Бағдат Мусин іссапармен Түркістанға келді

0
2 841

"Халықты жұмыспен қамту орталығында" қойылған бейнекамералар қызметімен танысты.


Бағдат Мусин іссапармен Түркістанға келді

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин іссапармен Түркістан қаласына келді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шаhар басшысы Рашид Аюпов Түркістан қаласы әкімдігінде орналасқан 109 - Бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен таныстырды. Сонымен қатар, жобалық кеңсе мен "Халықты жұмыспен қамту орталығында" қойылған бейнекамералар қызметі жайлы мәлім етті.

Қазірде 30 мыңға жуық өтінім келіп түскен орталықта операторлар әдеттегіше тәулік бойы жұмыс істеуде. Барлық әлеуметтік желідегі өтінімдер мен тегін қоңырау шалу мүмкіндігі қарастырылған 109 нөмірі арқылы тіркеліп алынуда. Және ең көп жіберілетін сауалдар инфрақұрылым саласын құрайды. Министр тұрғындармен ашық жұмыс істеудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, халықпен жұмыс жасауда бірге шешілетін жобаларда құпия болмас үшін, әрдайым кері байланыс жасап, ашықтықты қамтамасыз етудің тиімділігіне тоқталды. Сонымен қатар, облыс бойынша жүйені жандандыру қажеттігін айтты. Яғни, тұрғындар түрлі мәселесі бойынша қайда хабарласатынын білмейтінін, бұл бойынша тұрғындардан біршама сауал түскенін де айта өтті. Бұл мәселе бойынша Рашид Абатұлы облыс әкімі тапсырмасымен жүйені өңірдің аудан-қалаларында жаңғырту бойынша биыл жұмыстар жүргізілу жоспарланып жатқанын хабардар етті.

Бағдат Батырбекұлы орталық ішінде операторлардың тұрғындармен тілдесу барысын, көше бойларында ілінген бейнекамералар және әкімдік тарапынан іске асып жатқан "Жобалық кеңсе" бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Шаhардағы барша нысандардың уақытылы аяқталуын енді қала тұрғындары тікелей бақылай алады. Бұл мердігерлік мекемелердің жұмысқа деген жауаптылығы мен келісім-шартқа сәйкес қызмет ету барысын нақтылай түсуге септігін береді. Нәтижесінде, алдағы уақытта жобалардың компанияларға сенім білдіріп, сеніп тапсыруға болатындығына көз жеткізуге болады. Оған өз кезегінде қала тұрғындары да атсалысатын болады. #АшықӘкімдік жүйесі аясында қолға алынатын жаңа жоба 109 - Бірыңғай байланыс орталығында жаңа бөлім ретінде ашылып, "Amazing Turkistan” қосымшасы арқылы да көрсету жоспарлануда. Жуық арада жоба жұмысын бастайтын болады.