УАҚЫТ тез ӨТІП жатыр ма? Ештеңеге ЖЕТКІЗЕ алмайсыз ба?

0
300

«Уақыт жетпейді» мен «уақыт жоқты» жиі айтатындар – тайм-менеджменттің иісі мұрнына бармайтындар


УАҚЫТ тез ӨТІП жатыр ма? Ештеңеге ЖЕТКІЗЕ алмайсыз ба?

«Бұрын уақыт жай өтуші еді, қазір заман өзгерген, уақыт бұрынғыдан жылдам өтеді» дегенге сенетіндердің қатарынансыз ба?

Соңғы кездері айдың аптадай, аптаның күндей-ақ боп зулап жатқанын айтушылар аз емес. «Таң атса – кеш батады, кеш батса – таң атады, уақыт қайда зымырап барады?» деп таңырқаушылар көп. Біреулер «Бүгінгі 24 сағат кешегі 18 сағатқа тең» дейтін дәлелсіз дәйекті алға тартады. Енді бірі дін тұрғысынан қарап, қияметтің жақындауымен байланыстырып әлек.

Қалай дегенде де, әр тәуліктің 24 сағаттан тұратыны, әркімнің сағаты теңдей 12 бөлікке бөлінгені ақиқат. Бәріміздің уақытымыз осы есеппен саналуда. Жер бетіндегі тіршілік иелері үшін физикалық тұрғыда уақыт бірдей өтеді. Ал уақыт бұрынғыдан жылдам сырғитындай көрінсе, бұған тек қабылдаудың өзгеруі себеп.


Адамның уақытты қабылдауы жас қосқан сайын өзгереді. Жыл, апта, күн, тағы басқа өлшемдер әр жаста әртүрлі қабылданады. Мәселен, 5 жасар бала үшін 1 жыл – өте көп уақыт. Өйткені ол осыған дейінгі өмірінің (5 жыл) 20 пайызын құрайды. Ал 50 жастағы адам үшін бір жыл түк емес. Өйткені бұл оның өміріндегі уақыттың 2 пайызы ғана.


Бүгінгі қажеттіліктеріміз бұрынғыдан әлдеқайда көп. Баспана, тұрмыстық техника, әдемі жиһаз, сәнді киім, дәмді ас, қымбат көлік, соңғы үлгідегі смартфон... Тізім өте ұзақ. Соның бәріне қаражат табам деп біраз уақыт жұмсаймыз. Ал қаржыны тауып, қажетімізді алған соң оны пайдалануға тағы да уақыт еншісін бөліп береміз.


Ғаламторға, әлеуметтік желіге келгенде тым жомартпыз. Оларға кеткен уақыт пен ақша шығынын шыбын шаққан құрлы көрмейміз.


Бұрын тым болмағанда бірдеңені күткенде, кезекке тұрғанда іш пысып, уақыт өтпей кететін. Ал қазір ондай сәттерде де уақыттың қалай өткенін сезбей қаламыз. Себебі, қолымызда телефон бар. Бір үңілсең бітті, терең мұхитына сүңгисің де кетесің.

Міне осындай себептермен бүгінгінің адамында «бір грам артық уақыт жоқ».


«Уақыт жетпейді» мен «уақыт жоқты» жиі айтатындар – тайм-менеджменттің иісі мұрнына бармайтындар деуге болады.


Тайм-менеджмент – бұл тек уақытты басқару емес, уақыт кеңістігіндегі өзіңді басқару. Тайм-менеджмен әдіс-тәсілдерін өріміңізге енгізу және оларды іске асыруға дағдылану көбірек жетістіктерге жетуге көмектеседі. Энергия қорының сарқылуының алдын алып, стрессті азайтады.

Тайм-менеджменттің негізгі принциптері

  1. Жоспарлау:
  • Стратегиялық жоспарлау (бір жылға жоспар құру, оны орындау жолындағы тоқсандық және әр айдың жоспарын жасау)
  • Тактикалық жоспарлау (таңертең бүгінгі күннің маңызды шаруаларын жоспарлау, ертеңгі күннің жоспарын құру, бір апталық жоспар жасау)

2.Приоритет қою:

Жоспарлау кезінде тізімдегі шаруалар мен міндеттерге приоритет қою, басқаша айтсақ, басымдығын анықтау өте маңызды. Ол арқылы ең маңызды, ең зәру, тығыз деген шаруалар уақытынан қалмай іске асады. Бұл ретте Эйзенхауер матрицасын басты назарға алуға болады. Ол бойынша шаруаларыңызды мына пункттердің қайсысына сәйкес келеді, соның тұсына жазасыз:

  • Маңызды әрі шұғыл (уақыт шегі белгіленген, белгілі бір уақытта жасалмаса, одан кейін кеш болатын маңызды шаруалар)
  • Алдын алу үшін (мәселен, күнделікті ішетін дәрумендерді алу, фитнеске бару, т.с.с)
  • Маңызды, бірақ шұғыл емес (даму, жаңа білім алу, ақылдасу, жоспарлауға қатысты шаруалар)
  • Мүмкіндігінше уақыт бөлу (хобби, киім, сырт келбетке қатысты)
  • Арнайы уақыт бөлу (отбасы, туыстар, жеке уақыт, даму, т.с.с)
  • Маңызды емес, бірақ шұғыл (біреуге бірнәрсені хабарлау, қоңырау соғу, т.б.)
  • Барынша ықшамдау, азайту (азық-түлік алу, киім-кешек көру, дүкен аралау)
  • Делегация жасау (басқа адам: отбасы мүшелеріне, қызметкерлерге, т.б. тапсыруға болатын шаруалар)
  • Маңызды емес және шұғыл емес (отырыстар, басқосулар, қыдыру)
  • Кейінге қалдыруға болатын шаруалар

3. Жоспарды іске асыру

Жоспарды іске асырудың тиімділігін арттыру үшін тайм-менеджменттің түрлі тәсілдерін қолдануға болады.

«ПОМОДОРРО» әдісі

Қандай да бір тапсырманы орындау алдында 25 минутқа таймер қойыңыз. Бұл үшін кері уақытты есептеу құрылғысы болмаса, ұялы телефондағы оятқыш режимін қолдануға болады. Жұмыс істеп жатқанда өзге ештеңеге көңіл аудармаңыз.

25 минуттан соң дабыл қағылғанда шаруаны тоқтата тұрып, 5 минут демалыңыз. Бұл жұмыстың келесі бөлігінде өнімділікті арттыру үшін керек. сондықтан, демалу уақытын басқа шаруаға арнамай, сапалы тынығыңыз.

5 минут өткесін тағы да 25 минутқа таймер қойып, жан-жағыңызда ештеңеге алаңдамастан, ісіңізді жалғастырыңыз.

Осылайша арсына 5 минуттық үзіліс салған 4 айналымнан кейін өзіңізге 15-30 минуттық ұзақ демалыс беріңіз.


«МЕКТЕПТЕГІДЕЙ»

Жоспарлы істі жүзеге асыру уақытын дәл мектептегі сабақ кестесіндей бөлген жөн. Яғни 40-45 минут жұмыс, 10-15 минут үзіліс. 40-45 минуттық үш жұмыс бөлігінен соң 30 минуттық «үлкен үзіліс». Ең маңызды тапсырмаларды тізімнің бас жағына, яғни «бірінші, екінші, үшінші сабаққа» қойыңыз. Сонда барлық маңызды нәрселерді күннің басында, күш-қуатыңыз толы кезде орындап тастайсыз.


«ШВЕЙЦАР ІРІМШІГІ» техникасы

Алдыңызда ауқымды істі атқару міндеті тұрса, оны бастауға қорқып, қашқақтап жүретініміз бар. (Мәселен, кеңседе архив құжаттарын реттеу.) «Қол бармай тұр» деп уақытты өткізбей, әйтеуір бір жерлерінен бастап, үзіп-жұлып істей беріңіз. (Мәселен, өзіңізге қызық болған немесе оңай көрінген кез келген бумадан бастаңыз.) Кеуек ірімшіктің әр жеріндегі саңылаулар секілді, ауқымды шаруада да тесіктер пайда бола бастайды. (Сізде бірнеше бума құжат реттеліп қойды. Мүмкін, бұл – барлық құжаттың жартысы шығар. Ендеше, жарты іс бітті деген сөз. Қалған екінші жартысына құлшына кірісуге бұл да бір мотивация)

4. Жұмыс сапасын жақсарту

Үнемі «жұмыс сапасын тағы қалай жақсарта аламын?» деген сұраққа жауап іздеу және тапқан жауаптарды тәжірибеде қолдану – тайм-менеджменттің тиімділігін арттырады.

  • Уақыт, энергия, т.б. ресурсыңызды не ұрлап жатқанын анықтаңыз. Күнделікті тамақтану уақытын негізсіз созып жүрген жоқсыз ба? Бос әңгімемен қанша уақытыңыз кетуде? Әлеуметтік желіге қанша сағат жұмсайсыз? Өзіңіздің емес, өзгенің шаруасын атқарып, уақытыңызды текке сарп етіп жатқан жоқсыз ба? Осындай пайдасыз әрі тиімсіз істерді қысқартып, пайдалы нәрсеге жұмсау жолдарын қарастырыңыз.
  • Әр адамның жұмыс өнімділігі тәуліктің 4-5 сағатында ғана жоғары болады. Бұл сағаттар ішкі биоритмге, өмір салтына, отбасылық жағдайларына байланысты тәуліктің әр бөлігінде болып келеді. Біреуге – түнде, біреуге – кешкі, түстен кейін дегендей. Өзіңіздің жұмыс өнімділігі жоғары уақытыңызды анықтаңыз да, маңызды шаруаларды сол уақытқа жоспарлаңыз.
  • Бір мезетте бірнеше міндет арқалаудан аулақ болыңыз. Осылайша бірнеше істі қатар тындыруыңыз мүмкін, бірақ, сапаны төмендетіп аласыз. Әрі өз ресурсыңызды шектен тыс шығындап, бірнеше есе тез шаршайсыз.
  • Бос уақыт қалдырыңыз. Жоспарлау деген – әр минутты міндеттермен толтырып тастау емес. Шаруаларды бір-біріне тығыз жоспарламаңыз, арасына бос уақыт қалдырыңыз. Мәселе сіз ойлағаннан күрделі болып, көбірек уақыт кетуі мүмкін немесе күтпеген жағдайлар орын алады. Сондайда қажетке жаратып жіберетін басы артық жарты не бірер сағатыңыз болсын.


Есіңізде болсын, тайм-менеджмент – әр қадамы сызылып қойған дайын схема емес, жеке дағды. Әр түрлі техникалармен тәжірибе жасай жүріп, өзіңізге тиімдісін таңдаңыз. Ең бастысы – таңдаған әдістерді үнемі және ретті қолдану.

Тайм-менеджмент – тек жоспар құру, кесте сызу, уақытты ғана басқару ғылымы емес. Ол арқылы өз энергияңыз бен басымдықтарыңызды, өміріңізді тиімді басқара аласыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ