Әрбір қыз баласы есейе келе анасына ұқсағысы келіп, еліктей бастайды.
Әрбір бала, әсіресе қыздар кішкентай кездерінде анасының киімдерін киіп көргенді, заттарын пайдаланғанды ұнататыны анық. Мұның көптеген себептері бар: анасының иісі сіңген киімді кигісі келеді, қуыршақтарымен ойнағанда соларға ересек болып көрінгісі келеді немесе жәй ғана қызығушылықпен жасайды. Мұндай жағдайдан кез-келген ана, кез-келген қыз баласы өтеді, одан қашып ұтыла алмайсыз.
Тек бала киімдермен ойнағанда көзден таса етпеу керек. Себебі, анасының белдемшесін киген кішкентай құлап қалуы, биік аяқ киімнен аяғын қайырып алуы, тағы осы секілді жағдайлар орын алуы әбден мүмкін.
Ал есейіп, жасөспірім шаққа жеткенде анасының киімін киетін әдеттен баланы арылтқан дұрыс. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден – әр адамның жеке заты, өз иесінің энергетикасын сақтап қалады. Сондықтан өзгенің, тіпті өз анасының киімін кию, оның мәселесін, қорқынышын немесе ауруын өзіңе киіп, тартып алумен тең екен. Ал эзотерика мамандары (эзотерика – бұл білім мен дін арасындағы шындықты зерттейтін, құбылыстардың ішкі байланыстарын түсіндіретін ілім) киім арқылы қызына анасының тағдыры ғана емес, мінезіндегі кейбір ерекшеліктер де беріледі деп сендіреді. Әрине жақсы жағынан емес.
Сол себепті артық мәселе, уайым болмас үшін мүмкіндігінше әркім өз киімін киген дұрыс, тіпті ол қызы мен анасы болса да.
Екіншіден – бұл гигиенаға жатпайды. Киімді қанша жиі жуғанмен, бәрібір тердің, әтірдің т.б иістер сіңіп қалады. Бұл деген өзгенің бактерия, микробтарымен байланысу қаупін тудырады. Мысалы, анасының қолтығында жағымсыз иіс болса, ол киім арқылы міндетті түрде қызына жұғады.
Десе де, медицина мамандары хлормен немесе ыстық суда антибактериальды жуғыш ұнтақпен үш рет жуылған киім жұқпалы бактериялардан түгелдей тазаратындығын да айтады.
Үшіншіден – бұл кедейліктің бір бет-бейнесі секілді көрінеді. Егер қыз баласы көп ретте анасының киімін киіп жүрсе, сырт көзде ол отбасының жалпы жағдайы туралы «жағымсыз сурет» қалыптасады. Яғни бұл отбасының қызына киім әперуге шамасы жоқ, сондықтан үнемі анасының киімдерін киеді деген теріс пікірде болады.
Төртіншіден – өзгенің киімі, тіпті ол өз туғаның, анаң болса да тура, құйып қойғандай шақ келуі екіталай. Сондықтан анасының киімі қызының үстінде өте ыңғайсыз көрінеді. Яғни, дене бітіміне сай келмеуі мүмкін немесе жасына лайық емес көрініп қалады.
Ал анасының затын қатты тұтынғысы келетін қыздар, мүмкіндігінше оның киімін емес, әшекейлерін, сырға, жүзік т.б. таққаны жөн.
Бесінші – мұраға қалған киім. Мұрға қалған киімді кию, кимеу туралы ой екіге бөлінген. Себебі, кейбір сарапшылар киімнің иесінің энергетикасы қайтыс болған соң да сақталады деген пікірді алға тартады. Сондықтан киімнің иесі бар кезде де, о дүниеге кеткен соң да кию дұрыс емес дейді.
Ал енді бірі, киімнің мұраға қалуы ертеден келе жатқанын және мұнда тұрған ештеңе жоқ екенін айтады. Мысалы анасынан қызына шәлісі, бас киімі, көйлегі қалып жатады. Оны кигеннен олар бақытсыз болып кетпейді дейді. Тіпті анасының киімі жоқтың орнын басып, сабырға шақырады деген пікірде.
Анасының киімін киюді қалай қойдыруға болады?
Жоғарыда айтып өткендей әрбір қыз баласы есейе келе анасына ұқсағысы келіп, ересектерге еліктей бастайды. Кейде қатаң тыйымдарға қарамастан анасының кешке киетін көйлегін, биік өкшелі аяқ киімін киіп көріп жатады. Баланың мұнай әдетін қойдыру үшін, алдымен баланың көңілін қызықты нәрсеге бұрып көру қажет. Мысалы, сән көрсету ұйымдастыруға болады. Анасы өз киімі мен баланың өз киімін кезектестіре отырып қызына кигізіп, үлкен айна алдына жүргізіп көргізуі қажет. Бала айнадан өз киімінің және анасының киімінің қалай тұрғанын анық көреді. Сондай-ақ анасы баланың өз киімінің шап-шақ әдемі және жарасып тұрғанын үнемі қайталап отырғаны дұрыс.
Ал кейбір қыздарға анасының тек бір киімі, көйлегі немесе жейдесі, киіп көруден бас тарта алмайтындай, өте қатты ұнауы мүмкін. Қанша айтылса да сол киімді киіп көру әдетін қоя алмаса, онда тура сол киімнің кішкентай, қызға шақ көшірмесін тіккізіп беру қажет.
Сондай-ақ балаға киім әпергенде өзіне де таңдау жасатқан жөн, яғни баланың пікірімен де санасқан дұрыс. Жаңа киім алғанда әсіресе қыз баласына жарасым жөнінде көбірек мақтау айту керек. Себебі балаға ең бірінші кезекте ата-анасының назар аударғаны қажет.
Әрине қызына өз киімін кигізу кигізбеу әркімнің өз еркінде. Дей тұрғанмен жоғарыда айтылған себептердің де негізі бар екенін ескерген дұрыс секілді.
Дайындаған: Э.Базарбаева,
ТАҒЫ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Баланы қателік жасағаны үшін ЖАЗАЛАУҒА бола ма?