​ТУҒАН БАЛАңыз болса да, орынсыз СЫНАУҒА ҚАҚЫҢЫЗ ЖОҚ

0
3 275

Көңіліне тимейтіндей етіп, тігісін жатқыза сөйлеп үйренген жөн


​ТУҒАН БАЛАңыз болса да, орынсыз СЫНАУҒА ҚАҚЫҢЫЗ ЖОҚ

Ұл-қызыңызға сынды қаншалықты жиі айтасыз және оны қалай жеткізесіз? Осы жағынан өзіңізге есеп бересіз бе?

  • «Жаман болсын демеймін, адам болсын деймін ғой»
  • «Жаным ашығасын айтамын. Мен болмасам, кім айтады»
  • «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» –

қалай болса солай сынап-мінеп, ұрсып алып, артынан өзіңізді осындай сөздермен ақтайсыз ба әлде?


Рас, сын – қуатты қару. Оның көмегімен қисықты түзеп, бұрысты дұрыстауға болады. Оң нәтижеге, жетістікке жетелейсіз. Алайда, көп жағдайда артық қылам деп тыртық қылып жатамыз. Өйткені, орынсыз, жөнсіз айтылған, дұрыс жеткізілмеген сын баланың кежегесінен кейін тартып, сағын сындырады, өзіне деген сенімін жояды.

Орынсыз сын айту, мінін бетіне басу, қатесін әшкерелеу адамдардың арасын алшақтататын, араздыққа себеп болатын жаман қылықтардың бірі. Туған балаңыз болса да, сын айтамын деп мінін теруге, насихат айтамын деп масқаралауға, ақыл айтамын деп жеке басына тіл тигізуге қақыңыз жоқ. Сол себепті балаңызға сын айтқанда, ол ренжімейтіндей, көңіліне тимейтіндей етіп, тігісін жатқыза сөйлеп үйренген жөн.


Жаратылысын емес, жасағанын сынаңыз

Туабітті қасиеттерін, жаратылысын сынамаңыз. Жеке басын қорлайтын сөздерге жол бермеңіз. Іс-әрекеттеріне баға беріп, соған қатысты ғана ойыңызды жеткізуге болады. Мәселен, жайбасар, икемсіз, ұқыпсыз немесе алаңғасар, гипербелсенді, өз ойын тік айтатын, т.б. сізге ұнамайтын мінез-құлқы болуы мүмкін. «Салақ, соқырсың ба, неге қарамайсың, қолың қисық па, сен адам болмайсың, неге өзгермейсің», т.с.с. сансыз негатив сөздерді бетіне басып айтудан өзіңізді тыйыңыз. Түзеткіңіз келсе, балаға «Сен жамансың» деген ойды емес, «Мынауың дұрыс болмады» деген ойды жеткізіңіз. Бала өзінің қай уақытта да жақсы адам екенін, ал әрекеттері мен сөздерінің жақсы не жаман болуы өзіне байланысты екенін ұқсын. Бұрыс әрекеттің салдарын, өзіне қандай зияны барын түсіндіріңіз. Қателік жасау соншалықты қорқынышты емес, тек оны түзеу керегін, одан сабақ алып, қайталамауға тырысуқажет екенін көкейіне қондырыңыз. «Шаруаң уақытылы бітсін десең, кеш қалғың келмесе, тезірек қимылдауды үйренгенің жөн», «Кішкене ұқыптап ұстағаныңда, мына затың тез тозбайтын еді», «Тамағыңды төгіп қойсаң, сүртіп-тазалауға тура келеді. Келесіде жаң-жағыңа алаңдамай, тыныш отырып ішсең, төгіп алмайсың» деген сияқты сөздер орындырақ болмақ. Сонда ғана сын баланы тежемей, алға ұмтылдырады.


Дауыс көтермей, байыппен жеткізіңіз

Дауыс көтеріп, ұрсып жеткізетін болсаңыз, сын айтуыңыз жазалауға айналып кетеді. Осылайша сіз өзіңіздегі жағымсыз эмоциядан арылуыңыз мүмкін. Есесіне, баланың кішкентай ғана әлемін негативпен толтырып тастайсыз. Ары қарай жылау, ренжу, кінәлау, жеккөру, бұзықтық жасау сындылар жалғасын табады. Мұның бірі де сізге керек болмаса, ең басында өзіңізді сабырға шақырып, айтарыңызды жай сөзбен, байыппен жеткізіңіз.


Жұрт көзінен жасырып айтыңыз

Балаға сынды жұрт көзінше емес, оңашада ғана айтыңыз. Дәл қазір қате-кемшілігін түзеу керек болып тұрса, жеке шығарып алыңыз. Әлеуметтік желідегі іс-әрекеті, топ-чаттардағы сөздері көңіліңізден шықпаса, көпшілік оқи алатындай пікір, хабарлама жазудың қаеті жоқ. Жекесіне шығып жазыңыз. Өйткені, қанша жерден жақын болғаныңызбен, көпшілік көзінше айтылған насихат көздегеніне жете алмайды. Керісінше баланы жерге таптағандай блып, жанын жаралайсыз. Нәтижесінде «Мені ұятқа қалдырды» деп ол, «Ел алдында сөзімді жерге қалдырды» деп сіз ренжисіз.


Өткен-кеткенді қозғамаңыз

«Сен ешқашан түзелмейсің! Еш өзгермейсің! Тағы жоғалтып алдың ба? Үнемі осылай? Өткендегің анау...» дегендей сөздермен өткен-кеткендегі қателіктерін қозғай бермеңіз. Мұндай сөздер бала санасында мынадай ойларды тұндырады: «Мен – жаманмын. Ешқашан жақсы болмаймын. Ата-анам мені өзгерте алмай қиналып жатыр. Мені ешкім жақсы көрмейді»... Мұндай ойлар мазалаған бала өспейді, керісінше, өше береді. Болашағына балта шабылады. Осындай ауыр салдарын тартқыңыз келмесе, ойыңызды бір жағдайға ғана қатысты айтыңыз. Қандай қателік жасаса да, оны түзетуге болатынын және болашақта бұл қатені қайталамайтынына сенетініңізді жеткізіңіз. «Келесіде олай жасамауға тырыс. Бұл қатені қаталамайтыныңа сенемін» деген сөздер бойына қанат бітіреді.


Жөн сілтеп, жол көрсетіңіз

Сынап-мінеп, орынсыз іс-әрекеттерін айтып-айтып қоя салмай, жөн сілтеңіз. Жағдайды қалай дұрыстауға болатынын бірге іздеп, жол көрсетіңіз. Балаға керегі – қатесін нұсқап көрсету емес, болдырмаудың амалын айту.


Жеті мақтау – бір сын

Психологтардың пайымынша, бір сыни ескертпеге жеті мақтау сөзден келуге тиіс. Яғни, балаңыздың бір әрекетін сынға алып, оны өзіне айтпас бұрын, кем дегенде жеті жақсы қасиетін, оңды іс-әрекеттерін тізіп алыңыз. Тек олар ойдан құрастырылған емес, шынайы, расында, баланың бойнан табылатындай болсын. Бірнеше позитивті сөз, мақтау айтып, арасында сыни ойыңызды қосып, қатесін түзетудің жолын нұсқап, соңын тағы да мақтаумен қорытындылаңыз. Жақсы көретініңізді, сенім артатыныңызды, қолдап-қорғайтыныңызды айтып аяқтасаңыз да болады. Бастысы, сыни пікірдің негативті әсері қалып қоймауы керек. Сол үшін сынау мен мақтау қашан да қатар жүруі тиіс.


Сын емес, сыйлық ұсыныңыз

Сыйлық – көңілді көтереді, жүректерді жақындастырады. Шын ниетпен сый ұсыну арқылы өзге адамның жүрегін жұмсартып, сізге деген махаббатын ашасыз. Міне, осы сәтті пайдаланып насихат айтсаңыз, сөзіңіз де өтімді болады. Мәселен, балаға бірден «салақсың, ұқыпсызсың» деп ұрыспай, жаңа киім-бұйым әперіп қуантып қойыңыз. Сол сәтте оны, басқа да заттарын күтіп ұстауды, таза сақтауды, ұқыппен қарауды тапсырып қойыңыз. Сөзіңізді екі етпеуге қуана уәде беретініне күмәніңіз болмасын.


Сөзіңізге өзіңіз сай болыңыз

Кішкентай болғанымен, балалар да біраз нәрсе біледі, байқайды. Өзіңіз істей алмайтын нәрсені одан талап етпеңіз. Алдымен өзіңізге, сосын барып балаға үйретіңіз. Айтқан ақылыңызды өзіңіз орындамасаңыз, сын-ескертпелерді өзіңіз елеп-ескермесеңіз, алдында абыройыңыз қалмайды. Сөзіңіздің салмағы, сынның әсері болмайды. Айтқан сөздеріңіз ақылға қонымды, салмақты, айтып тұрған сынның міні өз бойыңыздан табылмауы шарт. Сонда ғана бала алдында абыройыңыз биік болады, сәйкесінше, сыныңыз да жеңіл қабылданады. Ал оны түзегіңіз келіп тұрып, өзіңіз қателікке жол беріп жатсаңыз, бала қабылдай қоймайды, барынша қарсыласып бағады.


Ойға келгенде емес, оңтайлы сәтте

Баланың мінін түзегіңіз келсе, ол немесе өзіңіз негативті эмоция үстінде тұрғанда айтудың пайдасы жоқ. Одан да оңтайлы сәтті күтіңіз. Ата-ана мен бала болып сырласып отырғанда, ұлыңыз не қызыңыз өзі туралы ойыңызды, бағаңызды сұрап қалғанда жеңіл түрде айтып жіберуге болады. Бұл әдіс балаға міндетті түрде ой салады.


Беделді адамды араға салыңыз

«Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген даналықтың шеңбері қыз бен келінмен шектелмейді. Кім-кімге, қай жақынына болса да, тікелей сын айтуды кей жағдайларда құптамай, ортаға басқа бір адамды дәнекер ету дәстүрімізде бар. Себебі кей-кейде ата-ана мен бала арасында реніш туындауы, қарым-қатынастары дұрыс болмай қалуы орын алып тұрады. Ондайда ата-ананың сын пікіріне баланың құлақ аса қоюы екіталай. Сондай сәтте баланың алдында беделі бар, жақсы көретін бір кісіні көмекке шақырып, сынын сол арқылы жеткізгеннің айыбы жоқ.


Ешкіммен салыстырмаңыз

Балаңызға сын айтқанда өзге ешкімнің атын атамаңыз, салыстырмалы дәлел-дәйектерді қолданбаңыз. «Жұрттың баласы, көршінің қызы, өзіңдей жастар, мен сендей кезімде, Пәленше, Түгенше...» дегендерді тоқтатыңыз. Басқаны жоғары көтеріп, оны тұқыртатын мұндай салыстырулар баланың өзіне деген сенімін сейілтіп жібереді. Өзіне сенімсіз, жасқаншақ, жігерсіз, енжар, ынжық адамға айналдырады. Перзентіңіздің мұндай жанға айналғанын қаламасаңыз, өзіне ғана қатысты бағаңызды беріп, пікіріңізді білдіріңіз.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегенді көп айтамыз, жиі алға артамыз. Әйткенмен бұл сынайтын сәт туды деп оңды-солды бастырмалата беруді насихаттамайды. Астарын терең түсінсеңіз, сынды түзу, орынды, дұрыс жеткізгенде ғана ол иесіне әсер етеді, қабылдайды, түзейді деген ой жатыр. Сондықтан, баланы сын арқылы тәрбиелеуде сындырып алмауды ойлап, жөнімен жеткізген абзал.

А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЕР мен ӘЙЕЛ: энергияны кім кімге беруі керек?