Шақырту қағазы, медкомиссия, кейінге қалдыру: Қазақстандағы әскерге шақыру туралы не білу керек

0
119

​Қорғаныс министрлігі шақырту қағазы бірден әскерге жіберу дегенді білдірмейтінін айтты.


Шақырту қағазы, медкомиссия, кейінге қалдыру: Қазақстандағы әскерге шақыру туралы не білу керек

Фото: Қорғаныс министрлігі

ERNUR.KZ. Әрбір шақыру науқаны әскерге шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірқатар кезеңді қамтиды. ҚР Қорғаныс министрлігі әрбір әскерге шақырылушы білуге тиіс негізгі мәселелерді түсіндірді: шақырту қағазы қалай беріледі, мәртебені қалай тексеруге болады, кімдерге кейінге қалдыру қарастырылған, сондай-ақ егер оқуда болсаңыз немесе шетелде жүрсеңіз және шақырту қағазын алғаннан кейін не істеу керек?

Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) шақыру шараларына қатысу үшін шақыратын ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан бастау алады, ал оны орындау – әрбір жас азамат үшін міндетті заңды талап. Шақырту бірнеше жолмен жіберіледі. Қол қойдыру арқылы жеке беріледі, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі.

Сонымен қатар, eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы жеткізу секілді цифрлық хабарламалар да енгізілген. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді. Құжатта келу күні, уақыты және мекен жайы көрсетіледі. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаулармен қашу – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Шақырту алғаннан кейін деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөні, мекен жайы, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.). Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар, сондай-ақ кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар бар.

Әскерге шақыру мерзімін шегеру мынадай жағдайларда беріледі: отбасы жағдайлары бойынша, білім алуды жалғастыру үшін және денсаулық жағдайы бойынша, сондай-ақ ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтер мен дәрігерлерге, депутаттарға, азаматтық авиация және кеме экипаждарының мүшелеріне, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан тұлғаларға. Оны рәсімдеу үшін растаушы құжаттарды ұсыну және әскерге шақыру комиссиясының шешімін алу қажет.

Егер әскерге шақырылушы шетелде күндізгі бөлімде оқитын болса, әскерге шақыру мерзімін шегеруді рәсімдеу үшін оқу орнынан анықтама алып, eGov.kz порталы арқылы өтініш беруі керек. Қажет болған жағдайда анықтама қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге ұсынылады. Шешімді әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды. Егер белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажет. Аурып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуге тиіс. Шақырту қағазы бірден әскерге жіберуді білдірмейді. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі. Уақтылы дайындық болған жағдайда, бұл рәсім еш қиындықсыз өтеді.