Қатысушылар негізінен үш кезең бойынша өз бақтарын сынады.
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Қанекей, тілім, сөйлеші!» тақырыбында аудандық байқау өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын аудан көлемінде жүзеге асыра отырып мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді дәріптеу және жас ұрпақты сөз қадірін түсінуге баулу мақсатында аудандық «Жетісай» мәдениет үйінде өткен сайысқа аудандағы білім беру ұйымдарынан 15-29 жас аралығындағы 15 жас қатысты.
Қатысушылар негізінен үш кезең бойынша өз бақтарын сынады. Нақтырақ айтар болсақ, «Сәлемдесу – салтымыз» кезеңінде өздерін таныстырса, «Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады» деп аталатын екінші кезеңде жұмбақтап айтылған шешендік сөздер мен мақал-мәтелдердің астарын ашып, мән мағынасын түсіндірді. Ал, «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» кезеңінде қазақтың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің, халық ақыны Ж.Жабаев пен лириканың мұзбадағы М.Мақатаевтың шығармаларының бірін жатқа оқыды.
Әрбір қатысушының сахнадағы жүріс-тұрысы мен киім үлгісі, сенімділігі мен сөз саптауы, ана тілге деген құрметі мен дайындықтары басты назарға алынып, көрермен мен қазылардың ыстық ықыласына бөленді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқау төрешілерінің шешімімен №76 жалпы орта мектебінің оқушысы Н.Ният бас жүлдеге ие болса, І орын Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті І.Манарбекұлына, ІІ орын №15 колледж студенті Е.Мамырайымға, ал, ІІІ орын «Қ.Яссауи» атындағы жалпы орта мектеп оқушысы Ұ.Дадаева мен «М.Нұрбаев» атындағы жалпы орта мектеп оқушысы Н.Жақыпбекке бұйырды. Одан бөлек, «Үздік өнер көрсетуші», «Үздік киім үлгісі» және «Көркемсөз оқу шебері» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, үздіктердің ұстаздары да ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.


