Қонақтар ұлттық тағамдардың ерекше дәмін татып, дәстүрлі киімдер мен қолөнер бұйымдарын тамашалады.
Халықаралық көрмеде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өткен «China International Import Expo» көрмесінде Түркістан облысының туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылып, әлемдік қауымдастықтың назарын аударды.
Түркістан облысының Туризм басқармасы мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері аймақтың бай мұраларын, табиғи сұлулығын және заманауи даму мүмкіндіктерін таныстырды. Облыстың туристік әлеуеті, гастрономиялық туризм, этнотуризм және экотуризм бағыттары туралы кеңінен мәліметтер ұсынылды. Қонақтар ұлттық тағамдардың ерекше дәмін татып, дәстүрлі киімдер мен қолөнер бұйымдарын тамашалады.
Көрмеге арнайы келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов ұсынылған туристік бағыттармен танысып, Түркістан облысының туристік әлеуетінің дамуын жоғары бағалады. Ол өңірдің халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар көрме аясында «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы мен Бахрейн Әмірлігінің «Export Bahrain» компаниясы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісімшарт жасалды. Бұл келісім екіжақты серіктестікті нығайтып, Түркістан облысының туристік және экспорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.