Жиында қыс маусымында облыс тұрғындарын, мекемелерді үздіксіз табиғи газбен, жылумен, электр қуатымен қамту және қауіпсіздік іс-шараларының орындалуы туралы мәселелер талқыланды.
Түркістан облысы Түркістан қаласында облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі департаменттің тіл және ақпарат тобының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар комиссиясының отырысы облыс әкімінің орынбасары Е.Садырдың төрағалығымен өтті. Күн тәртібінде Түркістан облысының азаматтық қорғау қызметтері мен күштерінің 2018 жылғы қыс маусымына дайындығы мен облыс аумағындағы республикалық, автокөлік жолдарында 2018-2019 жылғы қыс мезгілінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, қыс маусымында облыс тұрғындарын, мекемелерді үздіксіз табиғи газбен, жылумен, электр қуатымен қамту және қауіпсіздік іс-шараларының орындалуы туралы мәселелер қаралды. Ссонымен қатар «2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені» Жол картасын іске асырылуы талқыланды.
Баяндамашы болып ТЖ Департаменті бастығының орынбасары подполковник Р. Усербаев сөз сөйледі. Өз сөзінде ол ТЖ қызметкерлері, құтқарушылар өткен қысқы кезең барысында кездесетін проблемалық мәселелерді айтып, оларды шешу бойынша ұсыныстар енгізді. Облыс әкімінің орынбасары әр түрлі ТЖ кезінде облыс тұрғындарын уақытылы ақпараттандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.
Комиссия жұмысы жергілікті атқарушы және аумақтық уәкілетті органдардың бірлескен жұмысының тиімділігін көрсетті, ол төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл инфрақұрылымын жақсарту бойынша жоспарлы жұмысты тиісті түрде қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, отырыста қыс мезгілінде азаматтардың қауіпсіздігі және жеке қауіпсіздіктің қарапайым шараларын сақтау мәселелері талқыланды. Автомобиль жолдарында қозғалысты шектеу туралы хабарлама алған кезде жолға шығу тәуекеліне жол бермеу ескертілді.