Осы үшеуіне бой алдырмасаңыз, бақытты ғұмыр кешесіз
Неке – шын мәнісінде қасиетті, қадірлі ұғым. Оның аясында ерлі-зайыптылар азаптануға емес, бақытқа бөленуге тиіс. Бірақ неге біз көріп жүрген некелі жарлардың көбісі өзін бақытсыз сезінеді? Бұл дүниеде бар, тірілер қатарында тіршілік еткенмен, өзіндік «МЕНІ» жоққа айналған. Жүзі солғын, өңі өшіңкі. Бұған ең жиі себеп болатын – мына үш нәрсе екен.
1. Ақша жетіспеушілігі
Ақша жетіспеушілігі әрқашан ауыр сынақ. Барлық адам, барлық бизнес, мекеме, т.б. үшін. Соның ішінде әйел мен неке үшін де. Ер адам отбасын, бала-шағасын тоқтықта, жайлылықта әрі қауіпсіздікте өсіруге, олардың дамуына жетерлік ақша таппаса, мұның салмағы бірінші кезекте әйелге түседі. Себебі, ерлер үшін отбасының қарны ашпаса, баспанасы және бір-екі киер киімі болса, соған қанағат.
Ал әйелдер ұл-қызының бүгінімен қатар, болашағын да ойлайды. Мектепке киер бірсыпыра формасы болса, арасында ауыстырып киетін киімдерін де қамдағысы келеді. Балаларының басқалардан кем болмай, уақытында қызық көріп, қыдырғанын, тәтті-дәмділерті татып көргенін, қажет кезде өзін жетілдіргенін қалайды. Бұдан да басқа қалаулары өте көп. Осыған қарап әйелді қанағатсыз деп жатады. Бірақ, бұл шын мәнінде қанағатсыздық емес, сапалы өмірге, бүгінгі күнінен ертеңін жақсырақ етуге ұмтылу. «Ақшаға бақытты сатып ала алмайсың, бірақ бақытқа қол жеткізетін жағдайларды сатып ала аласың» - бұл сөздің мәнісін әйелден артық түсінетін жаратылыс жоқ шығар.
Оның қалауларын іске асыруға күйеуінің қабілеті жетпейтінін білгенде, әйел өзі іске кіріседі. Сондықтан да қазіргі заман әйелдерінің бас-басында бір жұмыс. Көбісі тіпті онымен қатар сауда-саттық жасап, басқа да қосымша табыс көздерін тауып, екі-үш жұмысты қатар алып жүреді. Оған үйдегі шаруасын, басқа да тынымсыз тірлігін қосыңыз.
Осының бәрін қатар алып жүруге барынша тырысқан әйел өзінің ішкі «МЕНІН», өз қалауларын, ерекшеліктері мен артықшылықтарын қалай, қашан жоғалтып алғанын байқамай да қалады.
2. Өзін төмен санау
Өзін-өзі төмен бағалау – бұл некенің білдірмей, баяу, бірақ міндетті түрде бұзатын тағы бір салдары. Өзін-өзі бағалауы төмен әйел әрқашан өзін екінші орынға қойып, күйеуіне өзі үшін барлық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Өзін махаббат пен құрметке лайық емес сезінеді. Бұл тұрақты күйзеліске және өміріне қанағаттанбауға әкеледі. Өз құндылығыңызға сенбеген адам өміріне дұрыс адамдарды тарта алмайды. Нәтижесінде айналасын үстемдік етуші, басынушы адамдармен қоршайды.
Өзін-өзі бағалаудың төмендігіне байланысты ол некеде құндылықты сезінбейді және үнемі кінә мен жеткіліксіздік сезімін бастан кешіреді. Бірте-бірте өзіне қатыстының бәрін өшіріп, басқалардың, әсіресе күйеу мен балаларының шаруасын, қалауын, тілегін, ойын, жоспарын бірінші орынға қояды.
3. Тәуелділік
Некедегі тәуелділік – адамның қарым-қатынаста өзін толығымен жоғалтып, серіктесіне толықтай тәуелді болатын эмоционалдық күйі. Ерлер арасында тәуелділіктің басқа түрлері алдында әлсіздер көп болғанмен, некелік тәуелділікке тап болатындар аз. Көп жағдайда мұндайға әйелдер ұшырайды. Ол өз әлемінің орталысы, алтын кіндігі – күйеуі деп көріп, өз қажеттіліктерін, тілектерін және мүдделерін мүлде ұмытады. Өзінің бақытты болуы күйеуіне тікелей қатысты, толықтай соның қолында деп біледі. Бұл мінез-құлық даралықты жоғалтуға, сондай-ақ эмоционалды және психологиялық күйіп кетуге әкеледі.
Серіктестің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өзіңізді құрбан ету – ешқайда апармайтын жол.
Әрқашан күйеуінің көңілінен шығуға тырысатын, тіпті өз мүдделеріне зиян келтіретін әйелді елестетіп көрейік. Бұл соншалықты қиын болмауға тиіс. Өйткені, айналамызда мұндай кейіпкерлер толып жүр. Ол құрбыларымен кездесуден, хоббилерінен және өз қалауындағы мамандық бойынша мансаптан бас тартады. Бұл үшін оны ешкім мәжбүрлемейді. Өз қалауларынан бас тартуы оған ұнамауы да әбден мүмкін. сол үшін ренжіп,көңілі толмаушылығын білдіріп, күңкілдеп жүреді. Бірақ, сол қадамға өзін мәрбүрлейді, өйткені, мәжбүрмін деп ойлайды. Әйел өзі ойлап тапқан «идеалды әйел» бейнесіне сай өмір сүруге бар күшін салады. Нәтижесінде өзін жоғалтып, «МЕНІН» жоқ қылып, күйзеліске ұшырап, бақытсыз сезінеді.
Мұндай әйелге өзін жоғалтудан көрі, күйеуін жоғалтып алу әлдеқайда қорқынышты.
Осы үш жағдайдың болуына жол бермеңіз немесе өміріңізде орын алса да, бой бермеңіз. Сонда ғана бақытты ғұмыр кешесіз
Аударған: А. Бектұрғанова,