Достарыңның арасында "қой терісін жамылған қасқыр" да болуы мүмкін...
Достар – адам өмірінде отбасынан кейінгі орынды алатын жақындар. «Достар — бұл біз өзіміз таңдайтын отбасы» деген сөз бар. Бірақ, өкінішке орай, жолдастар әрдайым отбасыңдай жанашыр бола бермейді. Кейде амал дос пен «улы» достықтың құрбанына қалай айналғаныңды білмей қаласың.
Токсикалық қатынастар туралы сөз болғанда, бірден қыз бен жігіт, ерлі-зайыптылар, ата-ана мен бала немесе басқа да туыстардың қарым-қатынасы туралы ойлаймыз. Алайда, достық қатынастар да токсикалық, яғни «улы» болуы мүмкін. Әдетте достықты – қолдау, сенім, өзара құрмет, бірге даму, ортақ құндылықтар, қызығушылықтар мен мақсаттар құрауға тиіс. Алайда кейде «дос» деген атауды жамылған адам эмоциялық немесе қаржылық паразит, тіпті жасырын дұшпан боп шығуы ықтимал. Сондықтан, балаға да, ересек адамдарға да дұрыс таңдауды, пайдасы емес, зияны тиетіндерін дер кезінде танып, іргесін аулақ салуды үйрену керек-ақ. Ол үшін «токсик» достың белгілерін білу міндетті.
- Өзіңді кінәлі сезіндіру
Токсикалық достықтың бірінші және ең қауіпті, айқын көрінетін белгісі – кінә сезімін арту.
Ол «Саған айтуға оңай ғой. Ал менде...» дегендей жеңіл және жасырын формада басталып, «Осылай болғаны – сенің кесірің» деген сынды ауыр әрі тіке айыптауларға дейін жалғасады. Салыстырулар, астарлы әзіл-қалжыңдар, белсенді емес агрессия (мысалы, үнсіз реніштер), ашық айыптаулар, мазақтаулар мен «қорлау» сөздері «Не істеп қойдым?» деп ойлануға итермелейді. Өзіңді досыңа қиянат жасағандай не достықты сатқандай сезінесің.
«Сен басшысың ғой. Сонда да мені бір жерге орналастырмадың (жәрдем бермедің)», «Қалай қиналып жүргенімді білесің ғой... Біздің достығымыздың қадірі жоқ екен», «Ақшаңды не болса соған шашып жүрсің... Ал достарыңа көмектеспейсің», «Саған рахмет, әрине... Бірақ бұл бәрібір жетпеді (құтқармады)», «...Жоқ, ештеңе болған жоқ. Өзің ойланып көр, бәлкім түсініп қаларсың...»
Осындай сөздер айтатын досқа қанша көмек көрсетсең де, ол бәрібір риза болмайды. Реніш-шағымдары таусылмайды.
- Бәсекелестік
Кей достықтың ішінде біржақты жасырын бәсекелестік жүреді. Достардың бірі өзін еркінен тыс белгісіз бір сайысқа қатысып жатқандай сезінеді. Өйткені, екіншісі өз ішінде сайыс ұйымдастырып, бірінші болуға ұмтылып жүр. Сол үшін де өзін үнемі досымен салыстырады, оның іс-әрекетін қайталайды, өзінің артық және басым тұстарын көрсету үшін барын салып бағады. Ол аздай, досының жеңілісі мен сәтсіздіктеріне қуанғанын да кейде жасыра алмай қалып жатады. Ал қуанышты, жеңісті сәттерінде аздап алшақтап, сөйлесуге құлықсыз боп қалады. «Түні бойы ұйықтамадым дейсің бе? Сол да сөз бе? Менің көз ілмегеніме екі тәулік болды», «Қойшы, соған шаршап қалдың ба? Сенен екі есе артық жұмыс істесек те, жүрміз ғой өлмей-ақ» деген сынды сөздер осының айғағы.
- Негативпен бөлісу
Достық қарым-қатынас абзалында адамға жақсы әсерлер беруге тиіс. Қолдау, түсіну, көңілді сәттер, жағымды естеліктер, сырласу, т.с.с. Ал тек негативпен бөлісетін, өзімен тілдескеннен кейін ауыр жүк қалдыратын дос – нағыз улы, зиянды адам. Ол сені орынсыз сынап, ұнамайтын сөздер айтып тікелей уын шашады. Немесе өмірге деген өкпесін айту, басқаларды өсектеу, өзін құрбан рөлінде крсету, т.б. арқылы әр кездескен сайын бойындағы негативін саған «беріп» кетуі мүмкін. Ол бойыңда жинақтала береді де, бірте-бірте үнемі пессимистік немесе ашулы, ызалы, алаңдаулы күйге түсіреді. Токсикалық әңгімелер үшін жаңа себеп іздеуге шақырып тұрады.
- Орынды-орынсыз сынау
Шын достың артық-кеміңді жасырмай, бетке айтқаны – жақсы-ақ. Алайда оны жаныңа батыра жеткізу – жақсы ниеттің белгісі емес. Үнемі барлық нәрсеге қатысты сыни пікірін орынды-орынсыз білдіру, ескерту айта беру, сұрамасаң да ақыл-кеңестерін тықпалау, осының бәрін агрессивті түрде жеткізу – токсик достың әрекеті. Оған сенің бойыңнан ештеңе жақпайды: қалай киінгенің, жұріс-тұрысың, сөзің, шешімдерің... Тіпті арман-мақсаттарыңды, жоспарың мен қажеттіліктеріңді де құнсыздандырып, іске алғысыз етіп тастайды. «Мына киім саған жараспайды, аяғыңның қисықтығы қатты білінеді», «Жаңа жиһаз алыпсың ғой, құтты болсын! Бірақ үйіңе онша үйлеспей қалыпты, мен болсам мынандайын таңдайтын едім», «Мына сабақтан бес алыпсың, жарайсың! Бірақ саған мұғалім көмектесіп, көп жеңілдік жасады ғой»... Осы сияқты сөздерде сен үшін шын қуану мен сындарлы сын жоқтың қасы.Ол жай ғана досыңмын деп жүрген адамның сені құнсыздандыру жолынағы әрекеті. Мұны іштей сезесің, сондықтан оған жаңалықтарыңды айтар алдында сынау-мінеуіне дайындалып, өзіңді ақтап алар сөздерді саптайсың.
- Достықпен манипуляция жасау
Қайсыбір досың өзінің бұрыс іс-әрекеттерін ақтау үшін достықтарыңды қолданады. «Иә, сен туралы жағымсыз сөз айттым, бірақ бұны сені жақсы көргендіктен айттым. Мені кешіретін шығарсың, біз – достарымыз ғой!», «Сенің затыңды сұраусыз алып алдым. Ештеңе етпейтін шығар, достар әрқашан бір-бірімен бөлісуі керек. Менің затымды осылай алсаң, мен де ренжімес едім», «Ренжімеші, саған қарызымды қайтара алмай жүрмін. Күте алатын шығарсың. Дос емеспіз бе, арамызда азын-аулақ ақша жүрсе, жүреді де»...
- Жеке шекараны бұзу
«Токсикалық» емес, «дені сау» достық қатынастың негізі – терең құрмет. Сені, сенімен достық қарым-қатынасын құрметтеген адам сенің жеке шекараңа құрметсіздік танытпайды. Оны бұзып-жаруға, рұқсатсыз кіруге жол бермейді.
Егер адам белгіленген жеке шекараны үнемі бұзса, яғни сен үшін жағымсыз немесе қабылданбайтын нәрселерді қайталай берсе, бұл әрекетіні уыты ерте ме, кеш пе улап бітеді. Мысалы, ескертпестен үйіңе келіп тұрады, сенің атыңнан басқаларға уәде беріп қояды, кездесулерге үнемі кешігіп келеді, заттарыңды рұқсатсыз алып кетеді, сұрап алған затын немесе қарызын қайтармайды, тағысын тағылар.
Әрине, біз басқа адамды өзімізге бейімдеуге немесе әдеттерін өзгертуге құқығымыз жоқ. Досты қалай бар – сол қалпында қабылдауға тиіспіз. Десе де, достық құру – екі тарапқа да ыңғайлы болатын орта қалыптастыру. Егер адам сенің шекараңды бұзатын ұнамсыз қылықтарын бірнеше рет ескерткеннен кейін де қайталай берсе, бұл – ойлануға себеп боларлық жағдай.
- Шектен тыс көңіл талап ету
Досың – сенің өміріңнің бір бөлшегі. Зәуде бір оған да лайықты уақыт пен көңіл бөліп тұру керек. Алайда, оны өміріңнің мәніне айналдыруға, барлық уақытың мен көңіліңді соған бұруға міндетті емессің. Кей достар сөйлесуді, кездесуді шектен тыс көп талап етеді. Оған қазір ресурсың жоқ екенін (бос уақыт, көңіл-күй, күш немесе қаражат, т.б.) айтсаң, ренжиді – «Шетелге қыдыруға ақшаң бар да, маған келгенде таппай қалдың ба?» Өз өмірінің барлық егжей-тегжейін белсенді түрде бөліседі де, сенен де дәл сондай әрекет күтеді. Күткенін бермесең, тағы өкпелейді – «Менде мынандай жағдай болды... Ал мен... Ал менің жағдайым... Сосын... Мен саған бәрін айтып жатырмын, ал сен... Неге сен менімен бөліспейсің?!»
Бұл жердегі негізгі мәселе — «бұзылған тепе-теңдік» сезімі. Достықтың өлшемі бірі үшін өте үлкен, екіншісі үшін қандай да бір шегі бар болғанда туындайтын түсініспеушілік. Бірақ, қандай жақын достық болса да, бар өміріңді тек соған арнай алмайтының, оның да өз шамасы болуы керегі түсінікті емес пе?
Мұндай достыққа неге шыдаймыз?
Бір қарағанда, ресурстарымызды сарқып, көңіл-күйімізді бұзып, өзімізді бағалауды төмендететін адаммен қарым-қатынасты неге жалғастыра береміз?
Бұл сұрақтың жауабы — көп. Кейде жалғыз қалудан қорқамыз («Басқа кіммен дос боламын?»), достың алдында өзімізді міндетті сезінеміз («Кезінде маған талай көмектесті ғой, қалай көңілін қалдырамын») немесе онымен ұзақ уақыт бірге болғандықтан бауыр басып қаламыз («Біз бала кезден бері араласамыз, барлық нәрсені бірден бұзып тастауға болмайды»). Бір нәрсе ұнамаса да, бұл достықта өзіңді жайсыз сезінсең де, қарым-қатынасты үзу қиын болып көрінеді. Бірақ ең басты себеп — ішкі тіректің жоқтығы, өзіңді бағаламау, өз сезімдеріңді дұрыс түсінбеу немесе оған мән бермеу, жеке қажеттіліктеріңді құнсыздандыру.
Жылдарға жалғасқан «улы» достықтың жібін бір сәтте, бір-ақ қадаммен не бір ауыз сөзбен үзу қиын. Оған іштей дайындық және тыңғылықты жоспар керек. Сондықтан, бұл жайлы журналдың алдағы сандарында толығырақ жазу жоспарда.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалды жылдам басатын "жаттығулар"