Бүгінде ол бірнеше кәсіпті жүргізіп отырған іскер ана.
Түркістан облысында 18 баланы бауырына басқан батыр ана тұрады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Түймегүл Ердешқызы 18 баланы бауырына басқан батыр ана. Ол ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды қанатының астына алып, оларға ана бола білген. Батыр ана жастайынан өз өмірін отбасы жылуынан айырылған балалардың болашағына арнап келеді. Барлық баланы сәби шағынан бауырына басып, оларды тәрбиелеп, білім беріп, үлкен өмірге қанат қақтырған. Ол аналық мейірімнің, адамгершіліктің, табандылықтың жарқын үлгісі ретінде көпшілікке танылып жүр.
Ерекшелігі - Түймегүл Ердешқызының шаңырағында өзге этностың балалары да қазақи тәрбие алып, өсіп жатқандығы.
"Біздің отбасымызда қазақ, өзбек, орыс, кәріс балалары да бар. Балаларымның ешбірін бөліп жармаймын. Барлығы маған бірдей. Әрбірінің бойынан қазақтың ұлттық тәрбиесі көрініп, отбасын, елін, жерін, Отанын құрметтеп тұрса, маған осы үлкен бақыт", – дейді ардақты ана.
Бүгінде ол бірнеше кәсіпті жүргізіп отырған іскер ана. Балаларын да кішкентай күнінен еңбекке баулып, өсіріп келеді.


