ЕРКЕсіз бе, әлде ЕРКЕКсіз бе?

0
3 780

Қандай әйелдер ерінің отбасының басшысы болуынан айырады? Мүмкіндігін шектеп, билікті өз қолына өткізеді?


ЕРКЕсіз бе, әлде ЕРКЕКсіз бе?

Кейбір әйелдер бар, үйге кірсе - ӘЙЕЛ, көшеге шықса - ЕРКЕК. Яғни, отбасының бүкіл жауапкершілігі, барлық машақаты оның мойнында.

Сондай-ақ, осы айтылған типке қарама-қарсы типтегі әйелдер де бар, дүкенде картоптың, азық-түліктің қанша тұратынын жатқа білу былай тұрсын, баласының күнделігіне бір рет үңілуді ойламайды.

Олар үшін барлығын еркек жасауы тиіс. Тіпті, асүйге де күйеуін еріксіз сүңгітіп жіберетін әйелдер де жоқ емес.

Әйел адам отбасындағы діңгек, орта белде, алтын көпір болып қалыптасуы үшін не істеу керек? Нені білу керек?


Ол ЕРКЕКке айналып кетпеуі үшін күрессін, ӘЙЕЛдік болмысын да ұмыт қалдырмасын.



«СЕРКЕ» синдромы

Мұндай әйелдер әр тараптан алғанда лидер болуға ұмтылады. Әдейілеп емес, олардың табиғаты сондай. Қандай да бір мәселе туындай қалса, біреуді араластырмай, өздері шешкенді ұнатады. Мұндай әйелдердің жанындағы ерлер, яғни, таңдаған адамы, күйеуі бір атрибут есебінде ғана.

Базар-ошарды да өздері жасайды, маңызды шешімді өздері соңғы болып шегелейді. Бұдан кімге не пайда? Айып кімде? Әрине, отбасындағы орынның ауысып кетуі, ер-адамның отбасындағы рөлінің төмендеуі әйелдің себебінен.

Күйеуіне сөзін тыңдата алмайтын, одан отбасының басшысы жасай алмайтын әйелдер барлық жауапкершілікті өз мойнына алуға мәжбүр.

«Ешкіні серке бастайды», ер-азамат та отбасының көш бастаушысы болуы керек.


Еркек екіге бөлінеді, нағыз еркек және қалғандары.


Егер сіздің бойыңызда нағыз ер-азаматқа тән намысшылдық, қайсарлық қасиеті бұғып жатқан болса, мұндай әйелдердің алдында өзін төмен санайды. Сондықтан, әйеліне бағынғысы келмеген, оның отбасын басқаруына жол бергісі келмеген ер-азаматтардың отбасында осындай жағдай туындай қалса, міндетті түрде келіспеушіліктер туындайды. Не отбасысы билігін қолына алады, не әйелімен түсініспеушілігінің арқасында онымен бірге тұрудан бас тартады.

Ал, қалғандары әйелдің қолшоқпары, добына айналады. Бірақ, мұндай еркектерді де әйелдің өзі сүйрелеп, жұмысқа орналастыру, не істеу керектігін өзі айтып, бұйырып отырады.

Қош, қандай әйелдер ерінің отбасының басшысы болуынан айырады? Мүмкіндігін шектеп, билікті өз қолына өтікзеді?



Күйеуінің қажеттіліктері үшін ақша беретін әйелдер

Ер адам өзі табыс таппағанымен қоймай, басқа «табыс көзін» тауып алады. Ол - әйелі. Егер әйелі оған «жаны ашып», күйеуіне сұраған ақшасын бере беретін болса, жағдайды өзгертудің, күйеуіді жұмысқа шық, табыс тап» деп мәжбүрлеудің пайдасы жоқ. Себебі, мұндай еркек күн сайын ата-анасының көмегіне сүйеніп, одан ақша алатын жас балаға айналады да қалады.



Күйеуінен сыйлық күтпейтін, керек болса талап етпейтін әйелдер

Ер-азамат әйеліне арнайы сыйлық алып келсе (көңілі үшін кішкентай болса да), әйел оны ризашылықпен қабыл алса, олардың арасында энергия алмасуы жүреді. Бұл дегеніміз, ерлі-зайыптылардың арасындағы жіпсіз байланысты нығайта түседі.

Әйелінің жанарынан қуанышты көрген еркек өзін қорған сезінеді. Бұл сезім ер-азамат үшін өте маңызды. Олар жиі-жиі өзін отбасының қорғаны, тірегі екендігін сезіне алуы керек.

Күйеуіне осындай мүмкіндікті бермейтін, өздігінен сыйлық алып келсе, «ақшаны құртып не істейсің? Одан да басқа нәрсеге жұмсамадың ба?» деп ұрысатын, ренжитын әйелдер өзіне де, күйеуіне де, отбасына да зиян келтіреді.


Барлығын өзі жасауға талпынатын әйелдер

Күйеуін орнынан тұрғызып, бірдеңе істету - машақат. Бұл әйелден ақыл-парасат, дипломатия, аздаған әйелдік қулық талап етіледі. Оның орнына әйел «күйеуіммен айқасып, күш-жігерімді сарп еткенше, өзім істеп тастай салайын» деген ойға тіреледі. Солай ғой?

Әне осылай басталған күйеудің еріншектігі күндердің күнінде әйелге зиян келтіреді.

Не істеу керек?

* Ер-азаматтың мойнында отбасы жүгінің басым бөлігі болуы тиіс. Бұл теңсіздік емес, табиғаттың заңдылығы.

Кейбір әйелдердің күйеуі неліктен байлыққа қол жеткізіп, табысты болады да, ал кейбір әйелдердің күйеуі қолындағы барынан айырылып тақырға отырып қалады? Бұл да әйелге байланысты дейміз. Әйел барлығын өзі істеуі тиіс емес, күйеуіне істетуі керек.


* Көмек сұрауды да біліңіз, оның көмектескенін күтіңіз. Қандай да бір шешімі қиын мәселе туындады ма, ата-анаңыз, құрбыңыз, әпке-сіңліңізден емес, еріңізден көмек сұраңыз. Оның алға ұмтылуына, мәселені шешуге тырысуына талпындыратын әйелдің тарапынан жасалатын бірден-бір жолы осы. Сіздің мәселеңізді шешу үшін бір тетікті табады.

* Күйгелектенбеңіз, сабырлы болыңыз, ниетіңізді түзеңіз. «Осы істі өзім тындырмасам, күйеуім бәрібір істемейді» деген ойды санаңыздан шығарып тастаңыз.

Барынша сабырлы болыңыз, айтылған сөзіңізді ол естиді. Міндетті түрде орнынан қозғалады. Төзім керек.

* Бұйрық түрінде емес, өтініш ретінде сөйлеңіз. «Егер осы істі атқара алмасаң, еркек болмай-ақ қой. Менің орнымда әйел болып үйде отыр» деген «қорқыту», намысына тию сіздің күткен нәтижеңізге жеткізбейді.

Керісінше, жақсылықтан үміттендіре біліңіз, «егер осы жұмысты бітіріп тастасақ, біраз нәрсеге қол жеткіземіз. Балаларымыздың болашағы және өзіміздің жақсы өмір сүруіміз үшін бірге жетейік» деп ынталандырсаңыз, мойнындағы жауапкершілікті сезіндіре аласыз.

* «Мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, бірден күйеуіңіздің мойнына ауыр жүкті арта салмаңыз. Саты-сатысымен өрлесеңіз, өзіңізге де, күйеуіңізге де жеңіл болады.


«ЕРКЕ» синдромы

Кейбір әйелдер бар, «еркелік маған жарасады» деп дамуды, өсуді қаламайды. Бірталай жасқа келген әйелдердің өзі мектепте өтетін ата-аналар жиналысына бару былай тұрсын, баласын оқытып жатқан ұстазының атын білмесе, үйде отырып бір жерге шығу керек болып қалған жағдайда қоғамдық көлікпен немесе таксимен емес, жол арасы біршама қашық жердегі жұмысында отырған күйеуін шақырса, «менің міндетім өмірге бала әкелу ғана, қалғанының барлығын күйеуім істеу керек» деген ойдан арылмаса, бұл енді ер-азаматтың соры.

Мұндай әйелден кез-келген еркек шаршайды. Тастап кету, басқа әйелден жылылық іздеу секілді болып жатқан жағдайлардың барлығы осыдан келіп шығады. Әрине, Алла сақтасын!

Не істеу керек?

Әуелі әйел өзі өзгеруі керек. Егер келешегі қандай болатынын сезетін әйел болса, өзіа-қ тыпырлап, атына қамшы салады. Демек, күйеуіңізбен бірге қартайғыңыз келсе амал етіңіз.

* Неге өзіңізге тиесілі отбасы жауапкершілігінен қашасыз?

Осы сұраққа жауап іздеңіз. Қорқасыз ба? Жалқаусыз ба? Бейқамдығыңыз басым ба? Егер осы қасиеттердің бірі өз бойыңызда бар болса, мойындай алсаңыз, сол жаман қасиетіңізбен күресуді біртіндеп бастап көріңізші, міндетті түрде жеңіп шығасыз. Өзгеретініңізге сеніміз мол болсын!

* Ертеңіңізді ойлаңыз.

Егер осылай жалғаса берсе, ертеңіңіздің не боларын елестете аласыз ба? Көзәйнектің арғы жағынан қарауды доғарыңыз. «Ол менің күйеуім, сондықтан, мен не істесем де шыдайды. Ол қаласа да, қаламаса да өмір бойы менімен бірге болуға мәжбүр» деп ойласаңыз қателесесіз. Баламен ұстап қаламын деу де адасу.

Ер адам қай әйелдің жанында өзін жайлы сезінсе, соған ынтық болып тұрады. Сондықтан, күйеуіңізге ұдайы қолайсыздықтар тудырып, оны өзіңізден алыстатып алмаңыз.

* Біртіндеп өз міндетіңізді қолыңызға алыңыз.

Мысалы, мектепте оқитын ұлыңыздан сабағы жайлы сұраңыз, ата-аналар жиналысының қашан болатынын сұраңыз. Білмесе, сынып жетекшісінің нөмірін алып, онымен сөйлесіңіз. Уақытыңыз болғанда арнайы мектепке іздеп барып, ұстазымен көзбе-көз жолығыңыз. Балаңыздың сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы сұраңыз. Бірте-бірте мектеп өмірінің де қыр-сырын ұғасыз, балаңыздың жан-дүниесіне жақын боласыз, оның ұстазымен байланыста боласыз.

* Өзіңізге тоқтау сала біліңіз.

Сіз теледидарда беріліп жатқан қзықты сериалдарды сүйіп тамашалайсыз делік. Демек, сүйікті сериалыңызға дейін бір істі тындырып қояды қолға алыңыз. Егер жоспарланған жұмысыңызды аяқтай алмасаңыз, өзіңізді жазалаңыз және сол күні теледидарға жақындамаңыз, әлеуметтік желіге кірмеңіз.

* Алдыңызға нақты мақсат қойыңыз.

Сол мақсатыңызға жету үшін әр күніңізді жоспарлаңыз. Кішкентай қадам жасасаңыз да алға қарай талпыныңыз. Маңыздысы, бастауда және ниетіңізде!

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:

РАМАЗАН айының әрбір ОТБАСЫНА әкелетін 12 БЕРЕКЕСІ


Бөтен сөзбен БЫЛҒАНса, СӨЗ арасы...