"Кринж", "Редфлаг", "Токсик"
көрнекілік үшін сурет: img3.aksam.com.tr
Әр заманның өз үні, болмысы бар. Тіл де соның айнасы. Қоғам өзгерген сайын адамдардың сөйлесу мәнері, ойлау тәсілі, сөздік қоры да жаңарып отырады.
Бұрынғы буын түсіне бермейтін, бірақ қазіргі жастар күнделікті тұрмыста кең қолданатын ерекше сөздер мен тіркестер – заманауи жаргон деп аталады. Әсіресе зумерлер мен альфа ұрпақтың тілі әлеуметтік желілер мен интернет мәдениетінің ықпалымен мүлде жаңа деңгейге көтерілді.
- ЗУМЕРЛЕР - шамамен 1997-2012 жылдар аралығында дүниеге келген ұрпақ.
- АЛЬФАЛАР - 2012 жылдан бері қарай дүниеге келгендер.
Олар сөйлегенде жиі қолданатын "кринж", "жиза", "краш", "редфлаг" сияқты сөздер – жаңа заманның рәмізіне айналғандай. Төменде осындай жастар жаргонына шолу жасап, олардың мағынасын түсіндіріп өтеміз.
Кринж (cringe) – біреудің ол үшін екінші адам ұялатындай ыңғайсыз, орынсыз, ұят іс-әрекеті.
Пикми (pick me) – өзгелерге ұнау үшін, біреудің көңілінен шығу үшін барын салатын, сол үшін өз болмысын өзгертіп жібере алатын адам. Әсіресе басқа жыныстың назарын аударғысы келетіндерге айтылады. Мысалы: «Ол қыз нағыз пикми, үнемі өзін жігіттерге мақтай береді»
Краш (crush) – ұнататын жан, қатты ғашық болып жүрген адам, кумир. Мысалы: «Ол сондай сымбатты, мінсіз, мен үшін краш қой»
Нормис (normie) – ешқандай ерекшелігі жоқ, көпшіліктен дараланбайтын, әдеттегі, қарапайым адам. Трендтен тыс, ерекше қызығушылығы жоқ. Мысалы: «Ол – нағыз нормис, тек классикалық нәрселерді ұнатады»
Трэш (trash) – сапасыз, мағынасыз, «қызық емес, қоқыс, ештеңеге тұрмайды» деген мағынада. Мысалы: «Мына фильм нағыз трэш екен»
Жиза (жизненно) – өмірде жиі кездесетін, өте таныс жағдай. «Бәріңде осылай ғой, иә?» деген мағынаны білдіреді. Мысалы: «Таңертең ұйқыдан тұра алмай, оятқышты қайта-қайта өшіре беремін, жиза ма?»
Редфлаг (red flag) – адам бойындағы өзгелерге зиян келтіруі мүмкін, қауіпті, уайым туғызатын іс-әрекеттері, белгі. Мысалы: «Оның бәріне қызды кінәлай салуы – редфлаг»
Гринфлаг (green flag) – жақсы мінез, сенім артуға болатын қасиет. Мысалы: «Қыз баланың сөзіңді бөлмей тыңдай білуі, кезегін күтіп сөйлеуі – үлкен гринфлаг»
POV (Point of View) – бір нәрсеге өз көзқарасыңды білдіру, жеке тәжірибең, «менің көзіммен қарағанда» деген мағына. Мысалы: «POV: сен сыныпта жалғыз досыңды күтудесің»
База (based) – шындықты тура айтатын, ойын жасырмайтын, тік мінезді адам. «Негізгі, түпкі, ең дұрысы» деген мағына үшін де қолданады. Мысалы: «Осы айтқан сөзің нағыз база!»
Инсайт (insight) – бұрын-соңғы ойыңа кіріп-шықпаған, сананың кенеттен ашылуынан келген тың ой, жаңа түсінік, идея. Мысалы: «Бүгін сабақты тыңдап отырып, бір инсайт келді»
Рофл (rofl) – күлкілі жағдай, әзіл. Ағылшын тіліндегі «rolling on the floor laughing» тіркесінің қысқарған түрі. Қазақша нұсқалары: «Өте күлкілі», «Өліп күлдім, «Әзіл ғой». Мысалы: «Мына видео – нағыз рофл болды!»
Шиппинг (shipping) – екі адамды (нақты немесе ойдан шығарылған) жұптау, жарастыру, олар жұп болып кетсе екен деп тілеу. Мысалы: «Мен оларды шипперлеймін, екеуінен керемет жұп шығатын сияқты»
Рил (real / rill) – шын, рас, жасандылық жоқ деген мағынада. Сондай-ақ кейде «нағыз», «шын көңілден» деген мағынада қолданылады. Мысалы: «Мынау рил мотивация болды»
Токсик (toxic) – «улы» мінезді, жағымсыз, эмоциялық тұрғыдан зиян келтіретін, айналаға негатив тарататын, көңіл-күйді бұзатын адам. Мысалы: «Ол – бәріне сын айтып, ренжіп жүретін токсик»
Флекс (flex) – мақтану, көрсету, «менде бар» деу. «Понт» жаргонының синонимі. Көбіне сән, ақша, жетістік арқылы. Мысалы: «Ол жаңа смартфонын флекс қылып жатыр»
Вайб (vibe) – көңіл-күй, бір нәрсенің атмосферасы. Көп жағдайда жанға жайлы, жақсы эмоция тудырған нәрсеге қатысты айтылады. Мысалы: «Мына дәмхананың вайбы тамаша екен»
Бұл сөздер тек сән үшін емес, заман тынысын, жастардың өзін-өзі білдіру формасын көрсететін құрал. Әр жаргон жаңа ұрпақтың қарым-қатынас стилі, олардың шындығы мен эмоциясын жеткізудің қысқа әрі әсерлі тәсілі. Оларды түсіну жас буынмен де жақын түсінісуге жол ашады.
Дайындаған:: А. МЕЙІРХАНҚЫЗЫ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: