Энергияңды «жеп» қоятын 5 нәрсе: қалай арылуға болады?

0
598

Өз-өзіңе көмек көрсету әдістері қашан да бар.


Энергияңды «жеп» қоятын 5 нәрсе: қалай арылуға болады?

көрнекілік сурет:lawschooltoolbox.com

Ештеңеге зауқың болмау, үнемі шаршап жүру мен созылмалы стресстің себебі тек жұмыс пен тұрмыстық қиындықтарда емес. Ештеңе істемей күні бойы жатқан адам да, мәселесі жоқ мұңсыз-қамсыздар да осындай күйге түседі. Өйткені, мұндай сезімдер біздің ойлау, әрекет ету және мінез-құлықтың зиянды тұстарынан туындайды. Бойыңыздан бар қуатты «сорып», күшіңізді сарқып, құштарлығыңызды өшіретін не? Басты 5 «қуатжегіштер» мыналар.


Өзіңді құрбан ету

Біз ресурстарымызды басқалардың қажеттіліктері мен тілектерін қанағаттандыру үшін жиі құрбан етеміз. Жүрек қалауымен емес, «ұят болады» деудің, өзімізді міндетті сезінудің жетегінде. Өзімізге ұнайтынын емес, ұстаздар кеңес еткен, ата-анамыз армандаған, басқалар табысты да сәнді деп таныған мамандықты таңдаймыз. «Әзірше ата-анама, бауырларыма көмектесе тұрайын, сосын өзім үшін өмір сүремін» деп, «кейінге ысырылған өмір» синдромына ұшыраймыз.

Басқалардың көңіліне қарап, біреу үшін істелген істер біраз тыныштық бермейді. Әйтеуір бір күндері «Неге өзім үшын мынаны емес, өзге үшін басқаша жасадым» деген ойлар бас көтереді. Бір басталса бітті, қайтып тоқтату қиын.

Оны тоқтату үшін ішкі бағдарлауды, мотивация мен басымдықтар жүйесін дамыту маңызды. Ол біздің жеке қажеттіліктерімізге негізделуі керек. Өз эмоциямыз бен сезімдерімізге сүйеніп шешім қабылдауды үйрену қажет. Өйткені, олар – денеміз бен психикамыздан келетін, бізге не ұнайтынын немесе ұнамайтынын білдіретін ең жылдам және айқын сигналдар. Жағдайды бағалау кезінде өз пікірімізді, естеліктерімізді және сезімдерімізді бірінші орынға қоюымыз маңызды. Иә, айналадағы адамдардың пікірін тыңдап, талдау да қажет. Бірақ шешуші фактор әрқашан біздің жеке көзқарасымыз болуы тиіс.


Ұнамсыз жағдайлар мен адамдар

Энергияны сорып алатын нәрсе – жағымсыз жағдайлар мен ұнамсыз адамдар. Бізге ұнамайтын, өзгерткіміз келетін, ұятқа қалған жағдайлар іштей маза бермей, шаршатады. Сондай-ақ, тіл табыса алмайтын адамдармен түсініксіз қарым-қатынастағы айтылмаған реніштер мен шағымдар, өзара сезімдердің болмауы, эмоциялық тәуелділік сындылар да қажытады. Ауыр әсері бар естеліктерді қайта қарау, ностальгияға берілу, біреумен ойша сөйлесу, өткен жағдайларды ойша «қайта өткеру», біреуге бірдеңе дәлелдеу, оның кешірімін, құрметін, махаббатын алу, әлеуметтік желілерде адамды үнемі бақылап отыру, өсектер мен қауесеттер жинау, «кездейсоқ» кездесу ұйымдастыруға тырысу – осының бәрі де қуатыңды арттыратын емес, керісінше, кемітетін әрекеттер.


Өзін-өзі алдау

Өмірімізде қандай да бір шешілмеген мәселе, түзеуді қажет ететін жағдайлар, қиындық тудыратын түткілдер барын білсек те, олардың шешімін табуға асықпаймыз. Бәрі жақсы секілді түр жасаймыз. «Денсаулықты сақтау үшін спортпен айналысу керек еді, бірақ осылай да жақсы», «Осы жаман әдетті тастау керек, біраққоя берші, менен де жамандары жүр ғой», «Табысы көбірек жұмыс қарастырып, тапсам жақсы болар еді. Бірақ қазіргі жұмысым да жарайды, аш емеспін, күн көруге болады», т.с.с.

Мәселеге қарсы тұру, күресу, тер төгіп еңбектенуге қарағанда осы оңайырақ көрінеді. Қателіктер мен қорқыныш, кемшіліктерді мойындау да жағымсыз. Оның орнына, жасырып-жаба салған әлдеқайда ыңғайлы. Сондықтан өзімізді алдауға жол береміз.


Негізсіз уайым

Уайымдау мен алаңдаушылықтың рационалды және иррационалды түрлері бар. Рационалды алаңдаушылық – нақты қауіп-қатер орын алғанда туындайтын реакция. Ал иррационалды алаңдаушылықта негізсіз гипотетикалық қауіптер туралы мазасыз ойлардан азаптанамыз. «Осылай болып қалса, қайтем?», «Түбі осылай болса, не болады?», «Мұның астарында мынадай қауіп бар ссияқты, қапелімде байқамай қалмайын» дегендей ойлармен сарыуайымға салынып, күшімізді босқа жұмсаймыз.

Бұл алаңдаушылық танымдық қателіктерден, яғни адамдарға тән жүйелі ойлау қателіктерінен туындайды. Біз мүмкін болатын проблемалардың ауқымын және ықтималдығын асыра бағалап, бір ғана оқиғаны жалпы заңдылық ретінде қабылдаймыз. Катастрофизация «Күйеуім телефонға жауап бермейді, бірдеңе боп қалмады ма? Апатқа түсті немесе басқа бір жаман жағдай болды!», «Танысымда осындай жағдай болды. Мен де сөйтсем, сондай жамандық менің де басыма келеді» деп кете береді. Осындай негізсіз қорқыныш пен алаңдаушылығымызды растайтын ақпаратты іздеп, оған назар аударамыз.

«Қоқыс» контент

Энергия мен уақытты жейтін ең үлкен құбыжық – медиа кеңістік. Оны қуатжегіш жауға айналдыратын – өзіміз, яғни, дұрыс пайдаланбауымыз. Біреу пайдалы мақалаларды оқып, білімге толы видео көреді, ал біреу мән-мағынасыз рилстер мен видеоларды қарап, уақытын текке сарп етеді. Осындай кезде миымыздың ең энергия шығындайтын функциялары (рационалды ойлау, жоспарлау, шешім қабылдау) әлсірейді. Пайдасыз «қоқыс» контенттің астарына үңілмей, автоматты түрде қабылдап, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз.

Бұл – демалудың иллюзиясын жасайды. Сондықтан да шаршаған кезде «Кішкене инста ақтарайын (тик-ток көре тұрайын), сосын жұмысымды жалғастырармын» деп желіден ми тынықтыратын нәрсе іздейміз. Бірақ, бұл материалдар жеңіл қабылданады дегенмен де, тез шаршатады. Себебі олар эмоционалдық жүктемені арттырады, сезім мүшелерін және миды жұмыс істетуге, жаңа ақпаратты талдауға мәжбүрлейді.

Оның орнына шаршаған кезде жай ғана 5-10 минут көзді жұмып, денені бос ұстап отыру не таза ауада серуендеу әлдеқайда артық.


Егер үнемі шаршау, қажу, енжарлық дендеп, күйзеліс деңгейі тереңдеп кетсе, бұл – үлкен мәселеге айналып үлгергені. Оны психолог немесе психотерапевт көмегінсіз шешу қиын. Бірақ өз-өзіңе көмек көрсету әдістері қашан да бар. Ықылас-ынтамен жасасаңыз, пайдасын да көрерсіз.

«Эмоцияларды өткізу»

Сәтсіздік, жағымсыз жағдай кезінде негативті эмоцияларды толықтай өткеру өте маңызды. Оларды шығармай, басып тастауға тырысу теріс әсерін кемітпейді, қайта арттырады. Сондықтан, жағдайды, сезімдер мен өзгерістерді бар қалпында қабылдау керек. Алдымен көзді жұмып, сезімдерге назар аударыңыз және оларды тиісті атауларымен атаңыз. Содан кейін эмоцияларға ерік беріп, қалағаныңызша айқайлаңыз, жылаңыз, шағымданыңыз. Осы әрекеттерді көкіректі кернеген ауырлық сезімі толық кетіп, жансарайыңыз босағанша жалғастырыңыз.

Жауапкершілік шекараларын түсіну

Өткенді ойлағанда және қиялдағанда біз жиі басқалардың әрекеттерін бақылауға алуға тырысамыз. Естеліктерді қайта-қайта көтеріп, неге олай болғанының себептерін іздейміз. «Нені дұрыс жасамадым? Оны қалай болдырмауға болар еді? Былай істегенімде басқаша болар ма еді? Енді не өзгерте аламын?» - осы секілді сұрақтарға жауап іздеумен өзімізді шаршатамыз. Бірақ басқалардың ойлары, сезімдері, әрекеттері мен қылықтары – біздің жауапкершілігіміз емес. Осы шекараны білу және юерік ұстану ресурстарды үнемдеуге көп көмектеседі.

Өзімізге тірек табу

Өзімізді қуаттандыру үшін ішкі күш-қуат қайнары мен тірек көздерін табу қажет. Жетістіктерімізді жазып, күшті жақтарымызды атап өтіп, жеке құндылықтарымыз бен басымдықтарымызды талдаған жөн. Әр түрлі уақыт өткізу, демалыс үлгілерін тәжірибеден өткізіп, өзімізге ең қатты жаққаны не – соны анықтау керек. Біреулерге таусылмас күш-қуатты табиғат берсе, енді біреулер билеу арқылы энергия қорын толықтырады. Біреулерді кітап оқу шабыттандырса, екіншілердің өмірге құштарлығы басқа адамдармен араласу, сөйлесу арқылы артады. Сізге не күш береді, соны табыңыз.