Белгілі қаламгер Талғат Орманов дүниеден озды

0
2 015

Оңтүстік өңіріндегі баспасөз саласының дамуы жолында өз үлесін қосқан ардақты азамат.


Белгілі қаламгер Талғат Орманов дүниеден озды

ERNUR.KZ. Белгілі қаламгер, журналист, "Дөңгеленген дүние" газетінің негізін қалаушы әрі Бас редакторы Талғат Орманов 60 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Қаламы қуатты қаламгер Талғат Орманов 1961 жылы 11 сәуірде Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Ол Оңтүстік өңіріндегі баспасөз саласының дамуы жолында өз үлесін қосқан ардақты азамат.

Талғат Орманов 1990 жылдары Ордабасы, Бәйдібек, Созақ ауданында тұрған көзі қарақты көрерменнің жадында жақсы сақталса керек. Өйткені, Тәкең байыпты қадамын облыстық телеарнаның аталмыш аудандарындағы меншікті тілшісі болып бастаған. Сол жылдары үш ауданнан хабар таратып, жаңалықтың жаршысы болды. Қарапайым бұқараның қалың мұңын жоғарыдағыларға жеткізіп, біраз мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Сондай-ақ, Талғат Орманов журналистік қызметі кезінде көптеген өткір мәселені көтеріп, оның шешімін табуына атсалысты. Атап айтқанда, меншікті тілші болған жылдар ішінде Ордабасы, Бәйдібек, Созақ аудандарындағы тарихи жерлерге түсірілім жасап, қасиетті мекендердінасихаттады. Оның түсірген кадрлары кейін республикалық, «Хабар», «Қазақстан» арналарында көрсетілді. Қиын-қыстау сәтте тілшілік қызметін үлкен абыроймен атқарған журналистика майталманы кейінгі жылдары республикалық "Дөңгеленген дүние" газетінің бас редакторы болды. Мұнда да қаламгер қазақы салттың салтанат құрып, қасиетті орындардың насихатталуына тер төкті.

Кең пейілді, аңқылдаған Тәкеңнің журналистика саласындағы атқарған еңбегі елеулі. Ақындығы да бөлек еді. Оның қасиетті сөз өнеріне деген құрметі, өз кәсібіне деген жауапкершілігі, жанкештілігі – журналистика деген жүгі ауыр саланы таңдаған жастарға үлгі. Амал нешік, сұм ажал ақжүрек азаматтың өмір жолын ерте кесті. Біз, осы азалы сәтте марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айта отырып, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз.