​Балаңыз ҚАНША жасқа дейін өзіңізбен БІРГЕ ЖАТАДЫ?

0
7 888


​Балаңыз ҚАНША жасқа дейін өзіңізбен БІРГЕ ЖАТАДЫ?

Отбасында көп орын алатын бір қателік – баланың ата-анасымен бір төсекте ұйықтауы. Әрине, егер бала екі жасқа дейінгі жаста болса, қалыпты қабылдауға болар. Әйткенмен, төрт-бес, тіпті кейде мектеп жасындағы баланың әке-шешесімен бірге ұйықтайтын жағдайлар да кездессе, бұған не дейсіз?

Жалпы, баланың ата-анасымен бір төсекте ұйықтауының жақсы да, жаман да жақтары бар.


Жақсы жағы:

  • Эмоционалдық жайлылық;
  • Ана сүтінің жақсы бөлінуі;
  • Ананың ұйқысы қанық болуы;
  • Іш кебу, тіс шығу жағдайларының жеңілірек өтуі.


Кемшін тұстары:

  • Ересектердің баланы басып кету қаупі;
  • Ерлі-зайыптылардың интимдік қатынасына кедергі;
  • Кейін баланы бөлек ұйықтауға үйрете алмау.

Баланы екі жарым-үш жастан бөлек жатуға үйрету қажет. Төрт-бес жасқа дейін ата-анасының жанында жатып ұйықтағанға үйреніп қалса, оны бөлек жатқызу қиынға түседі. Сондықтан, дұрыс қадамдар жасау арқылы балаға көмектесу маңызды.

Баланы жеке жатуға тез үйрету үшін арнайы дәстүр қалыптастырыңыз. Ол үшін қандай да бір әрекетті күнделікті қайталау қажет. Мәселен, ұйықтатар алдында ертегі, ән айтып беру, арқасынан сипау немесе сүйікті ойыншығын ұйықтатып, содан соң өзін жатқызу деген секілді әрекеттер. Дағдыға айналғаннан кейін осы әрекет жасалғанда баланың ағзасы, миы өздігінен ұйқыға дайындала бастайтын болады.

Баланы жатқызар алдында анасының өзі де ұйқыға дайын болуы қажет. Анасының бойы босаңсыған, миы артық ойлардан арылып, ұйқытауға дайын болған күйін бала да сезінеді. Ал, анасының ойында «қазір баланы тез-тез ұйықтатып, содан соң мына шаруаны жасаймын» дегендей ой болса, яғни, ұйқыға дайын болмаса, бұл да балаға біліінеді де, ол оңайлықпен ұйықтай қоймайды.

Баланы басқа жаққа, ұзақ уақытқа жіберіп жатқандай аяушылық сезіммен қарамаңыз. Көбіне аналар осы қателікті жасайды. Өзі бөлек жатқысы келмей, аяушылық сезімін туғызу арқылы қайта бұрынғы орнына оралғысы келіп тұрған баланы аяп, одан сайын жағдайды ушықтырып алады. Оның орнына бұл баланың өзі үшін жақсы екенін, бөлек жату – есейгеннің белгісі, қуанышты жағдай екенін ұқтырыңыз. Бала үшін қуаныңыз.

Баланың жаңа орнына бойын үйретуі үшін оған қосымша көмек қажет болады. Мәселен, сүйікті ойыншығын жанына жатқызығыз. Күнделікті төсегін салу, жаймаларын төсеу ісіне өзін араластырыңыз. Төсек жаймаларында баланың өзі ұнататын бейнелер не кейіпкерлер суретінің болуы да жағдайды жеңілдетеді.

Баланы бөлек төсекке бір шығардыңыз екен, қайта қасыңызға алмаңыз. Әрине, олар «бір күн жаныңызға жата тұрайыншы» деген өтінішпен құлақтың құрыш етін жеуі әбден мүмкін. Берілмеңіз. Бір рет өтінішін орындасаңыз, бәрін қайта басынан бастауға тура келеді және бұл жолы бөлек жатуға үйрету алдыңғыдан да қиын болуы мүмкін.

Бөлек төсекке жатқан соң баланың ұйқысы бұзылуы мүмкін. Мұндай жағдайда мынадай әрекеттер көмектеседі.

  • Ұйқы уақытын белгілеп қойыңыз. Ол балаға да, отбасныың басқа мүшелеріне де ыңғайлы уақыт болуға тиіс. Мәселен, түнгі 10 мен таңғы 8 арасы немесе түнгі 11-ден таңғы 9-ға дейін деген секілді. Осы уақытты қатаң ұстануға тырысыңыз.
  • Күндізгі тамақтану, тынығу, серуенге шығу, шомылу режимін сақтап, бәрін өз уақытында жасау да маңызды.
  • Күндіз баланы таза ауаға шығару, дамытушы ойындар ойнату, массаж жасауды ұмытпаңыз. Түнгі ұйқының сапалы болуы үшін бұлар да керек.
  • Баланың жасына қарай ұйықтар алдында бесік жырын, ертегі айтуды не тыныштандыратын мультфильм көрсетуді де ұмытпаңыз.
  • Бөлменің температурасы мен ылғалдылығы бірқалыпты болуын қадағалаңыз. Нормаға сәйкес ылғалдылық – 50 мен 70% арасы, ал температура 18-20 градус болуға тиіс.
  • Матрас пен төсек жаймаларының сапасы да маңызды. Экологиялық таза, табиғи материалдан болғаны дұрыс.
  • Баланың түнгі киімі денесін қыспайтын, қозғалысқа кедергі келтірмейтін, табиғи материалдан болуына мән беріңіз. Жөргек кигізетін болсаңыз, оның да құрғақ әрі жылы, ыңғайлы болуы өте маңызды.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Балаға сабақ оқытуда ОСЫ ережелерді ұстаныңыз