Кәсіпкерлер құны 25 млн. теңге болатын дәрі-дәрмекті тегін ұсынды

0
1 099

Ауруханаларда жатқан аурулар 100 пайыз тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған.


Кәсіпкерлер құны 25 млн. теңге болатын дәрі-дәрмекті тегін ұсынды

Кәсіпкерлер Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде тегін дәрі-дәрмектерін ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Дәрілік препараттардың жалпы құны 25 млн. теңгені құраған. Бұл туралы төтенше жағдайдың зардаптарын жою штабында Түркістан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Қазіргі таңда «Еврофарма», «Зерде», «№5 аптека», «Экофарма», «Асылфарм», «Мұратфарм» мекемелері дәрі-дәрмектерін тегін беріп, қайырымды іс жасап отыр. Бұл негізінен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған түрлі препараттар. Дәрілер Арыс қаласында орын алған жарылыстан зардап шекен азаматтарға емдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ауруханалар мен эвакуацияланған пунктерге жеткізілді», – деді Нұрбек Нышанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді. Оның сөзінше, ауруханаларда жатқан аурулар 100 пайыз тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған.