Арақ ішіп анасын балағаттаған жігіт сотталмайтын болды

0
1 756

Ішімдік ішкен баласы туған анасына ауыр сөздер айтып, балағаттап тіл тигізген.


Арақ ішіп анасын балағаттаған жігіт сотталмайтын болды

Түркістан облысы, Мақтарал аудандық сотында өз анасын балағаттап жәбір көрсеткен жігіт заң алдында жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Мақтарал ауданының тұрғыны Б.есімді жігіт 11 шілде күні сағат 12-лер шамасында үйіне араққа сылқия тойып келген. Алкогольді ішімдік ішіп мас болған ол туыстарының мазасын алады. Үй жиһаздары мен заттарын бүлдіргенмен қоймай, туған анасына ауыр сөздер айтып, балағаттап тіл тигізеді.

Туған ұлынан сорақылық көрген анасы Н. полицияға шағымданған. Анасының шағымы сотқа өткен.

Арыз бойынша іс Мақтарал аудандық сотында қаралып, сот отырысында Б. кінәсін мойындаған. Шын жүректен өкінетіндігін айтып анасынан кешірім сұраған. Туған перзенті тіл тигізіп балағаттаған анасы Н. сот талқылауы кезінде ұлына кешірім берді. Сотта екі тарап бір-бірімен медиация тәртібімен татуласқанын көрсетіп, істі тоқтатуды сұрап, сотқа жазбаша арыздары мен келісімдерін ұсынған.

"Соттың қаулысымен ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен көзделген Б-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс, Кодекстің 64-бабына сәйкес, құқық бұзушының жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылды", - деп хабарлады Мақтарал аудандық сотының баспасөз қызметі.