​ҰРАТЫН еркектен ӘЙЕЛ неге КЕТЕ АЛМАЙДЫ

0
1 666

Өзіне қол көтерген, қорлаған адамды қалай жақсы көруге болады?


​ҰРАТЫН еркектен ӘЙЕЛ неге КЕТЕ АЛМАЙДЫ

Күйеуінің қандай қорлығы болса да шыдап, жақсы көретін, отбасынан кете алмайтын әйелдер болады. Мұндай қарым-қатынас бір қарағанда мүлде миға сыймайды. Өзіне қол көтерген, қорлаған адамды қалай жақсы көруге болады? Тағы жақсы көргенімен қоймай, өзгелердің алдында күйеуінің барлық әрекетін ақтап, қорғауға тырысады. Зәбір көрушінің мұндай әдеттен тыс әрекеттін психолог мамандар "стокгольм синдромы" дейді.

Тиранды жақсы көруге әйелді не мәжбүрлейді?


Стокгольм синдромының шығу тарихы

Ең алғаш «стокгольм синдромы» 1973 жылы қолданылған. Щвейцариялық банктің бірінде террористтер ұзақ уақыт үш қыз бен бір жігітті кепілде ұстайды. Олар кепілге алған жандарды қорқытып, егер үкімет айтқан сомманы бермейтін болса, өлтіретіндерін айтады. Тек бес күннен кейін полиция жоспар құрып, ғимаратқа кіріп кепілдегілерді босатуға кіріседі. Бірақ кепІлдегі жандар аяқастынан террористерді қорғап, олардың өздеріне ештеңе істемегенін айтады. Тіпті олар сотта да террористер жағына шығып барынша ақтауға тырысады. Үкім шыққаннан кейін оларға амнистия сұрайды. Ал, кепілде болған әйелдің бірі күйеуінен ажырасатынын айтып, өзін бес күн бойы қорлықта ұстаған террористің біріне жазасы аяқталғанға дейін адал болуға уәде береді. Айтқанындай 10 жылдан кейін соған тұрмысқа шығады.

1974 жылы да қоғамды осылай дүр сілкіндірген тағы бір оқиға болады. Террористік ұйым американдық миллиардердің немересін кепілге алады. Қызды екі ай бойы шкаф ішінде ұстайды, тіпті зорлық та жасайды. Алайда, отбасы террористердің бар талабын орындаған кезде қыз үйіне қайтудан бас тартады. Кейін қыз солардың қатарына қосылып, қылмыс әлемінің бір мүшесіне айналады.


Стокгольм синдромының белгілері

Кепілдегі жандардың қисынсыз әрекеттері психолог мамандарды қызықтырып, оны зерттеуге кіріскен. Кейін дәрігерлер мұндай ұзаққа созылған эмоциялық толғаныс жәбірленушінің санасына әсер ететінін және оның агрессорға деген қарым-қатынасын түбегейлі өзгертуге қабілетті екенін дәлелдеген.

Алдымен кепілдегі жандар қорқыныш сезімінде болады, қылмыскерді жек көреді, ал кейін ұнай бастайды. Оған себеп қорлаған жанның өз ісін ақтау үшін айтқан уәжі: ақшадан қиналу, өзге әйелге деген реніш, өкпе, балалық шағының ауыр болуы. Бұл жәбірленушінің аяушылығын тудырып, қорлаған жанды адам ретінде таныдым деген ой түйдіреді. Бірте-бірте бауыр баса бастайды.


Отбасындағы стокгольм синдромы

Бұл синдромның классикалық үлгісі көптеген отбасында көрініс береді. Әйелінің шыдамдылығын, сабырына агрессивті қарым-қатынас көрсететін тиран-күйеулер көп-ақ. Психолог мамандар мұндай күйеуді басқыншы, ал әйелді кепілдегі жанмен теңестіреді. Жәбір көрген әйел күйеуінің ұрып-соққанына, қорқытқанына, айқайына, қорлығына шыдап жүре береді. Оны алдымен өзінің, кейін өзгелердің алдында ақтап, ажырасуға асықпайды. Мұндай әйелдер өздерінің әрекетін былай түсіндіруге тырысады:

  • Күйеуіне қаржылай тәуелді. Өмірі табыс тауып, жұмыс істеп көрмеген, өзімді қалай асыраймын деп қорқады немесе мол ақшаға үйреніп қалған.
  • Айналасындағы жандардың өсегі мен сынынан қорқу.
  • Өз үйінің болмауы. Яғни ажырассам қайда барам деген ой.
  • Балалар толық отбасында өскенін қалайды. Бала үшін өз өмірін құрбан етеді.
  • Психолог мамандар көбіне өзіне сенімсіз, өзін төмен бағалайтын, кем сезінетін қыз-келіншектердің стокгольм синдромының құрбаны болатынын анықтаған.
  • Күйеуінен зәбір көріп жүрген әйел, болып жатқан жағдайды қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Достарының, туыстарының, таныстарының алдында күйеуін жақтайды. Мұндай әйелдер егер қарсыласпасам, үндемесем ұрыс-керіс аз болады деген ережені ұстанады.
  • Қатал күйеу әр әрекетінен кейін әйелінен кешірім сұрап, өкінетінін айтып, қайталамауға ант-су ішеді. Әйел кешіреді, бірақ біраз уақыт өткен соң әрекет қайта қайталанады. Әйелдің осыған еті үйреніп те кетеді, ол ажырасып кетуге, араны үзуге батылы жетпейді. Нәтижесінде күйзеліске түсіп, тіпті суицид жасауға да барады немесе жолдасының тепкісі мен жұдырығынан көз жұмып жатады.


Стокгольм синдромына ұшыраған әйелге көмектесуге бола ма?

Мұндай синдром белгісі бар әйелдер өз әрекетін қалыпты деп санайды. Сондықтан олардың өз бетінше психолог маманға барулары екіталай. Оны тек жақындары, құрбылары үгіттеп баруға көндіре алады. Жағдай тереңдеп, уақыт өткізген сайын психологтар да көмектесе алмай қалуы мүмкін.