Әрбір ауылдық округтің экономикалық тұрғыдан даму бағдарламасы әзірленбек.
фото: kaznaru.edu.kz
Еліміздің 17 өңірінде ауыл әкімдерін оқыту жұмысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2025 жылдың 17 ақпанынан бастап еліміздің 17 өңірінде ауылдық округтердің әкімдерін бірнеше сала бойынша оқыту жұмыстары басталды. Аталған оқу бағдарламасы 240 сағат бойы жүргізіледі. Оның 100 сағаты ауылдық округтердегі скрининг және мамандандыру, жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) тауарлық қуатын анықтау, ЖҚШ өнімдерін өңдеу және сертификаттау, өнімдерді сату бағыттарына арналған. Сонымен қатар, әкімдер ауыл тұрғындарының табысын көбейту және салықтық база бойынша білім алады. Білім беру қорытындысы бойынша әрбір ауылдық округтің экономикалық тұрғыдан даму бағдарламасы әзірленбек.
Ұйымдастырушыларды мәліметіне сүйенсек, 3 кезең, 6 оқу модулі аясында өтетін оқыту бағдарламасына 2000 әкім қатысады. Оқыту ауылдық аймақтардың экономикасын дамытудың шешуші аспектілерін, оның ішінде маркетингтік зерттеулер, кооперациялық жобаларды әзірлеу және шикізатты өңдеу мүмкіндіктері секілді экономикалық факторларды да қамтиды. Әкімдер «AMANAT» партиясының лекторларымен бірге скринингтік мәліметтерді ескере отырып, экономикалық көрсеткіштерді көтеруге арналған 3-5 жылдық бағдарлама дайындайды. Білім беру үрдісінің әрбір кезеңінде әкімдер «AMANAT» партиясы лекторларының тұрақты бақылауы және сүйемелдеуімен онлайн практикумдар шеңберінде үй тапсырмаларын орындайды.
Жалпы, «Әкімдер мектебі» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған. Атап айтқанда, 2025 жылдың 28 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент: «Әкiмдердi тiкелей сайлаудың енгiзiлуi мемлекеттiк қызметшiлердiң жаңа санаты – сайланған басқарушылардың пайда болуына әкелдi» деген болатын. Яғни, бүгінде ауыл әкімі лауазымына бұрын-соңды мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істемегендер да сайланып жатқандықтан, оларды оқыту мәселесі өзекті болып отыр. Сол себепті Мемлекет басшысы Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды тапсырған. Оған қоса, бұл бағыттағы жұмыстарды бұрыннан атқарып келе жатқан «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескеру қажеттігін айтқан болатын.
«Ел Президентінің бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында барлық ауылдық округтің әкімін халық сайлайды. Олардың арнайы мандаты бар. Оған қоса сайлаушылар алдында да үлкен жауапкершілік арқалайды. Әкімдердің көпшілігі «AMANAT» партиясының өкілдері екендігін ескерсек, біз олардың нәтижелі жұмыс істеуіне мүдделіміз. Халық тағайындалған әкімдер мен сайланған әкімдердің айырмашылығын көруі керек. Сондықтан партия әкімдердің экономикалық білімін жетілдіретін және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал ететін оқу модульдерін әзірледі», – дейді ұйымдастырушылар.