Балаңыз сабақ ОҚЫҒЫСЫ КЕЛМЕЙ ме? БЫЛАЙ ЖАСАҢЫЗ...

0
4 236

Оқуға ынтасы жоқ баланы мәжбүрлемей оқытудың әдістері


Балаңыз сабақ ОҚЫҒЫСЫ КЕЛМЕЙ ме? БЫЛАЙ ЖАСАҢЫЗ...

Әрине, әр баланың оқу-білімге деген ықыласы, қызығушылығы, шамасы әрқилы. Кейбірі тумысынан оқымысты, айтқанды қағып алады, бір білгенін ұмытпайды. Енді бір балаларға мектептен әйтеуір бірдеңе үйреніп шығу үшін ата-анасының көмегі керек.

Балаға сабақ оқытам деп оны мәжбүрлеп отырғызып қою, талап қою, сыйлық беру, ұялту, ұрсу, ұру – мұның бәрі тиімді әдіс емес. Тіпті кері әсер беруі мүмкін. Ал мына 5 амал балаңыздың оқуға деген ынтасын оятып, білім қорын толықтыруына, үлгерімінің жақсаруына жол ашады.


1. Қателер мен білместіктерге жеңіліс деп емес, тәжірибе деп қарау

Кез келген ересек адам өмірдегі өз қателіктеріне, сәтсіздіктеріне қатты қайғырмай, оларды жеңіліс емес, жақсы тәжірибе болды деп қабылдауға тиіс. Ата-аналар баласына осы қағиданың айқын үлгісін көрсетіп әрі балаға қатысты да осы ережені ұстана білгені абзал. Жіберген қатесі, ұмытып қалған сабағы үшін ұрыспай, қатемен жұмыс жасауды, бұдан да жақсы болу үшін алға ұмтылуды үйреткен жөн. Адам өз қатесін түзетіп, білмегенін білуге әрекет жасау арқылы ғана дамитынын ұқтырыңыз.


2. Қатесіне қарай жазалау емес, еңбегіне қарай марапаттау

Баланың сабақ үлгерімін тексергенде негізгі назарды қателерге емес, жетістіктеріне аудару керек. Әсіресе, бұрынан келе жатқан «қызыл сия» әдісін ата-ана қолданбағаны жөн. Қателерді қызыл сиямен бадырайтып белгілеудің салдарынан баланың басты назары кемшіліктерге қарай ауып, еңсесі түседі. Оны болдырмау үшін қайта бұрынғы жіберіп жүрген қателіктерін түзеген, білмегенін білген тұстарын тауып, астын қызыл сиямен сыза отырып, осы үшін мақтау керек. Сонда сабаққа ықыласы одан әрі арта түседі.


3. Қиялына ерік беріп, шығармашылығына жол ашу

Кітапта жазылғанды жаттап ал деп мәжбүрлеу баланың сабаққа деген ықыласын жойып жібереді. Себебі, кітап тілі балаға түсініксіз әрі қызықсыз болуы әбден мүмкін. Оның орнына өзіңіз кітаптағы тақырыпты бала тілімен, басқаша мысалдармен қызықты етіп түсіндіріңіз. Өзі сабақ айтқанда да ойынан мысалдар қосуына, түсінгенін басқаша сөздермен жеткізуіне, жалпы, тапсырманы белгіленген ереже бойынша емес, өз қиялының еркіне қарай орындауына рұсқат беріңіз. Бұл баланың креативті, шығармашылық ойлау қабілетін шыңдайды.


4. Отбасында жайлы атмосфера орнату

Әрине, баланың білімді, интеллектуалды дамуы жоғары болып қалыптасуы үшін күнделікті сабаққа жауапкершілікпен қарауы, қосымша ізденуі, ақпарат көздерімен жұмыс жасауы маңызды. Сондай-ақ, мұнымен шектелмейтінін, отбасындағы атмосфера, ата-ананың көңіл-күйі де әсер ететінін естен шығармау керек.

АҚШ ғалымдары көбінесе берекелі, тату-тәтті отбасының балалары арнайы үйретпесе де, санау, оқу, жазу-сызуды өз бетімен ертерек үйреніп кететінін айтады. Ал ата-анасы үнемі депрессияда жүретін, балаларға агрессиялы қарым-қатынас жасайтын отбасынан шыққан оқушылардың сабақ үлгерімі төмендеу болатыны жиі кездеседі екен.

Білім алу – бұл таңнан кешке дейін кітапқа шұқшиып, жазылғанды жаттап алу емес. Ол – берілген ақпаратты түсініп оқу, сүзгіден өткізу, өз қабілет-қарымына қарай керегін алып, керек емесін өткізіп жіберу сынды күрделі әрекеттерден тұрады. Бұл жолда ата-ана түрлі тиімді әдіс-тісілдерді меңгеріп, тәжірибеде қолдану арқылы балаға көмектесуге міндетті.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

КҮЙЕУДІ «ТЫҢДАТУ» үшін әйел ҚАНДАЙ болуы керек?