ҚР Денсаулық сақтау министрі Түркістанға келді

0
712

630 орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылыс жұмыстарымен танысты.


ҚР Денсаулық сақтау министрі Түркістанға келді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Түркістан облысындағы бірқатар емдеу мекемелерін аралады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Түркістан облысына арнайы іс – сапармен келді. Аталған іс-сапар барысында министр облыс орталығында салынып жатқан 630 орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Атап өтсек, бұл ауруханада 16 ота жасау бөлмесі, 13 жоспарлы және 3 жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері болады. Қазіргі уақытта аурухананың монолитты іргетасы құйылып жатыр.

Айта кетейік, бұл нысан 2023 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Келешекте бұл ауруханаға 1500 маман жұмысқа тартылады.

Сондай-ақ, министр қалалық орталық емханада болып, ондағы жұмыс барысын бақылады. Емхана бір ауысымда 500 келушіге лайықталған. 900 - ден астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында 18 мобильді топ құрылған. Емхананың базасында сондай-ақ, індетті анықтайтын вирусологиялық зертханасы бар. Осы күнге дейін 40 мыңға жуық азаматтан сынама алынған. Емдеу мекемесі барлық қажетті медициналық құрал—жабдықтармен де толық қамтамасыз етілген.

Жергілікті медицина қызметкерлерімен кездесіп, жағдайларымен танысқан еліміздің бас дәрігері өңірдегі емдеу мекемелерінің қызметіне оң бағасын берді.

"ҚР Президенті халыққа жолдауында алғашқы медициналық көмекті дамытуға аса мән берді. Түркістан облысында бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қалалық емхана қызметкерлерінің коронавирус инфекциясы белең ала қалған жағдайда екінші толқынға дайындығы жоғары деңгейде екендігін де байқадық. Емдеу мекемесі барлық медициналық қажеттіліктермен және жедел—жәрдем көліктерімен қамтамасыз етілген", -деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, министр өз сөзінде, облыста тұмауға қарсы екпе егуге дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Өңірге бұл мақсатта вакцинаның бірінші партиясы жеткізілген. Осы айдың 15-нен бастап егу жұмыстары басталады.

Денсаулық сақтау министрі сапар соңында Түркістан қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан модульді жұқпалы аурулар ауруханасында да болды. Емдеу мекемесі 200 төсек—орынға есептелген. Нысанның құрылысы жоспарланған аймақта барлық қажетті инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымы бар.