрінің қалтасы мен уақыты көтере бермейді. Бұл міндетті де емес. Әр ата-ана дұрыс қадам жасау арқылы баласына суда балықша жүзуді өзі үйрете алады.

Баланың су айдынында өзін еркін әрі сенімді сезінуі алғашқы әсерлеріне тікелей байланысты. Қинамай, үрей туғызбай, жаттығуды қызықты ойынға айналдыра үйрету маңызды.


1. Керек-жарақтарды баламен бірге таңдау

Шомылуға арналған киімін (плавки/купальник), резеңке баскиім мен көзілдірікті баланың өзі таңдасын. Өзі таңдаған заттары жаттығулардың жағымды психоэмоционалдық жағдайда өтуіне септігін тигізеді.


2. Жүзу жабдықтарын пайдаланбау

Суға түскенде қолға тағатын үрлемелі жастықшалар (нарукавники), шеңбер, жилет – мұның бәрі қауіпсіздік сыйлайды, алайда өзіне сенімділікті қалыптастырмайды. Қолға тағатын жастықшамен жүзген кезде дене үйреншікті тік (вертикаль) қалыпта болады. Ал бұл жүзуге сәйкес келмейді. Сондай-ақ, тік қалыпта аяқтың қозғалысы велосипед тепкендей болады, бұл да – қате. Үрлемелі құралдардың бәрі батып кетпеуге көмектескенімен, жүзіп үйренуге еш жәрдемін тигізбейді.

Жүзуді жеңілдету және судың кедергісін азайту үшін дене көлденең (горизонталь) қалыпқа ұмтылуы керек. Бұл жағдайда аяқтар созылып, олармен су жарғағымен (ласт) ескендей бірқалыпты қозғалыстар жасауға тырысу қажет.

Үйрену кезінде көмекші құрал ретінде тек жүзуге арналған тақтайшаны немесе аквааэробикаға арналған нудлды (иілгіш таяқша-түтік) ғана пайдалануға болады.


3. Ойын түрінде үйрету

Жүзуді үйретуде, ең бастысы, ойын механикасын құру. Жаттығудың мақсаты жүзуді үйрену емес, ата-ана мен баланың бірге қызықты уақыт өткізуі, ойнау болуы керек. Басында баламен бірге бассейннің жиегімен жай ғана жүріп өтуден бастаған жөн. Жиекке отырып, аяқтарыңызды суға батырып, оны қайшылап, суды шалпылдатып, т.б. ойнаңыздар. Содан кейін суға батпайтын бір затты (мысалы, резеңке қайық немесе үйрек) салып, оны үрлеп жүздіруден жарысу да қызықты ойынға айналады.

Жалпы алғанда, жаттығуға техникалық жүзуді үйрену деп емес, бассейнге жай ғана уақытты қызықты өткізу үшін бару сияқты қараған дұрыс. Бала судан қорқамын деп қашқақтағанда немесе басқаша еркелей бастаған жағдайда ашуланбау маңызды. Назарды кішкене басқа нәрсеге бұрып, суға кейінірек қайта оралған жеңілірек болады. Бастысы – жүйелілік. Бір жазда екі рет қана бассейнге апарып, жүзуді үйретемін деу – қателік.


4. Үлгі көрсету

Бассейнге алдымен өзіңіз түсіңіз. «Міне, көрдің бе, осылай жүзу керек, мен сияқты істе!» деп айтудың қажеті жоқ. Жай ғана үнсіздікпен, суға балықша сүңгігеніңізге, еркін қимылыңызға қарап өзі қызығатындай етіңіз. Бала бассейн жиегінде болуға үйреніп, судың шашырауынан қорықпайтын болғанда қызығушылығы оянып, өзі-ақ сұранады.


5. Баланы суға мәжбүрлі түрде итермеу

Ел арасында таралған ескі әдіс: суға лақтырып жіберіп, ары қарай өзі жүзіп шығуын қадағалау. «Өмір сүргің келсе, өзің үйреніп шығасың!» дейтің қатыгез тәрбие әдісін қолданатындар әлі де бар. Иә, бала суға бір батып, бір шығып, қақалып-шашалып, ақыр соңында инстинкті түрде жүзіп шыға алуы мүмкін. Бірақ бойында үрей, өмірлік фобия қалыптасып қалу мүмкіндігі де бар. Өмір бойы жүзуге деген құштарлықты басып, кез келген су ойын-сауықтарынан қорқыныш тудыратын психологиялық жарақат қалдыруы ықтимал. Бұлай мәжбүрлі түрде үйретуге мүлдем болмайды. Саналы түрде үйрету және суға сүйіспеншілікті, су спортына деген қызығушылықты ояту аса маңызды.


6. Жүзуді жағымды рәсімге айналдыру

Баланы жүзуді үйренуге жасаған қадамдары үшін жаттығудан кейін бір жағымды нәрсемен қуантыңыз. Солайша жүзу жаттығуларын белгілі бір рәсімге айналдырасыз. Мысалы, әр жаттығудан кейін жақсы көретін шырыны мен печеньесі бар дәстүрлі шағын түскі ас ұйымдастырып, сол жерде күннің қалай өткенін талқылауға болады.


7. Бала жүзуді үйренсе де, оны қараусыз қалдырмау

Балаңыз жақсы жүзсе де немесе жүзу жабдықтарында болса да, оны ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Шын мәнінде суға батып бара жатқан адам кинодағыдай шалпылдатып, бір батып, бір шығып айқалай алмайды. Су астында дыбыссыз тұншығуы мүмкін. Сондықтан «20 секунд ережесін» берік ұстаныңыз. Ата-ананың назары баладан басқа жаққа 20 секундтан артық аумауы тиіс.


8. Судың температурасы

Балалар тез тоңады. Су температурасы кем дегенде +28...+300 болуы керек. Ерні көгеріп, денесі қалтырай бастаса, жаттығуды дереу тоқтату қажет.


9. Жас ерекшелігін ескеру

Баланың жасына қарай сумен танысу деңгейі әртүрлі болады.

1 – 3 жас: Сумен танысу, шашырату, бассейнде ата-ананың құшағында секіру (мақсат – суға бойын үйрету).

4–5 жас: Бетін, басын суға батыруды, суға дем шығарып көпіршік жасауды, «жұлдызша» қалпында тұруды үйрену.

6+ жас: Нақты жүзу техникасын (аяқты созып сілтеу, тақтайшамен жүзу) саналы түрде меңгеру кезеңі.


Судан қорықпауға үйрететін 3 қарапайым жаттығу

1. «Су астынан қазына іздеуші» (Көзілдірікпен жұмыс). Таяз жерге (баланың тізесінен келетін) жарқыраған ойыншық немесе тиын тастап, балаға су астына қарап, оны табуды ұсыну. Бұл су астында көзді ашудан қорықпауға көмектеседі.

2. «Қолтырауын» (Қолмен жүру). Бала таяз жерде қолдарымен судың түбін басып, аяқтарын артқа созып, қолтырауын құсап жүреді. Бұл денені көлденең қалыпқа үйретеді.

3.«Жұлдызша» (Суда қалқу). Баланы арқасымен суға жатқызып, қол-аяғын жайып, «жұлдыз» сияқты тұруды үйрету. Ата-ана басында баланың арқасынан демеп тұрады. Бұл дененің суда өздігінен қалқи алатынын сезіну үшін маңызды.

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Есеп шығара алмайтын баланы аспалы-арқанды саябаққа апарыңыз