Ғаламторда жаңа түскен келінді терезеден кіргізіп жатқан видеоларды көптеп табуға болады. Ол ырымның мәні неде?
Жақын күндері журналист-сазгер Бекжігіт Сердәлі өзінің фейсбук парақшасында жоғарыда аталған сарындағы видеолардың бірін жүктеп, «Мына келінді есіктен кіргізбей, тесіктен кіргізгені несі екен? Келін есіктен кіріп, тесіктен қашушы еді дегенім ғой... Бұл сұмдық!» деген жазба қалдырды.
Әрине, бұл жазбаға пікір білдіргендердің басым бөлігі бұл ырымға қарсылықтарын білдірген. Дегенмен бізде бұл ырымның мәнін іздеп көргіміз келді...
Келінді терезеден кіргізу қазақтың дәстүрі емес, тек өткен ғасырдан бастап қалыптаса бастаған ырым. Бұл соңғы жылдары қатты белең алып, таныла бастады. Әсіресе батыс өңірінің тұрғындары бұл ырымға сеніп, оны ұстанып жүр. Олардың айтуынша, бір әулетке бір күнде екі келін қатар түскен кезде олардың бірін терезеден кіргізсе, абысындар тату болады.
Сенім бойынша, екі келін де есіктен кірсе бақ біреуіне ауып кетеді де, екінші келін отбасында бақытсыз болуы, соңы тіпті ажырасуға апаруы мүмкін екен. Бұл туралы абайтанушы, отбасылық тренингтер өткізіп жүрген Омар Жәлел бір сөзінде «Менің естуім бойынша, егіздер үйленгенде бірін есіктен, екінші келінді терезеден кіргізеді екен. Қазақта бие екі құлын тапса, біреуін міндетті түрде басқа біреуге беріп жібереді. Әйтпесе екеуі де өліп қалады деп ойлайды. Сол сияқты екі келін түскенде бірін терезеден кіргізу дәстүр емес, ырым» деген ой білдіріпті.
Әуелде қазақ келін түсіргенде оны алдынан күтіп алып, шымылдықпен бет-жүзін көрсетпей жауып, қайынатасының шаңырағына түсіретін болған. Босағадан оң аяқпен аттаған келінге отқа май тамыздырып, тулаққа отырғызған деседі. Ондағысы «От анадан бақ сұрап», иленген тулақтай мінезі биязы болсын дегені екен. Жалпы қазақ тарихы мен дәстүрі туралы кітаптардың қайсысын оқысаңызда «Келінді терезеден кірзігеді» деген тұжырымды таба алмайсыз. Қазақ қыздарының тәрбиешісіне айналған Зейнеп Ахметова да бір сұқбатында «... Бір келінді есіктен, біреуін терезеден түсіріпті. Ол не масқара? Терезеден түсетіндей ол келін ұры ма еді? Мұның бәрі қазіргілердің шығарып алғаны. Әйтпесе, қазақта бұл нәрсе болмаған. Келін табалдырықты аттап кіруі керек. Табалдырықты аттаған кезде үш қайтара сәлем жасайды» деп нақты жауап берген.
Ал бұл ырымға қарапайым қалықтан өзге шариғатта дұрыс қарамайды. Өйткені қасиетті Құранда «Үйлеріңе артқы жағынан кірулерің – жақсылық емес. Есіктен кіріңдер! Алладан қорқыңдар» деген аят бар. Сол себепті қанша келін түссе де, жақсылыққа балап ақ босағасынан аттатқан дұрыс сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
Фото желіден алынды.
Автор: @karashash_esenbay
ERNUR.KZ